Елордада өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің VI саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Астанада Жастар кеңесінің мұрындық болуымен ел көшбасшыларының кездесуін өткізуді ұсынды. Бұл – қолдауға тұрарлық өзекті бастама.
Өйткені тәжірибе алмасу үшін волонтерлік қозғалыс жетекшілерінің басқосуы қай елге де болмасын пайдалы болмақ. Естеріңізде болса, өткен жылы «Асыл жүрек» республикалық еріктілер слеті ұйымдастырылды. Президенттің келер жылы Астанада АӨСШК елдері еріктілер қозғалыстары жетекшілерінің жиынын өткізу ұсынысы осы тұрғыдан алып қарағанда өте жақсы идея. Себебі соңғы бірнеше жылда елімізде волонтерлік жобалар мен ұйымдардың саны көбейгенін көріп отырмыз. Халықтың волонтерлік қозғалыстарға қатысуы күн сайын артып келеді. Еріктілер тек жастардан ғана құралмайды, мысалы, студенттер немесе оқушылар ғана емес, сонымен қатар орта жастан асқан қазақстандықтар да волонтерлер құрамында жүр.
Әлемнің әртүрлі елдеріндегі волонтерлік қозғалыстардың өзіндік ерекшеліктері, өзіндік тәжірибесі және қалыптасу тарихы бар. Қозғалыс жетекшілері өз тәжірибелерімен, жұмыс нәтижелерімен бөлісетін осындай халықаралық деңгейдегі басқосудың өткізілуі тиімді болмақ. Еріктілер қабілеттерін арттыру үшін шеберлік сабақтарына, тренингтерге қатыса алады.
Мемлекет басшысы ұсынған еріктілер тобы қазақстандықтардың азаматтық белсенділігін дамытуға, ел тұрғындары үшін игі және пайдалы істерді жасау дәстүрге айналуы үшін пайдалы болмақ. Пандемия кезінде қазақстандық волонтерлердің көмекке мұқтаж жандарға қалай қолұшын созып, қолдау көрсеткенін көрдік, бұл бәріне үлгі боларлық қасиет. Осы тұрғыдан алып қарағанда еріктілер қозғалысы көшбасшыларының кездесуі азаматтық белсенділікті арттырады деп сеніммен айта аламын.
Регина АЮПОВА,
Қоғамды жаңғыртуды әлеуметтік зерттеу орталығының қызметкері