Сырдағы қалалар мен елді мекендерді газдандыру бағытында біршама шаруаның басы қайырылды. Бүгінде аймақтағы орталықпен қатар «көгілдір отын» тұтынып отырған ауылдар да көбейген.
Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамту мәселесі қаралып, еңбек нарығындағы ахуалды баяндаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова тұрақты жұмыс орындарын құру көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы аймақтар арасында үздіктер қатарында екенін жеткізді.
«Қызылорда облысының өте жақсы нәтижеге қол жеткізгенін атап өткен жөн. Қызылорда облысындағы ең жоғары көрсеткіш – 88%, оның ішінде 84 пайызы зейнетақы аударымымен расталған», деді министр.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа онлайн режімде осы бағытта атқарылған жұмыстар ретін баяндап, биыл өңірде 30 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құру жоспарланғанын, бүгінде 21,8 мың жаңа жұмыс орны ашылғанын мәлімдеді.
– Ұлттық жобалар шеңберінде 3,2 мың адам жұмысқа орналастырылып, олардың зейнетақы аударымдары 84 пайызды құрады. «Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасына» қатысушылар саны – 41,2 мың адам. Оның ішінде 9,2 мыңы – бос жұмыс орнына, 12,9 мыңы субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылды. 2,3 мың тұрғын қайтарымсыз грант алып, жеке кәсібін ашты. Қалған 16,8 мыңы онлайн курстар мен қысқамерзімді оқу курстарына жолданған.
Мемлекет басшысының жыл сайын 10 мың адамға шаққанда кемінде 100 жұмыс орнын құру тапсырмасына сәйкес биыл облыста 4 587 жұмыс орнын құру жоспарланған. Тоғыз ай қорытындысында бұл 5 691-ге жетіп, көрсеткіш 124,1 пайызға орындалып отыр, – деді Н.Нәлібаев.
Сондай-ақ 100 мың жасты жұмыспен қамту тапсырмасына сәйкес келесі жылы аймақта 6 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде 3 мың азамат бос жұмыс орындарына барса, 3 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылады. Бұл жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін 3,9 пайызға төмендетеді.
Аймақта жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыспен қамту, қысқартудың алдын алу және жалақы көлемін 50%-ға дейін арттыру бағытында 52 ірі және орта кәсіпорынмен меморандум жасалған.
Облыс әкімі халықтың әл-ауқатын көтеру, тұрмыс сапасын жақсарту басты міндет екенін атап өтіп, оның орындалуы тұрақты бақылауда болатындығын жеткізді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, аудандар мен Қызылорда қаласының әкімдеріне жоспарды орындау үшін нақты тапсырмалар берілді.