• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 16 Қазан, 2022

Тасқа таңбаланған тағылым

433 рет
көрсетілді

Астанадағы Қаныш Сәтбаев ескерткішінің айналасына «Ұлылар сөзі» атты гранит сынтастар композициясы қойылды. Даналар сөзі даланың балбалдарындай Қаныш Сәтбаевтың ескерткішін айналдыра қаумалап тұр. Ғұлама ғалымның өзі Сәтбаев көшесін бетке алып, әлгі сөздер оған жол ашып тұрғандай әсерге қалдырады. Ал оның ескерткішіне жазылған «Менің халқым менен де биік» деген сөзі Қазақ пен Қаныш есімін мәңгі өлмес болашаққа алып бара жатқандай.

«Халықаралық Сәтбаев қоры­ның» қамқоршылар кеңесінің ұйыт­қы бо­луы­мен өткен іс-шараға қоғам қай­раткерлері мен зиялы қауым өкіл­дері, Пар­ламент Сенатының депутаттары, ғұлама ғалым­ның ұрпақтары, Астана қалалық мәс­лихаты мен қалалық әкімдік өкілдері қатысты. Алғашқы сөзді Парламент Сенатының депутаты, «Халықаралық Сәтбаев қорының» қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы сөйледі:

«Қаныш Имантайұлының ес­керт­кіші былтыр ашылғанын біле­сіздер. Пандемияға байланысты ашы­лу салтанатын кең көлемде өткі­зуге шектеу болды. Сол кезде толы­ғы­нан ашылмаған ескерткіштің тұжы­рымдамасын толыққанды кешен ету үшін маңайын мағыналы сөздер жа­зылған гранит тастармен көмкеру көзделді. Бүгін қойылған 4 тастың біріншісіне Қаныш Имантайұлының өз сөзі, заңғар ғұламалар Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Шапық Шөкиннің сөздері, мемлекет және қоғам қайрат­керлері Нұртас Оңдасынов, академиктер Евней Бөкетов, Өмірбек Жол­дасбеков сөздері, төртіншісіне ақын-жазушылар Кәкімбек Салықов, Медеу Сәрсеке, Несіпбек Айтұлының жалынды сөздері мен өлең мәтіндері жазылған», деді Алтынбек Нұхұлы.

12 сәуір – Қаныш Сәтбаевтың туған күні күн­тізбеге Ғылым күні ре­тінде енгізілгені баршаға бел­гілі шы­ғар. Оны бекіттіруге негіз бол­ған Бақытжан Жұмағұлов та Қа­ныш Имантайұлының Қазақстан ғылы­мын қалыптастырудағы ерен ең­бегіне тоқталып өтті. Сонымен қа­тар Ғылым және жоғары білім ми­нистрінің құттықтау хатын оның орын­­басары Қ.Ерғалиев оқып берді. Сенатор Алтынбек Нұхұлы келешекте ескерткіш алдынан субұрқақ ашылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар Қаныш Сәтбаев ескерткішінің авторлары Асқар Нартов пен Саматбек Бөкебай есімдерін құрметпен атады.

Мұхтар Әуезовтің мұнда жазылған сөзінде: «Қаныштың бір үлкен ерек­шелігі – ол химикпен де, биологпен де, физикпен де және тарихшымен де, филологпен де өздерінің ғылыми тілдерінде сөйлесе біледі. Жан-жақты ғалым, тынымсыз ізденгіш Қаныш ға­лымдар үшін нағыз ұстаз, барлық жағы­нан үлгі-өнеге», депті. Осыған орай­лас Халық қаһарманы, академик Шапық Шөкин­нің мына бір сөзі кел­тірілген: «Син­­тезге бейім ойшылдар өте сирек туады. Синте­тикалық ин­тел­лект иесі атанған ғалым­дар кеңі­нен танымал: Леонардо да Вин­чи, Эйн­штейн, Андрей Сахаров... олар қан­дай іске кіріссе де, жан-жақты дана бо­л­ды. Осындай ақыл жүйесіндегі ерек­ше ойшылдардың қатарына мен ба­тыл түрде Қаныш Сәтбаевты қоса­мын», дегенін ұр­пақ жаттап өсуі үшін қойылған сынтастар­дың мән-маңызы айтпаса да түсінікті деп білеміз.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық уни­вер­ситетінің ректоры Ерлан Сыдықов пен Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы да жүрекжарды лебіз­дерін ортаға салды. Мұнда Қанышқа арнап поэ­ма жазған ақынның шумақтары жа­зыл­ған. Сөзімізді сондағы шумақ­пен қоры­тамыз:

«Болмысы сүттен таза,

нұрдан жарық,

Бақытты Сәтбаевты туған халық.

Атасы сол деп қазақ ғылымының

Айтады сұрасаң да кімнен барып».