• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 17 Қазан, 2022

«Мария жартасы»

493 рет
көрсетілді

Бетін балдыр басқан көлдің өр жағындағы жақпар тасты шыңнан нәп-нәзік қыз мүсіні етекке көз тастайды. Қараңыз, мүсінші кейіпкердің жан дүниесіне үңіліп барып соққаны сезіледі. Шемонаиханың шет жағындағы бұл биікті халық «Марьин утес» атап кеткелі қашан?! Қазақшаласақ, «Мария жартасы». Мұңға батып, тас мүсін болып тұрған ол қыз кім дейсіз ғой...

Шекара шебінде жатқан Шемонаиха ауданы облыс орталығынан онша қашық болмағанымен, көлігіміздің дөңгелегі тие бермейді екен. Оған себеп – жалқы; қазақ аз, қазақ аз болған соң қалам ұшына ілінетін тақырып та тапшы деген ой. Әнеугүні ғой, өз өңірімізді өгейсіткеніміз жарамас деп, Үбі өзенінің аңғарын аралағанбыз. Түйгенім бе, әдетім бе, әйтеуір ауданды тани түсу үшін алдымен аудан орталығындағы өлкетану музейіне әдейілеп бұрыламын. Көкірегі ояу көнекөз қариялар кездессе, тілдесуге тырысамын. Тарихтан тарта татымды әңгіме айта қалса, қағазға түртіп аламын, болмаса, диктофонға басамын. 

Бел-белесті асып, зытып келеміз. Жолдың жан-жағы құрақ-құрақ егін, шабындық. Арагідік омарташылардың фазендасы қарауытады. Шыбық шан­шысаң тал, гүлін тартсаң бал, түгін тартсаң май шығатын өңір қайсы десе, іркілместен Шемонаиха деуге әбден болады екен. Ол аз десеңіз, жерінің асты қабат-қабат алтын, мыс, қорғасын... ХVIII ғасырдан бері бұл ауданда қазба жұмыстары бір тоқтамаған. Бақуатты аудан. Қазынаның қазанынан гөрі кәсіпкерлері, шаруалары бақуатты ма деймін. Ауданның қазынасы бай болса, Ресейдің шекарасына дейінгі күре жолы мұншалықты қырық жамау болмас еді. Елеусіздеу аудан болған соң басшылар да мойын бұра бермейтін сияқты.

«Мария жартасының» иек тұсын­да­ғы тұраққа жетіп, аялдағанбыз. Оң қолмен күнді көлегейлей шың ба­сын­да­ғы ес­керткішке көз жіберіп едім, қыз бей­несінен рас, мұң, зар, трагедия сезіледі. Оқыдыңыз ба, білмеймін, бұл мүсін шемонаихалық жазушы Анатолий Ивановтың «Тени исчезают в полдень» романындағы кейіпкер – Мария Воронованың тағдырына орайластырып қойылған. Әуелде дәл осы тұста кулактар Мария дей-тұғын шынашақтай қызды ұрып өлтіріп, құздан құлатып жіберген деп ойлайтынбыз. Ойлаған емес, солай деп естігенбіз. Сөйтсек, Марияның тағдыры арқылы жазушы сол замандағы Шемонаиханың қойын-қуысын мекен етіп жатқан халықтың тіршілігін,  революцияны, коллективтендіруді, Ұлы Отан соғы­сының басталуын көрсеткісі келген екен. Әйтпесе, өмірде Мария деген қыз болмаған. Жазушының ой-қиялы ғана. 1970-жылдары бұл романның желісімен түсірілген толық метражды алғашқы телесериал көпшілікті көгілдір экранның алдына ұйытқан.  Бірден айтайық, романдағы шытырман оқиға Шемонаиха өңірінде орын алғанымен, сериал Ресейдің Орал тауларында тү­сі­ріл­ген. Романдағы Шантара деген ауылы осы – Шемонаиха. 

Байқаймын, жергілікті елдің жазушы А.Ивановқа деген құрметтері ерек. Шемонаиханың орталық көшелерінің біріне жазушы есімін берсе, орталық саябаққа кеуде мүсінін орнатыпты. Жазушы тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақтасын да шегелеп қойған. Иә, аудан мүсіннен кенде емес. Саябақ ішінде тыл еңбеккерлеріне арналған ескерткіш те елдің суретке түсетін орны­­на айналған. Бәрінен де орталықтағы Бауыржан Момышұлының кеуде мүсіні көзге оттай басылды.

Шемонаиханы шарлап келіп, аудан­­ның кешегісі мен бүгіні топтас­ты­рыл­ған өлкетану музейінің алдына келіп тоқтадық. Бізді күтіп тұрған музей меңгерушісі Наталья Дубинчик әңгімесін тарихтан тарта бастады. Әуелі шекараның арғы бетіндегі Змеиногорск қаласы болыстық бас­қарудың орталығы болғанын айтты. Біз бас сұққан музей ғимараты заманында ауданды басқарушылар үшін салынған екен. Қазіргі тілмен түсіндірсек, әкімдік. Ал репрессия жылдары дәл осы ғимаратта ату, асу бұйрықтары орындалыпты. Турасын айт­қанда, қаншама жазықсыздың қаны сің­ген шаңырақ. Одан бері ғасырға жуық уақыт өтсе де, еңселі ғимарат ең­­сені басты. Кіреберісінде көненің кө­зін­дей болып, болыстық басқарудың құжаттары, мөрі сақталған ескі сейф тұр. Төріндегі шемонаихалық суретші Борис Морозовтың монументалды кескіндемесіне көз тоқтатпай өтпедік. Сөйтсек, Б.Морозов Францияда өткен байқауларда топ жарып, шетел­дік суретшілердің қошеметіне бірнеше рет ие болған екен. Үбінің жағасын­дағы қылқалам шебері Луврды мойын­датқанын кім білген?!  

– Алғашында соғыс пен еңбек ардагерлеріне арналған мұражай жасаймыз ба дегенбіз. Жылдар бойы жәдігерлерді жинай жүріп, өлкетану музейіне айналдырдық. Ғимарат тарлық еткен соң, 1987 жылы жапсыра тағы бір ғимарат соқтық. Алғашында болыстық басқару үйі болды, одан халық үйі деді. Кейін мектеп болып ашылды. Айтқандай, жазушы Анатолий Иванов осында оқыған, – деп мақтаныштарына айналған жазушының өмірбаянынан сыр шертті Наталья Георгиевна.

Қаламгерге арналған бөлмеден бә­лендей құнды жәдігер байқамадық. Орындықтың иығында ілулі тұрған костюм ғана А.Ивановқа тиесілі бол­ған екен. Басқасы фотосуреттер, жазу­шының кітаптары... Иә, Анатолий оқыған сыныптың сарғайған журналы музей сөресінен орын алыпты. Басқасын білмедім, төрде тұрған көне үстелдің өзін көлденең әкеліп қоя салған. Көздің қарашығындай сақтайтындай не қаламсабы, не қойын кітапшасы жоқ. Құнды жәдігер іздеп отырған себебім, Анатолий Иванов осыдан жүздеген жыл бұрын өмір сүрсе бір сәрі, бертінде өмірден өткен қаламгер ғой. Бәлкім, Ресей асып кеткен соң туған жерімен тығыз байланыс бола қоймаған да шығар. 

Көпшілікке телесериал ретінде бел­гілі «Вечный зов», «Тени исчезают в полдень» секілді романдарымен танылған Анатолий Иванов 1928 жылы Шемонаиха ауданында туған. Отба­сында үш бала. Әкесі өмірден өткен соң жасөспірім Анатолийге тіршіліктің бар салмағы түсті. Онсыз да соғыс адамдарды титықтатып қойған тұс еді.

Жастайынан жазушылыққа құштар бала Киров атындағы Қазақ мемле­кеттік университетіне түсуді армандапты. Алған беттен қайтпас міне­зі болса керек, соғыс аяқтала сала Алматыға аттан­ған. Ел ес жиып, етек-жеңін қым­тап үлгіре алмай жатса, Анатолий білім алуға асыққан. Оқуын тәмам­даған соң Семейдің «Приир­тышская правда» газетіне жұмысқа орналасқан. Ұсақ-түйек мақала, хабар-ошар жазып, газет беттерінен көріне бастағаны сол еді, Қиыр Шығысқа әскерге аттанып кеткен. Әскери жылдары да қаламнан қол үзген жоқ. Әскери борышын өтеп, ауылына қайтып келе жатып, жолай Новосибирск қаласында аялдаған. Ондағысы, әскери досының үйіне кіріп, сәлем беріп шықпақ болған. Сонда досының әкесі Машков дей-тұғын ауданнан жұмыс ұсынған. Ұсынысты ойланбастан қабыл алған А.Иванов «Ленинская знамя» газетіне жұмысқа кіріп, көп уақыт өтпей бас редакторлықты қолға алыпты.

Алғашқы «Дождь» әңгімесі 1950 жыл­дары газет беттерінде жарық кө­ріп, шабыттана түседі. Көпшілік оқыр­­­ман қолдап, қошеметтеп дем бе­реді. Сол уақытта «Алкина песния» әңгімесін жаза бастайды. Оны көп­теген театр сахналап, кеңінен таныта түседі. Көпшіліктің көңілінен шық­қан шығармасы А.Ивановқа үлкен-үлкен атақ-абырой әкеледі. Өз-өзіне сенім пайда болған соң жас жазушы роман жа­зуды қолға алған. Алғашқы романы – «Шырмауық». Содан кейінгісі қалың оқырманға белгілі «Тени исчезают в полдень» атты романы. Оны 1963 жылы жазып, аяқтаған екен.

– Атын аспандатып, даңқын шығар­ған романында коллективтендіру уа­қы­­тын үйлесімді етіп суреттеген. Ал Мария – көркем образ. Ол өмірдің жал­ғасы. Шығармада Мария өліп бара жатса да, күннің шығып келе жат­қанын сезген. Яғни біз өлсек те, өмір жалғасады, жаңа күн туады дегендей ой айтқысы келген, – деп жазушы шы­ғар­масын талдап бергісі келді музей басшысы. 

Тарихи шындықты көркем шы­ғарма­мен жеткізген Анатолий Степа­новичке Мәскеуден қызмет ұсы­­на­ды. «Молодая гвардия» журналын бас­қарып жүріп, мемлекеттік сыйлыққа ие болады. 

1970 жылдары балаларына арнап, «Вечный зов» романын жазуға кіріскен. Мұны жазу оған оңайға соқпаған. Себебі, бұған дейін репрессия туралы көп жазған. Қоғамға өз ойын да ашық білдірген. Жабық тақырыптарды батыл қозғаған. Сондықтан да «Вечный зов» романының желісімен түсірілген сериал көгілдір экранға да бірден шыға қоймады. Халық сұраған соң ғана көрсетіле бастаған. 

– Анатолий Иванов өз шығар­ма­ларына орайластырылған фильмдерді осында түсіргісі келді. Бірақ қаржыға байланысты режиссер В.Усковтың туған жері Оралда түсірілді. Тағы айта кетерлігі, А.Иванов кеңес үкіметі үшін күресті. Үкіметтің құлауын қаламады. Тіпті, ел алдында Горбачевтың қолын алмай қойыпты. Сөйтіп жүргенде балалары бірінен соң бірі қайтыс болады, – дейді Н.Дубинчик.

1999 жылдың 31 мамыры. Анатолий Ивановқа Шемонаиха ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілген күн. Өкініштісі, дәл осы сәтте А.Иванов өмір­ден өткен.

Кері қайтып бара жатып, Мария жартасына көтерілгенбіз. Ескерткіш тұғырында «Пусть она каждый день рассвет видит» деп қашалған жазу тұр. Қазақшаласақ, «ол әр күні атқан таңды көрсін» делінген. Айтып өткендей, жазушының түпкі ойы – халықты қанша басып-жаншып жатсаң-дағы «жаңа күн туады, жаңа буын ауысады...», дегенге саяды. Рас, одан бері аумалы-төкпелі заманның қаншасын бастан өткердік. Жаңа заман туды, еліміз Тәуелсіздігін алды. Айта берсек, жақсылық та, әттеген-ай да бар. Сонымен хош, қазақтың байтақ даласына күн шапағатын төге берсін деген тілекпен күнді батырдық. Ертең жаңа күн! 

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Шемонаиха ауданы