• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Таным 18 Қазан, 2022

Құмай дейтін бір құс бар...

1003 рет
көрсетілді

Өткен шілде айының алғашқы аптасында кезекті еңбек демалысымызды алып, туған жер, өскен өңір Бай-Өлкеге барған едік. Осы сапарымызда, әдеттегідей аймақ орталығындағы өлкетану музейіне бас сұқтық.

Мекеме қызметкерлерінің айтуына қара­ғанда аталған музей: Табиғат, Тарих, Этно­графия бөлімі, Қуғын-сүргін, Қазіргі заман бөлімі қатарлы бес құрылымға жіктелген екен. Ал қордағы жәдігерлер саны 5 400 артефактіні құраса, бұлардың 60 пайызы экспозиция төрінде тұр.

Осындағы көрме сөресінен орын алған экспонаттың бірі – құмай құстың тұлыбы. Көлемі тым алып. Бүркіт оның қасында қар­ғадай-ақ көрінеді екен. Жайылған қос қана­тының ұзындығы – 3,2 метр. Денесінің етін кептіріп тастағандықтан тұлып күйін­дегі салмағы 5 килодан аспайтын сияқты. Ал вики­педиялық анықтамалықта үлкен құмай­дың салмағы – 7,5-8 кило болады деп жазыпты.

Бұл құсты орнитолог-ғалымдар қар­шыға тұқымдастар тобына жатқызады. Таулы жерде өмір сүреді. Әсіресе, қазіргі Бай-Өлке аймағы орналасқан Алтай тауы­ның қолат-қойнауында баршылық. Бұл құсты моңғолдар «Ёл» дейді. Соған байланысты Алтайдың теріскейі Қобда бетінде «Ёлты» (қазақша – Жол­ты) атаулы құздар көп.

Ал мына музейдегі құмай құс жайлы жазылған ғылыми анықтамалықта: «1960 жылы Делун сұмынның бір азаматы атақты Лақшын кезеңінің арғы бетіндегі Ёлты тауын­ан ұстап әкеліп тапсырған», деген жалғыз жол жазу ғана бар. Реттік саны – 60.434.

Кейін бұл жәдігерді кім тұлыптағаны беймәлім. Бірақ жақсы сақталған. Керілген қос қанаты кереге тәрізді жайылған. Кіреуке жүндері сол қалпы бүтін тұр. Ірге қанаты, ара қанаты және шалғысы сап-сау. Керме иығы мен топшысы сәл қисайғаны байқалады. Қасқа құйрығы, балақ жүні, тұяғы бүтін. Жақсылап қараған адам тұяқ үстіндегі бұжыр тастарын санай алатындай. Тегеурін, жембасар, сығым, шеңгел салалары көп жыл тұрып қалғандықтан, ептеп солғаны болмаса, қара тұяғы сол қалпы.

Кітапта бұл құс 40 жыл өмір сүреді деп жазылған. Әлемде бұл сияқты биікке ұша­тын құс жоқ. Мысалы, бүркіт 4,5 мың метр­ге дейін биікте самғай алса, құмай 7 500 метр биікке алқынбай көтеріледі. Ұясын 1 700 метрден аласа тауға салмайды және жыл сайын ауыстырып тұрады. Шыңжан қазақтарының үлкен ақыны Ақыт Үлімжіұлы (1868-1940) өзінің «Құмай деген бір құс бар» атты толғауында:

«Құмай деген бір құс бар,

Көк бетінде мекені,

Мағұлым емес адамға,

Дәл қай жерде екені,

Жылда бір жерге жақындап,

Сая салып кетеді,

Саясы түскен адамзат,

Шын дәулетке жетеді», –

деп жырлаған екен. Осындағы мәтінде айтылғандай, бұл құстың ұя салар орны мен мекені мағлұм емес және бұл құстың ұясын көрген адам бақытқа жетеді-мыс.

Құмай құс туралы ел арасында аңыз-әңгіме жетерлік. Мысалы, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданындағы Сауыр-Сайқан тауларын қақ жарып ағып жатқан Үйдене өзенінің бойында биік құз жартас бар. Осында алып ұя орналасқан. Ел оны «Құмай ұясы» деп атайды. Жергілікті жұрт «Ұясы осындай үлкен болғанда, құмай­дың өзі қандай екен?», деп жұрт таңғалады.

 Ел арасында осы ұя туралы мынадай аңыз бар. Ерте заманда Малай деген қой­шы болыпты. Бір күні оны қой жайы­п жүрген жерінен құмай көтеріп әкетіп, биік кұз жар­тастың ішіндегі балапанының қа­сына әкеліп тастапты. Малай болса балапан­мен бірге құс әкеліп берген аң-құстың етін жеп, күн көреді. Шыңыраудан қалай шы­ғудың амалын ойластыра бастайды. Аң мен малдың тарамысын есіп арқан жасайды. Күз келіп, балапан өсіп жетіледі. Малай балапанның екі аяғына тарамыс арқанды тұсаулап байлайды да, өзі оған асылып жатады. Бір күні енесі есейген балапанын баулып жоғары көтеріледі. Арқанға белінен асылып жатқан Малай да бірге ұшады. Екі құмай қатар ұшып, таудың басына қонады. Малай құс­тың аяғындағы арқанды шешіп сол жерде қала береді. Құмайлар ұшып кетеді. Осылай бір жаз жоғалып кеткен Малай еліне оралады. Оны көрген жұрт тапқырлығына риза болады. «Малай, тасқа түсуің қалай?», деген мәтел осыдан қалған екен.

Бұл аңыздың өзегінде шындық бар. Өйткені алып құмай ірі қара малдың бүтін жемтігін көтеріп ұша алады. Ұсақ малды сүйегімен қосып жұтып жібереді. Бұл хайуан-құс көбінде сүйек жұтып корек­тенеді. Ірі қараның үлкен жілігін көтеріп ұшып, 100-150 метр биіктен жердегі тасқа тастап шағып жұтады. Бұл әдіске бала құмай жеті жыл бойы үзбей жаттығады екен.