• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Елорда 19 Қазан, 2022

Астанада мектеп салу үшін 70-тен аса жер учаскесі белгіленді

363 рет
көрсетілді

Бұл туралы Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Елордада мектеп салу үшін 72 жер телімі белгіленді. Бұл жер учаскелерінің аумағы 120 мың оқушы орнына (екі ауысымда 240 мың оқушы орны) арналған оқу орындарын салуға мүмкіндік береді. Аталған жер учаскелері әлеуметтік нысандарға деген қажеттілікті ескере отырып анықталды. Ол қаланың барлық ауданында орналасқан. Әлеуметтік нысандарды салуға арналған жер учаскелерінің саны жыл сайын артатын болады», деп жазды әкім.

Сондай-ақ оның айтуынша әрбір ауданда (шағын аудандарда) оқу орындары болуы үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына арнайы бағыт бекітілген.

«Мәселен, елордада биыл 11 мектеп салынып, пайдалануға беріледі. Есіл ауданында – 6 мектеп, Алматы ауданында – 4 мектеп, Сарыарқа ауданында – тағы 1 мектеп, Байқоңыр ауданында – 1 мектеп (ол 2023 жылы тапсырылады) ашылады. Аталған білім ордалары арқылы 23 мыңнан астам оқушыға арналған орын ашылады.

Алдағы 2023 жылы тағы 13 мектеп салып, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Осылайша тағы 22 мыңға жуық оқушы орны ашылады: Есіл ауданында – тағы 8 мектеп (ауданда тұрғындар тығыз орналасқанын ескере отырып), Алматы ауданында – 4 мектеп, Байқоңыр ауданында – 1 мектеп. Сол сияқты мектеп санын арттыру, оның ішінде жеке қаражат есебінен де көбейту мәселесін қарастырамыз», деп жазды Алтай Көлгінов.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елордада 3 жыл ішінде 34 мектеп салынған. Бұл 70 мың оқушы орнын ашуға мүмкіндік берді.