• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 19 Қазан, 2022

Қайран Храпатый!

202 рет
көрсетілді

20 қазан – атағы алысқа тараған Анатолий Храпатыйдың туған күні. Спорттағы биік белестердің барлығын бағындырған даңқты ауыр атлет қапияда қаза таппағанда, қазіргі кезде асқаралы 60 жылдық мерейтойын атап өтер едік. Алайда 2008 жылдың 11 тамызында сұм ажал абзал азаматты арамыздан жұлып әкетті. Ол небәрі 44 жыл ғұмыр кешті.

Әйгілі спортшы 1962 жылы Ақмола облысының Атбасар ауда­нында дүниеге келді. Ол бала ке­зінде көп қиындық көрді. Рет-ретімен баяндасақ, Толик төрт жасқа толғанда анасы сал ауруына душар болды. Ал әкесі шиттей балаларын тастап, басқа жаққа көшіп кетті. Сол кезде үй шаруасының бар ауыртпалығы Анатолий мен ағасы Андрейдің иығына түсті. Тағдыр тауқыметін молынан тартқан балалар ерте есейді. Храпатыйлар отбасы аудан орталығына қо­ныс аударғаннан кейін талапшыл жеткіншектің спорттың соқпағына түсуіне мүмкіндік туды. 14 жастан асқан шағында Ат­ба­сар қаласындағы ауыр атлетика үйірмесінің табалдырығын аттаған Толик спорттық карьерасын аяқтағанға дейін білікті бапкер Александр Сидоровтың қол астында жаттықты.

Спорттағы алғашқы қадамдары жайында кезінде кейіпкеріміздің өзі былай деп әңгімелеген еді: «Сол кездері Канаданың Монреаль қаласында жазғы Олимпия ойын­дары өтіп жатты. Бұл 1976 жыл еді. Дәл сол уақытта мен спортқа құмарта бастадым. Бірде үйге келіп, теледидарды қоссам, ауыр атлеттердің бәсекесін көр­сетіп жатыр екен. Маған Давид Ри­герттің өнері қатты ұнады. Тұлғасы келіскен жігіт өзі тапсырыс берген батпан темірді ыр­қына оңай көндіріп, Олимпиада чемпионы атанды. Уақыт оза бұл жігіттің біздің жерлесіміз, іргедегі Көкшетау өңірінің тумасы екенін білдім. Есейе келе Ригерт Кубаньға, одан кейін Ростов облысына қоныс аударыпты. Мен сол саңлаққа еліктеп өстім».

Асқан дарын иесі араға жылдар салып, жер-жаһандағы ең үздік зілтеміршілердің біріне айналды. Сексенінші жылдары оған күллі КСРО-да тең келер ешкім табылмады. Храпатый 1985-1990 жылдары қатарынан бес рет әлем және бес рет Еуропа чемпионы атанды. Сол жарыстарда сан мәрте дүниежүзілік рекордтарды жаңартып, миллиондаған жанкүйердің ыстық ықыласына бөленді. 1988 жылы Сеулде алауы тұтанған Олимпия ойындарында 90 килода сынға түскен қазақстандық спортшы алдына жан салмай, бас жүлдені олжалады. Қоссайыстың қорытындысы бойынша ол 412,5 (187,5+225) килолық зілтемірді еңсерді. Сондағы Анатолийдің мықтылығын айтсаңызшы, Сеул­дегі басты бәсекелесі әрі коман­далық әріптесі Наиль Муха­медьяровтың өзіне бас көтертпеді. Аталған жарыста жерлесіміз Өзбекс­танның тумасынан бақан­дай 12,5 кило артық көтерді. Дәл сол межеге келіп тоқтаған поль­шалық Славомир Завада қола медальды қанағат тұтты.

1992 жылы Анатолий Храпатый ТМД құрамасы сапында Барселона Олимпиадасында күш сынасуға тиіс еді. Алайда бапкерлердің таңдауы 23 жастағы Кахи Кахиа­шви­лиге түсті. Грузияның алыбы Пиреней түбегі сапарынан алтын медальмен оралды. Бірақ, шынтуайтына келсек, сол додада Храпатый өнер көрсеткенде, оның алдына ешкім түсе алмайтыны анық еді. Оны бапкерлер де, басқалар да мойындайды. Бірақ отандасымызға ондай мүмкіндік берілмеді. Ал Барселонаға ба­ра алмағандығының себебін Ана­толий өзі «Тоқсаныншы жыл­дар­дың басында КСРО, одан кейін ТМД құрамасының тізгінін ұстаған Василий Алексеевпен қарым-қатынасымыз аса жақсы болмады. Кезінде ол Олимпия ойындарын екі мәрте және әлем мен Еуропа чемпионаттарын сегіз реттен ұтқан. Әйгілі спортшы жаттықтырушылық қыз­метке келгеннен кейін атақ-даңқы жағынан келешекте өзінен асып түседі-ау деген ауыр атлет­терге қырын қарай бастады. Ма­ған және мен секілді даңқы дүр­кіреп тұрған саңлақтарға жиі шүйлігіп, барлығымызды бірқатар маңызды жарыстан шеттетті. Сол Алексеевтің кесірінен мен Бар­селона Олимпиадасына қатыса алмадым», деп түсіндірді.

Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Храпатый тәуелсіз Қазақстанның туы астында өнер көрсетіп, елеулі табыстарға жол жеткізді. Атап айтсақ, 1993 пен 1995 жылдары Мельбурн мен Гуанчжоуда өткен әлем чемпионаттарында қола медаль иеленді. 1994 пен 1998 жылдары Хиросима мен Бангкокта алауы тұтанған Азия ойындарында күміспен күптелді. Ал 1996 жылы Атланта Олимпиадасында ол күміс медаль жеңіп алды. Ға­сыр­лар тоғысында үлкен спорт­тан қол үзгеннен кейін де Ана­толий ауыр атлетикадан алыстаған жоқ. Бірер жыл Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болса, кейіннен Армияшылардың Орталық спорт клубында жаттық­тырушылық қызмет атқарды.

2008 жылдың 11 тамызында Астананың іргесіндегі Аршалы ауылының маңында Анатолий Храпатый тізгіндеген мотоцикл қарсы бағытқа шығып кеткен «Тойота» көлігімен соқтығысып, даңқты спортшы сол жерде жан­тәсілім етті.