Саясаттың жазылмаған өз қағидаты бар. Билік басындағы адамды тану үшін оның ісі мен сөзіне қарайды. Егер олар бір-бірімен үйлесім тауып жатса, қоғамдық пікір бір арнаға түседі.
Біздің мемлекетіміз унитарлы болғанымен, аймақтарының кең аумағы, әртүрлі климаттық жағдайы өңірлерінің экономикалық даму деңгейіне әсер ететіні сөзсіз. Өңірлердің даму көрсеткіштерінде айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық диспропорцияның бар екені де белгілі. Осыны ескере отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімшілік және аудан орталықтарын халыққа жақындату мақсатында, мемлекетіміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын реформалауды жүзеге асырды. Бұл үдеріс Қазақстанда жаңа облыстардың құрылуын ғана көздемей, тарихи негізі бар өңірлердің дамуына серпін әкелгенін көріп отырмыз.
Билікке келген күнінен бастап Президент Қ.Тоқаев өңірлерді дамыту тұжырымдамасын ұсынды. Ауыл мен қала арасындағы қалыптасқан алшақтыққа Үкіметтің назарын аудартты, нақты тапсырмалар берді.
Мықты өңір – мықты мемлекет кепілі. Бұл – Қазақстан басшысының мәселені теориялық тұрғыдан ғана емес, жүзеге асыруды басым бағыттар қатарына қосып, тұтастай мемлекеттік саясат қалыптастырғанын көрсетті.
Бір өңірден, бір өңірге барғанда Президент қандай ұстанымға келді деген сұраққа жауап іздеп көрдім. Осыдан туындаған ойларымды оқырманмен бөліскім келді.
* * *
Түркі әлемі үшін, оның ішінде әрбір қазақ үшін Түркістан қасиетті мекен. Әзірет Сұлтан мешіті – «руханият тірегі». Сондықтан да мемлекет басшысының Түркістанға сапары ұлттық құндылықтарымыздың, оның қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрған хандарымыздың пантеонына тәу етуі, әлімсақтан, ата-бабаларымыздан қалған жоралғы болатын.
Қасиетті Түркістан өңірінің жұртшылығымен Президенттің кездесуін халық жақсылыққа жорыды. Өйткені Мемлекет басшысы Түркістанның, түркі әлемінің рухани астанасы болатынын жария етті.
Түркістан ізгілік қаласы, ол қазақ халқы тарихының өшпес жәдігері. Күллі түркінің қасиетті қара шаңырағы, Ата жұрты.
Қасым-Жомарт Тоқаев ықылым замандардан қалыптасқан Ұлттық құрылтайды жаңғыртты. Оның бірінші отырысы қасиетті Ұлытауда өтсе, екінші құрылтай болашақта түркі өркениетінің алтын діңгегі – Түркістанда өтетін болды. Демек саяси шешімдер мен кесімдер елордада ғана өтпей, келешекте өңірлерде де қабылданатын болады. Бұл жақсы нышан, биліктің халыққа жақындауының бастауы деп қарауға болады. Әрі саяси жүйедегі – жаңа бағыт, жаңа жол.
Түркістан өңірінің бүгінгі келбеті қандай? Президент дерегіне сәйкес қазір мұнда үлкен экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-мәдени өзгерістер жүріп жатыр:
– Түркістанға келген инвестиция сегіз есе артыпты;
– 77 мың адам қоныс тойын тойлапты;
– Түркістан туристік орталыққа айналған. Бұл жерге үш жыл ішінде 2 млн турист келіпті;
– Өңірдегі өнеркәсіп және ауыл шаруашылық саласы 1,5 есе өсіпті;
– Осы мерзімде өңірде 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылған.
Еңбектің зейнетін көру идеясы Қ.Тоқаев саяси бағдарламасының басым бағыттарының бірі. Мәселен, «Еңбек» бағдарламасы бойынша мемлекеттік мүддеге ерекше назар аударылған. Демографиялық өсімі жоғары, халық тығыз қоныстанған өңірдің еңбек күшін оған зәру өлкелерге жіберу жүзеге асырылып жатыр.
Білім саласы да мемлекет назарынан тыс қалып отырған жоқ. Мәселен, «Серпін» бағдарламасы бойынша 3 700 грант бөлініпті. Оның 800-ін түркістандықтар иеленіпті.
Шекара бүтін болса, халықтың да іргесі сөгілмейді. Бұл – территориялық тұтастықтың кепілі. Міне, Президенттің осы мәселеге назар аударуының маңыздылығы да осында. Мұны Түркістан төрінен Президент барша Қазақстан халқына арнап айтты.
Әрине, қазір қоғамды толғантып отырған кезектен тыс Президент сайлауы. Қ.Тоқаев кездесу барысында бұл мәселені айналып өткен жоқ. Оның мәні мен маңызын өзі түсіндірді.
Бір адамның биік лауазымда ұзақ болуы «абырой» әкелмейді. «Конституцияға сай сенім мандаты қажет».
Жүректен шыққан сөз, жүрекке жетеді. Президент айтқан сөз саяси жаңғыру, адал, дарынды саясаткерлерге жол ашу бағдарламасы болатынына жұрттың көзі жетті.
* * *
Шырайлы Шымкент – республикалық Алматы, Астана сияқты бас қалалардың бірі. 2200 жылдық шаһардың қазақ тарихында алатын ерекше орны бар. Бұл күнде қаланың орнықты бюджеті қалыптасқан. Осы кезеңде қаланы дамыту үшін 170 млрд теңге бөлініпті. Әрі 1,5 трлн инвестиция құйылыпты. Аз ғана уақыт ішінде қала бюджеті 4 есе өсіп, өнеркәсіп өнімі 65 пайызға жетіпті. Сондай-ақ 2,5 млн шаршы метр үй пайдалануға берілген.
Шымкент шағын және орта бизнес орталығына айналып отыр. «Іскер қала» бағдарламасы мұны толық айғақтайды. Өңірдегі бизнес үлесі 40 пайызға жетіпті.
«Жібек жолының» алтын қақпасы – Шымкент пен Ташкент. Бұл бәсекелестікті арттыра түседі. Сондықтан да Президент Шымкент қаласының бас жоспарын келесі жылдың ортасына дейін бітіруді тапсырды. Бір сөзбен айтқанда, Шымкент экономикасы мығым, инфрақұрылымы жоғары, білімі мен ғылымы дамыған заманауи қалаға айналмақ.
Жыл аяғына дейін 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл – 9 мың отбасы үйлі болады деген сөз. Шымкент аумағы жағынан өсіп, оған іргелес жатқан 41 елді мекен қосылыпты. Осы мақсатта инженерлік инфрақұрылым үшін республикалық бюджеттен 135 млрд теңге бөлінгелі отыр.
Президент Шымкент қаласының экономикалық, әлеуметтік деңгейін сараптай келе:
– алдағы жылы 8 елді мекенде сапалы электр жүйесін құру;
– 8 селолық округке табиғи газ тарту;
– 2025 жылға дейін оқушылар сарайын салу;
– Шымкентте 8 жылдың ішінде 101 мектеп құрылысын аяқтау;
– 2000 орындық Конгресс-холдың құрылысын жүргізу;
– қалада жаңа Опера және балет театрын салуды тапсырды.
Әкімдік пен Үкіметке перзентхана салу жұмысын жеделдете аяқтау қажеттігін ескертті.
Әрине, халықты алаңдататын мәселе – жұмыссыздық. Мемлекет басшысы жыл аяғына дейін 24 000 адамды жұмыспен қамтуды тапсырды.
Болашақта жергілікті өзін өзі басқару туралы заң қабылданған соң, өңірлер өз проблемаларын өздері анықтап, шеше алатынын Президент Қ.Тоқаев кездесу барысында қадап айтты.
* * *
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Абай облысының жұртшылығымен кездесуі де ерекше жағдайда өтті.
Расында, қазақ руханиятында Семей қаласының, Абай облысының орны айшықты. Бұл жер, хакім Абайдың, шежіреші Шәкәрімнің, классик-жазушы М.Әуезовтің туған өлкесі. Семей қаласына Қ.Тоқаев 2020 жылы тарихи орталық дәрежесін берген болатын. Енді қала Шығыс Қазақстан облысынан бөлінді, Абай облысы құрылды.
– «Семей мен Абай – бір-бірінен ешқашан айырылмайтын ұғымдар», – деді Президент кездесуде.
Абай облысының «қуатты аймақ» болатыны анық. Өйткені ол Ресей мен Қытай арасындағы транзиттік шекарада тұр. Мемлекет басшысы бұл өңірдің әлеуетін де, проблемаларын да жетік білетіндігін көрсетті.
– Абай облысы мектептерінде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Мұны қалай шешуге болады? Президент алдағы уақытта 11 мектеп пен балабақша салынатынын жеткізді.
Мемлекет басшысы жұртты көптен бері мазалап жүрген өзекті мәселені де атап өтті. Семейде онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығы Президент тапсырмасына сай жүзеге асырылған екен. Енді, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша өңірде 65 жаңа нысан бой көтермек.
Семей қаласының инфрақұрылымын нығайту мәселесі де күн тәртібінде тұр. «Жазда ыстық су жоқ. Қыста жылынбайды» дей отырып, Президент урбанистикалық тұжырым және болашақта екі көпір салу қажеттігін атап өтті.
Аграрлық өлке ретінде бос жатқан 200 мың гектар жерді мемлекетке қайтару туралы тапсырмасы жұртшылық тарапынан қолдау тапты. Экологиялық мәселелерді шешу «Мәдени-танымдық туризмді» дамыту, «Ядролық сынақтардан қайтарылған жерлерді залалсыздандыру туралы» қойған талаптары халық көңілінен шықты. Қазір Энергетика министрлігі «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасын әзірлеп, Мәжілісте қаралып жатыр. Заң қабылданғаннан кейін бұл жерлер айналымға кіреді.
Облыс жұртшылығымен кездесу барысында Президент Үкіметке Абай облысын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Мемлекет басшысы жаңа облыс құру оңай шаруа емес екенін ашып айтты. «Қасіретке шалдықса да, қасиетін жоғалтпаған өлкені барынша дамыту – ортақ парыз».
* * *
Қазыналы Қарағанды – республиканың іргелі өнеркәсіп өңірі. Президент атап өткендей, «Мұнда республикадағы мыстың тең жартысы, көмірдің үштен бірі, болаттың 85 пайыздан астамы өндіріледі». Жинақтап айтсақ, бұл өлкеде өндірістің өңдеуші секторы 82 пайызды құрайды.
Қарағанды жері – кенге ғана емес, қазақ руханиятындағы ұлы тұлғаларымен де мәлім. Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақпаев, Әлімхан Ермеков сынды Алаш ардақтыларының кіндік қаны тамған жер де осы өңір.
– Қарағандыда «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен «Saran» индустриялық аймағында бірқатар ірі кәсіпорын іске қосылған;
– «Saran» индустриялық инфрақұрылымын қалыптастыруды 2023 жылы аяқтау;
– Үкіметке «Қарағанды– Балқаш» және «Балқаш – Бұрылбайтал тас жолын» келесі жылы іске қосу;
– «Қарағанды – Қарқаралы» тас жолын жөндеуді тапсырды.
Республикада «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба аясында Президент әкімдік пен шағын қалаларды қолдау жөніндегі іргелі бастамаларды қолдау қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы Балқаш қаласының туристік әлеуетін көтеруге байланысты біршама міндеттер қойды.
Қарағанды облысындағы кездесуде Президент еңбек қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. 2022 жылы «Арселлор-Миттал Теміртау» АҚ объектілерінде бірнеше жұмысшы қаза тапқанын мәлімдеді. Болашақта ірі компаниялар өндірісті жаңғырту үшін инвестиция құю керек екенін атап өтті.
– Қазақстанда олигархтық капитализмнің заманы өтіп, ел азаматтарының алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін кезек жетті. Азаматтарымызға тиімді әрі әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін ел экономикасында алдыңғы орында тұрған бизнес керек, – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қарағанды өндірістік өңір ғана емес, ауылшаруашылық әлеуеті жоғары аймақ екеніне тоқталды. Республикада 20 млн гектардан астам игерілмеген жерлер бар екен. Қазір оны мемлекетке қайтару жүргізіліп жатыр. Солардың 4,2 млн гектары мемлекет меншігіне өтіпті. Соның 1,1 млн гектары Қарағанды облысына тиесілі.
Келешекте бұл өңірде қандай жоспарлар жүзеге асырылмақ?
Республикадағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда 28 000 астам балаға арналған жаңа мектеп салынбақ.
Қарағанды мемлекеттік университеті жанынан аурухана құрылысы бой көтереді.
Президент өз сөзінде Қарағанды өңірінің экономикалық әлеуетіне сәйкес қаланы дамытудың бас жобасының ескіргенін, енді оны қайта жаңғырту қажеттігін тапсырды.
Еңбекқорлық, бірлік, тыныштық, сыйластық болған жерде табыс та, береке де болады. Облыс жұртшылығы Президентпен кездесуден кейін осындай ой түйіп қайтты ғой деп ойлаймын.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
* * *
Ертіс бойында тұрған Павлодар өңірі – қуатты, өндірісі дамыған, дәулетіне сәулеті сай елді мекен.
Президент айтқандай, Павлодар өңірі тұрақты экономикасы бар аймақ:
– Соңғы үш жылда Павлодардың жалпы өңірлік өсімі 28 пайызға артып, 3,9 млрд теңгеге жетіпті.
Алда қандай міндеттер тұр?
– Шағын және орта бизнесті кешенді дамыту;
– Экологиялық тазалық мәселелерін шешу. Жыл сайын мұнда 700 мың тонна қалдық шығарылады екен;
– Облыстағы суармалы жердің көлемін екі есе ұлғайтып, 300 мың гектарға дейін жеткізу;
– Облыс орталығын айналып өтетін көпір салу;
– «Павлодар-Астана» бағытындағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіру;
– Үкіметке Екібастұз қаласын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес жылу жүйесін қалыптастыру;
– Павлодар облысында алдағы үш жылда 10 мектеп салу тапсырылды.
...Бес кездесуді сараптап қарасаңыз, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі саясаткер, білімді басшы ретінде мәселені көтеріп қана қоймай, оның шешу жолдарын қоса міндеттейтін іскерлігін көруге болады.
Кездесулер өтті, тапсырмалар берілді. Жұртшылық енді осы асқаралы міндеттер орындалмай қала ма деп қауіптенеді. Бұл – заңды алаңдаушылық. Бірақ мынаны білуіміз керек. Президент «Әділетті Қазақстан», «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» құрып жатыр. Енді бұл мәселе – Президент қана емес, бүкіл облыстар жұртшылығы бірлесіп көтеретін және қадағалайтын ортақ міндетке айналды.
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ
ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері