Бұл күндері әлемнің бірқатар мемлекетінде теннистен аса ірі халықаралық турнирлер өтіп жатыр. Ал Қазақстанның ойыншылары мұхиттың арғы жағалауында өнер көрсетуде.
Мексиканың Гвадалахара қаласында жүлде қоры 2 527 250 АҚШ долларын құрайтын турнирдің шымылдығы түрілді. Еліміздің ең үздік теннисшісі Елена Рыбакина тұсаукесер кездесуін Каролина Плишковамен өткізді. 30 жастағы Чехияның мақтанышы кезінде әлемнің бірінші ракеткасы атанған. Ол US Open мен Уимблдонның финалында, Ролан Гаррос пен АҚШ ашық біріншілігінің жартылай финалында ойнап, WTA турнирлерінде 16 рет топ жарды. Қазіргі кезде Плишкова үздіктер тізімінде 20-орынды иеленуде. Осындай сақа спортшымен еш қайымықпай айқасқан Рыбакина 7:6, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Енді екінші кезеңде жерлесіміз әлемнің 24-ракеткасы америкалық Джессика Пегуламен шеберлік байқасады.
Ацтектер елінде есімдері жоғарыда аталған теннисшілерден бөлек, Паула Бадоса (Испания), Виктория Азаренко (Беларусь), Мария Саккари (Грекия), Каролин Гарсия (Франция), Елена Остапенко (Латвия), Вероника Кудерметова (Ресей), Мэдисон Кис пен Слоан Стивенс (АҚШ), Бьянка Андрееску (Канада), Белинда Бенчич (Швейцария) және тағы басқа танымал ойыншылар бақ сынауда.
Чилидің Кокимбо қаласында басталған жарыста Тимофей Скатов сайысқа түсуде. Соңғы бір жыл аралығында қарқынын күрт күшейткен отандасымыз алғашқы айналымда испаниялық Даниэль Риконнан басым түсті – 7:5, 6:2. Ал Юлия Путинцева Гвадалахарадағы доданың бірінші кезеңінде ойда жоқта әлемдік рейтингте өзінен әлдеқайда төмен тұрған польшалық Магдалена Фрешке есе жіберді – 3:6, 4:6. Сол секілді Дмитрий Попко да сәтсіз өнер көрсетті. Ол Эквадордың Амбато қаласындағы турнирдің тұсаукесер бәсекесінде аргентиналық Хуан Отегуйге жол берді – 4:6, 5:7.