• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 20 Қазан, 2022

Шевченко «қазақ» болғысы келе ме?

186 рет
көрсетілді

Осыдан бірер күн бұрын қазақстандық спорт басылымдары ресейлік теннисші, әлемнің 149-ракеткасы Александр Шев­ченко Швеция астанасы Стокгольмдегі ATP-250 турнирінде Қазақстан туы астында бақ сынап жатқаны туралы жазған еді.

Теннисшілердің статистикасын жүргізетін қосымшалардың бірінде Александр Шевченко расымен Қазақстанның атынан өнер көрсетіп жатқаны көрсетілген. Бірақ кейіннен теннисші ресейлік «Чемпионат» интернет-басылымына сұхбат беріп, Қазақстанның азаматтығын алмағанын айтқан. «Бұқаралық ақпарат құралдары дұрыс түсінбеген болуы керек. Мен Қазақстанның азаматтығын алған жоқпын. Әзірге барлығы түсініксіз болып тұр. Әрі қарай не болатыны да белгісіз», деп мәселені екіұшты етіп қойды.

Ресейлік спортшының бұл мәлімдемесінен кейін Қазақстан федерациясының баспасөз қыз­меті де аталған жайт туралы рес­ми түсініктеме берді. Онда Александр Шевченконың атынан федерацияға Қазақстанның азамат­тығын алу туралы өті­ніш келіп түскені айтылады. «Бұ­қаралық ақпарат құралда­рында Ресей теннисшісі Александр Шев­ченко спорттық азаматтығын өзгертті және ол бұдан былай Қазақстан азаматтығын алып, ұлт­тық құрама сапында өнер көр­сетеді деген ақпарат тарады. Қазақстан теннис федерация­сы Александр Шевченконың аза­маттық алу мәселесі бойынша ха­барласқанын растайды. Қазіргі таңда оның ұсынысы қарас­тырылып жатыр. Соңғы кез­дері шетел теннисшілерінен Қазақ­стан атынан ойнауға ұсыныс көп түсіп жатқанын да мәлім­дейміз. Әр спорт­шының өтінішін жеке-жеке қарастырып, мұқият тексерістен өткіземіз. Шетел тен­нис­шілерінің Қазақстан аза­мат­тығын алғаны туралы нақ­ты ақпарат шыққан жағ­дайда Қазақстан теннис федера­ция­сы мұны жедел түрде өз жан­күйерлеріне хабарлайды», де­лінген хабарламада.

Демек федерацияның осы жауабынан кейін жақын арада теннистен Қазақстан ұлттық құрамасы тағы бір ресейлік легионермен толығатыны белгілі бола бастағандай. Қазірдің өзін­де ұлттық құрама сапындағы ресейлік теннисшілердің қата­ры аз емес. Мәселен, ерлер ара­сындағы Дэвис кубогі, әйелдер арасындағы Билли Джин Кинг сынды командалық әлем чемпио­наттарында Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Андрей Го­лубев, Елена Рыбакина, Юлия Путинцева секілді солтүстіктегі көр­шіміздің өкілдері өнер көр­сетіп жүр.

Жалпы, Александр Шевчен­коның Қазақстанның көк пас­портын алуына мына жағдайлар себеп болуы мүмкін. Біріншісі – спортшының өз елінде қолдау таппауы. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда Ресейге қарағанда Қазақстан теннис федерациясы теннис­шілерге лайықты деңгейде қолдау көрсетіп, қамқорлық танытып жүр. Мәселен, бір ғана Елена Рыбакинаның өзі Қазақстанға қоныс аударған небәрі төрт жыл­дың ішінде бірнеше ірі жарыста дараланып, биыл әйгілі «Үлкен дулыға» санатындағы «Уимбл­дон» турнирінде бас жүлдені олжалады. Әрине, мұндай қысқа уақытта үздіктер қатарынан кө­рінуге тек үлкен қолдаудың ар­қасында ғана қол жеткізуге болатыны түсінікті. Кейде қолдау болмаса, таланттың өзі табысқа жете алмайтын кездер болады.

21 жастағы ресейлік теннисші қазіргі таңда өз елінің алтыншы ракеткасы саналады. Оның ал­дында Даниил Медведев (4), Андрей Рублев (8), Карен Хачанов (18), Аслан Карацев (45), Роман Сафиуллин (92) және Павел Котов (96) секілді теннисшілер тұр. Сондықтан рейтингте жүздіктен төмен орналасқан Шевченкоға Ресей теннис федерациясының әзірге қолұшын созып, көмектесе қоюы екіталай.

Екінші себеп, әлемдегі саяси жағдайға байланысты бірқатар спорт ұйымы ресейлік спорт­шыларға қырын қарап, түрлі жа­рысқа қатысуға қатаң шектеу қойып жатыр. Ал олар үшін қазір тығырықтан шығатын жалғыз жол – өзге елдің азаматтығын алып, сол мемлекеттің туы астында додаларға қатысу.

Осы орайда оқырмандар тарапынан А.Шевченко Қазақстан құрамасына қажет пе деген заң­ды сауал туындағаны анық. Иә, өкінішке қарай, дәл қазіргі уа­қытта Қазақстан теннис федерациясы жас әрі талантты теннис­шілерге мұқтаж. Өйткені Қазақ­станда әлемдік деңгейде өнер көрсететін теннисшілер шоғыры қалыптасып үлгермеген. Қазір біздің федерацияға жергілікті теннисші қалыптасып үлгергенше Александр Бубликпен бір дең­гейде өнер көрсетіп, ұлттық құ­­рамада көшбасшы бола ала­тын­дай теннисші қажет. Ал ол орынға Шевченконың кан­дида­турасы дәл келіп тұрған сияқты. Алайда федерация өз мәлімдемесінде Қазақстанның атынан сынға түсуге ниетті шет­елдік теннисшілердің қатары көп екенін айтып қалды. Әзірше біз ол теннисшілердің есімдерін білмегендіктен, тек ресейлік спортшының ғана кандидатурасын айтып отырмыз.

Сондай-ақ Шевченконың аза­маттық алуына жерлесте­ріміздің биылғы Дэвис кубогін­дегі өте сүреңсіз ойыны да себеп болуы мүмкін. Өйткені бір Бубликтің барлық ойында жеңіске жете алмайтыны белгілі. Өткен аптада ғана Қазақстанның екінші ракеткасы атанған Тимофей Ска­тов әлі әлемдік деңгейдегі ойын­дарға дайын емес. Ал ұлттық құрама сапында 14 жылдан бері ойнап жүрген 35 жастағы Ми­хаил Кукушкиннің күші әбден сар­қылып бітті. Сонымен қатар қазақстандық жас талант Бейбіт Жұқаев та ересектер арасындағы додада жарқырап өнер көрсете алар емес. Жуырда ғана ол елордада ұйымдастырылған Astana Open ATP 500 турнирінің негізгі кезеңіне қатысып, бірінші айналымда әлемнің 34-ракеткасы нидерландтық Ботик Ван де Зандшульптің қарқынына төтеп бере алмады – 1:6, 1:6.

Сондықтан ұлттық құрамаға жақын арада Бубликке серіктес болатын, қажет кезде бүкіл жа­уап­кершілікті мойнына ала алатын бір теннисші керек болып тұрғаны анық. Егер Шевченко биыл Қазақстан құрамасына қо­сылатын болса, онда ол бірден еліміздің екінші ракеткасына айналады. Алдағы уақытта федерация осы мәселе төңірегінде ойланып, Александрға жоғары ықтималдықпен азаматтық алып беруі мүмкін. Айтпақшы, Алек­сандр Шевченко Astana Open ATP 500 турнирінде өнер көр­сетіп, іріктеу кезеңдерінен сәтті өткенімен, бірінші кезеңде италиялық Люка Нардиден екі сетте – 7:6, 6:2 есебімен жеңіліп қал­­­ған болатын. Ал ол бұл турнирге жайдан-жай қатысуға кел­ме­гені белгілі. Бәлкім, осы жарыс арқылы федерация басшылы­ғының көзіне түсуді ойластырған болуы мүмкін.

Александрдың спорттық карьерасына тоқталар болсақ, ол 2000 жылдың 29 қарашасында Ресейдің оңтүстігіндегі Дондағы Ростов облысында туып-өскен. Тоғыз жасынан бастап теннистің қыр-сырына қаныға бастаған Саша бір жылдан кейін отбасымен Аустрияға қоныс аударады. Ол жақта білікті бапкер Гюнтер Бресниктің теннис академиясына қабылданып, күні бүгінге дейін талай теннисшінің жұлдызын жаққан Гюнтердің тәлімін алып келеді. Гюнтер Бресниктің ең атақты шәкірті – «Үлкен дулыға» сана­тындағы жарыстардың же­ңім­пазы, финалисі Доминик Тим екені көпшілікке мәлім.

Осындай даңқты бапкерден тәлім алып жүрген Шевченко 2018 жылдан бастап ересектер ара­сындағы жарыстарға қа­тыса бастаған. Әзірге ол тек ATP с­а­на­­тындағы Challenger және Futuresr турнирлерінде бой көр­сетіп, біразында жеңіске же­тіп үлгер­ді. Атап айтар болсақ, ол бүгінге дейін аталған турнир­лер­де тоғыз мәрте финалға шығып, со­ның бесеуінде жеңіс тұғы­рынан көрінді. Ең кейінгі рет би­ыл Словакияның бас шаһары – Бра­тиславада өткен «Братислава опен» додасында үздік шықты. Мау­сым айында ғана 237-орында тұрған А.Шевченко осындай табыс­­ты өнерінің арқасында бес ай­дың ішінде әлемдік рейтингте ТОП-150 теннисшінің қатарына қосылды.

Александр Шевченконың ен­дігі мақсаты – жыл соңына дейін ТОП-110 теннисшінің қата­рына еніп, 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында өтетін «Үлкен дулыға» санатындағы Аустралия ашық чемпионатының негізгі кезеңінде өнер көрсету.