• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Қазан, 2022

Сарыарқа саңлағы

525 рет
көрсетілді

Көріп-білгендер «Астана еліміздің жүрегі болса, саналы ғұмырын осында сарп еткен Нұрғожа Ораз Ақмола, Астананың жүрегіндей еді» деседі. Ақындығы бір төбе, жазушылығы бір белес, қайраткерлігі мен ұлтжандылығы да өз алдына бөлек әңгіме екенін тілге тиек етті білетіндер. Ұлттық академиялық кітапханада ақын, жазушы, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғожа Ораздың туғанына 90 жыл толуына орай өткен «Сарыарқа саңлағы» атты еске алу кеште.

Ақын, драматург Баянғали Әлім­жан жүргізген іс-шараға ха­лық­аралық Алаш сыйлығының иегері, ақын Серік Тұрғынбек, журналист, қоғам қайраткері Жанболат Аупбаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Роза Мұқанова, «Астана Ақшамы» газетінің бас редакторы, журналист Еркін Қыдыр, тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты. Қатысушылар қаламгердің со­ңында қалған шығармашы­лық мұралары мен асыл қасиеттері туралы тілге тиек етті. Сондай-ақ жиын барысында ақынның «Ғибратты ғұмыр» атты есте­ліктер кітабы мен «Весна души моей» атты орыс тіліне ауда­рыл­ған өлеңдер жинағының тұсауы кесілді.

Әуезовтің алдын көріп, дәрі­сін тыңдаған тұлғаны Ақмола, Астананың абызы деп текке ата­маса керек. Университетте дип­ломдық жұмысы «Абай жолы­ның көркемдік ерекшелігіне» бай­ла­нысты болып, заңғар жазушыдан бағыт-бағдар алып, ақыл-кеңесін тыңдағанының өзі бір тарих. Ол туралы деректерге Баянғали Әлімжанов жақсы тоқталды.

Нұрғожа Ораз­­дың алғашқы жинағы 1964 жылы «Тұңғыш кітап» атауымен шығыпты. Бұған жалғас «Кім табады?», «Шұғыла», «Көңіл көктемі», «Тың түлегі», «Қырандар ұясы», «Тың ырғақтары», «От кешкен балалық», «Өрімталдар», «Сарыарқа сырлары», «Мәң­гі­лік махаббат», «Дәуір додасы», «Талқандалған тарихат», «Қаракүйік», «Ай-Марал» сияқты поэзия, проза, публицистикалық бірнеше кітабы жарық көрген.

Бұл кісінің шығармашылы­ғы­на Ғафу Қайырбеков, Тұман­бай Молдағалиев, Рақымжан Қош­қарбаев, Сәбит Досанов, әде­биет сыншысы Бақыт Сарбалаев тоқталып, жылы лебіз білдіргені айтылады. Ал тәуелсіздік жылдары жазылған «Қаракүйік» романына профессор Тұрсын­бек Кәкішев арнайы тоқталып, оң бағасын берді.

Егемендік жылдары ел еңсе­сін көтеріп, азаттық рухын жаң­ғыртуға үлес қосқан қаламгердің еңбегі жеке тоқталуды қажет етеді десек, қателеспейміз. О баста Алаш арыстары ашып бастаған «Сарыарқа» журналының ғұмы­ры келтесінен қиылғаны тарихтан белгілі. Аталған журналдың өне­гесін жалғастыруға кіріскен Нұрғожа Ораз Қазақстан азаттық алған бойда «Жаңа Сарыарқа» журналын шығарып, ұлт ұпайын түгендеуге үлес қосты. Басылым туралы кезінде Әбіш Кекілбай­ұлы «Мен осы кезде «Сарыарқа» журналының көптеген санын оқып үлгердім. Өте қызық басылым. Сарыарқа аймағын­да­ғы әдебиетшілеріміздің басын қосып, осы өлкедегі бұрын қалтарыста қалып келген көпте­ген тарихи жайтты, оқиғаны, өт­кен заманның қайраткерлерін, олар­дың халықтың зердесінде қалған мұраларын тірілтуде өте тиімді қызмет істеп жатыр екен», деп жазды.

Ұлт руханияты үшін тер төк­кен қаламгердің есімі елімен бірге жасай береді, ендеше.