Бұл күндері Испанияның Понтеведра қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы (U-23) әлем біріншілігін Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері бір ғана жүлдемен қорытындылады.
60 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Олжас Сұлтан тұсаукесер кездесуінде әзербайжандық Нихат Маммадлиге (0:5) есе жіберді. Қарсыласының финалға шығуының арқасында қандасымыз жұбаныш белдесулеріне қатысу құқығына ие болды. Өз мүмкіндігін Олжас ұтымды пайдаланып, үндістандық Сумит Сутмит (8:0) пен Нурмухаммет Абдуллаевтың (8:0) аяғын көктен келтірді. Нәтижесінде қазақ балуаны қола медальды мойнында жарқыратты. Дәл сондай мүмкіндік Мақсат Сайлауда да болды. 87 кило салмақта сынға түскен ол бастапқы белдесулерінде үнділік Кумар Сунил (4:0) мен ирандық Аболфази Әли Шоубаниді (9:4) шаң қаптырғанымен, жартылай финалда армениялық Геворг Тадевосянға (4:6) жол берді. Ал қола медаль үшін тартыста Мақсат нидерландтық Марсель Стеркенбургтен (1:9) ойсырай ұтылып, бесінші орынды қанағат тұтты.