• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Мамыр, 2014

Ана тіліміз – ұлтымыздың ұйытқысы

340 рет
көрсетілді

бола бастағандығына Қызылжар өңіріндегі оң өзгерістер айғақ Мемлекетіміздің басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде еліміздегі тіл саясатына тағы да назар аударып: «Болашақта бүкіл азаматтардың мемлекеттік тілді білуі бізді бұрынғыдан бетер теңдестіріп, бірлікті нығайта түседі. Міне, ширек ғасырдан бері біз тіл саясатында айқын бағытпен келеміз – мемлекеттік тілді біртіндеп дамытудамыз және бүкіл этностар тілдерінің дамуы үшін жағдайлар жасаудамыз», деп қадай айтты. Елбасы ұстанған тіл саясаты­ның кемелдігін біздің Қызылжар өңіріндегі өмір шындығы да көз жеткізе айғақтап беріп отыр. Айталық, Кеңес өкіметі тұсын­дағы соңғы, 1990-1991 оқу жылында облыстағы қазақ балаларының небәрі 25 пайызы ғана өз ана тілінде білім алған болса, осы жөніндегі көрсеткіш еліміздің Тәуелсіздігі жылдарында біртіндеп өсіп, биылғы оқу жылында 65 пайыздан асты. Бұрын Петропавл қаласында қазақ тілінде білім беретін жалғыз-ақ облыстық мектеп-интернат бар еді, ал қазір облыс орталығындағы 40 мектептің 6-ы таза қазақ тіліндегі, 15-і аралас мектептер. Осының бәрі өзара түсіністікпен, өзара сыйластықпен, мемлекеттік тілге деген құрметпен, ешқандай ың-шыңсыз тындырылған игілікті істер екендігі сүйсінтпей қоймайды. Ал қаламыздағы ағайындар соңғы кезде тағы бір қазақ мектебін ашу мәселесін көтеріп жүр. Алайда, дүниежүзін экономикалық дағдарыс толқыны шайқалтып, «көрпеге қарай көсілетін» заман қайтадан орнап тұрғандықтан, жаңа қазақ мектептерін, ең алдымен, облысымыздағы Новоишимка ауылы мен Тайынша қаласында салу керектігі сөзсіз. Өйткені, аталмыш елді мекендердегі 1991 жылы бұрынғы аудандық партия және атқару комитеттерінің тар ғимараттарында ашылған, әрқайсысы 110 орындық қазақ мектептерінде бүгінде оқушылар үш ауысым бойынша оқып жүр. Олардың, тіпті, спорт залдары жоқ. Осы жөніндегі ата-аналардың талай жылдан бері айтып келе жатқан жанайқайлы өтінішіне облыс әкімі Самат Ескендіров құлақ асып, жаңа да үлкен мектеп­тердің жобалық-сметалық құжат­тамаларын жасатуға қаржы бөл­гізіп, олардың құрылысын қар­жы­ландыру жөнінде респуб­ликалық органдар алдында мәселе көтергендігінен хабардармыз. Бұл проблема алдағы жылдары оң шешімін тапса, Қызылжар өңірінде қазақ тілін одан әрі өркендету ісіне қосылатын зор үлес, елеулі жетістік болары сөзсіз. Сондай-ақ, алдағы уақытта мүмкіндік болса, жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржыға шағын мектептер салу тәжірибесі жалғастырылса, игі болар еді. Бірақ, ондай мектептерді болашағы бұлыңғыр, бала саны аз елді мекендерге емес, бірінші кезекте Шал ақын ауданындағы Қаратал, Айыртау ауданындағы Бірлестік секілді оқушылары ескі де тар мектептерге сыймай отырған, келешегі жарқын ауылдарда салған жөн деп білеміз. Қазақ тілі біздің өңірде де Елбасы айтқандай, даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйыт­қысына айнала бастағандығы да еш күмән туғызбауға тиіс. Мұны айғақтайтын жаңа үрдіс ретінде кейінгі жылдары жергілікті қазақтар ғана емес, ұлты басқа ата-аналар да өз балаларын қазақ мектептері мен балабақшаларына бере бастағандығын айтуға болады. Атап айтсақ, биылғы оқу жылында облыстағы қазақ мектептерінде ұлты басқа 329 бала қазақ тілінде білім алып жүр. Ал Петропавл қаласындағы сәбилерге қазақ және орыс тілдерін қатар үйрететін «Алтын бесік» балабақшасында бүгінде мектепке дейінгі тәлім-тәрбиемен қамтылған 320 бүлдіршіннің 75-і – басқа этностардың балалары. Осылайша, олардың ата-аналары өз сәбилерінің мемлекеттік тілді біліп өсуін қалайтындықтарын анық білдіріп отыр. Бұл жақсы бастама алдағы кезде жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болмақ. Тағы бір айта кететін жайт: қоға­мы­мыздағы татулық пен бірлікті нығайту мақсатында облыстағы елді мекендер мен көшелердің атауларын өзгерту мәселесін абайлап, ақылмен, біртіндеп шешкеніміз абзал. Бұл бағытта осыған дейін атқарылған іс те, жинақталған тәжірибе де аз емес. Осы мәселе жөнінде 2010 жылы жарияланған мораторий Тәуелсіздік жылдары тындырылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы бағытты айқындауға, тиісті заңнаманы жетілдіруге мүмкіндік бергені кәміл. Енді Елбасы былтырғы қаңтар айында қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономас­тика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң талаптарын бұлжытпай басшылыққа алуымыз қажет. Онда елді мекендер мен көшелердің аттарын және басқа да атау­ларды ауыстыру кезінде тұрғылықты халықтың пікірі ескерілуі қажеттігі тайға таңба басқандай етіліп жазылған. Сондықтан, бұл мәселеде ешқан­дай қызбалыққа салынбауымыз, «артық қыламын деп тыртық қылып алудан» сақтануымыз керек. Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың мәліметіне сүйенсек, біздің облысымызда әлі күнге 85 көше – Ленин, 39 көше – Киров, 28 көше – Куйбышев, 25 көше – Карл Маркс, тағы 25 көше Калинин деп аталады екен. Міне, соларды өзгертіп, жаңа заманға лайықты жаңа атаулар беру қажеттігі жергілікті тұрғындар арасында дау-талас тудыра қоймас деп ойлаймыз. Қайта атау беру жұмысының жаңа кезеңін, міне, солардан бастасақ, қателеспеспіз. Әрине, Петропавл қаласының іргесіндегі, Астана мен Омбы қалаларына баратын күре жолдың бойымен әрлі-берлі өткен жолаушылардың езулеріне күлкі үйіретін Чапаевское ауылы­ның күні өткен атауын Болашақ деп өзгерту туралы заңды ұсы­ныс­ты бұрынғы, төртінші шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаттары екі рет қарап, бекітпей тастағандығы сияқты жөнсіздікке енді жол бермеуіміз керек. Мамлют ауданындағы Ленин ауылының атауын өзгерту мәселесін де бірнеше рет қарап, «Күнкөсем» есімін ауыстырарлықтай жаңа атау таба алмаған ағайындар да мықтап ойланатын кез жеткені даусыз. Міне, осындай бүгінгі күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселелердің бәрін қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аттөбеліндей азшылықтың емес, қалың ормандай көпшіліктің пікірі мен қолдауына сүйеніп, ың-шыңсыз шешкеніміз жөн. Бұл ретте «буынсыз жерге пышақ ұратын» көзсіздікке ұрынудың, асығып-аптығудың еш қисыны жоқтығын да өзіміз бел ортасында жүрген өмір тәжірибесі талай мәрте көзімізге түрткендей етіп көрсетіп бергендігін ұмытуға хақымыз жоқ. Осы орайда, Елбасымыздың «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату-тәтті, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру – барша қазақтың бас­ты қағидасы болуы шарт. Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген жан өзге халық­тарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды. Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз», деген аталы сөздерін жадымызда ұстауға тиіспіз. Елбасы айтқандай, біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Кейбір көршілес, тағдырлас елдерде аяқ астынан тұтанып жатқан қауіпті оттың жел ұшыратын ұшқынын өз ортамызға түсіріп алудан абай болайық! Сондықтан да осынау қилы заманда ел бірлігін, халық бірлігін көзіміздің қарашығындай сақтау – әрқайсымыздың ең бас­­ты азаматтық борышымыз, Тәуел­сіздікті армандап өткен ата-бабаларымыздың рухы алдындағы ең асыл парызымыз екендігін ұмытпайық! Кәрібай МҰСЫРМАН, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы. ПЕТРОПАВЛ.