Адамның бағы жанамын десе, бір-ақ сәт. Дәл осы уақытқа дейінгі ұзын-сонар өнер көшінде қаншама таланттың жұлдызы жарқырап, бір-ақ күнде аты әлемге жайылды десеңізші. Жалпы, дарынымен өз ортасында, өз елінде әйгілі болу бөлек, ал жаһандық дәрежеде өнеріңді мойындату мүлде басқа деңгей. Тіпті кей жағдайда өз қоғамында бейтаныс өнерлі жан әлемдік кеңістіктегі жетістігінен соң ғана елінде танылып, бағаланып жатады. Мәселен, бүгінде барша жұртшылыққа аса танымал музыкант Иманбек қалай «Грэммиді» алды – сол сәттен бастап жұлдызы жана түсті.
Абайша айтқанда, «өнерге әркімнің-ақ бар таласы». Теміржолшы Иманбек Зейкенов музыкамен мақсатты түрде айналыспаса да ықыласы бала кезінен бар-тын. 2000 жылы Павлодар облысында дүниеге келген жас таланттың өнерге деген алғашқы қызығушылығы сегіз жасында әкесі сыйлаған гитарадан басталыпты. Ал кейіннен Жоғары электроника және коммуникациялар колледжінде оқып жүріп, Ақсу теміржол стансасында қатар жұмыс істеген Иманбек, әрине, дәл бүгінгідей атақ-даңққа ие боларын ол кезде сезген жоқ. Сонда да бос уақытында музыкамен әуестенді: ізденді, оқыды, үйренді, ең бастысы, талантына талабы сай келді.
Музыкада ремикс деген жанр бар. Яғни музыкалық шығарманың бастапқы түпнұсқадан кейінірек және қазіргі заманғы техниканың көмегімен жазылған нұсқасы. Кейде ол түпнұсқа шығарманың бірнеше бөлігін «араластыру», оны әртүрлі дыбыспен қабаттау, арнайы эффектілер, ырғақты, пернені және басқа элементтерін өзгерту арқылы жасалады. Иманбек 17 жасынан бастап осы ремикс жасауды қолға алады. Алғашқыда ресейлік Effective Records лейблі арқылы атақты америкалық рэпердің «Roses» әніне бейресми ремикс жасаған (әннің өзі 2016 жылы жарыққа шыққан). Ремикс Saint Jhn қатысуынсыз жасалды, өйткені рэпермен байланыса алмады. Бұл 2019 жыл еді.
Ремикс жасалған ән Ресей, Украина, Белоруссияның хит-шерулерін жарып шығады, отандық арналар бірінен кейін бірі жаңа жұлдыз туралы сюжеттер жасай бастайды. Бұдан соң «Roses» Shazam әлемдік рейтингісінде №1 орынды иеленді. Америкалық Billboard чартында ТОП-25 әннің қатарына кірді. Әрине, бұл – қазақстандық музыканттар үшін үлкен жаңалық. Өйткені Иманбек – бұл чартқа ілінген алғашқы қазақ.
«Roses», алдымен, ТМД көлемінде ғана танымал болды. 2019 жылдың соңына қарай Грекия, Польша, Түркияға жетті. Ал 2020 жылы трек Батыс Еуропа мен Американы билетті. Германия мен Ұлыбританияда 1-орында тұрса, Америкада үздік ТОП-50 қатарына кіреді. Осылайша, жас қазақ жазған ремикс ән тыңдайтын түгел жұртты шарлап кете берді. Атақ та, даңқ та, қошемет те дүние жүзінің әр тарапынан жауып жатты.
«Әннің бағын әнші ашады» немесе «әншінің бағын ән ашады» деген осы болар, сірә. Бір сұхбатында: «Шындығын айту керек, менің музыкалық білімім жоқ. Бірақ әнді жан-жүрегіммен тыңдап, оған ремикс жазамын. Ата-анам әрбір жетістігіме қуанып, тілекші болып жүреді. Ол кісілердің ризашылығы мені шабыттандырады. Маған әртүрлі мемлекеттен түрлі ұсыныс түсіп жатады. Көбіне достарыммен, жақындарыммен ақылдасып бір шешім қабылдаймын. Алғашқы жазған ремиксім өзін-өзі танытты деп айта аламын. Өйткені ол түрлі танымал топтардың бөлісуімен кең тарады», деген Иманбек қазір музыкаға толығымен бет бұрды. Кәсіби түрде айналысады. Ол өзінің авторлық тректерін де шығарып үлгерді. Қазақстанда, Ресейде, Украинада Imanbek Music лейблімен белгілі қазақ продюсері және хаус-музыка ремиксері жасаған туындылардың ішінде шоқтығы биігі де аз емес. Мәселен, «Take Me» (O’Neill-мен бірге), «Hot» (Parah Dice-пен бірге), «Smoke It Up» (Stephanskiy-мен бірге), «Dope», «Clandestina» (with FILV & Edmofo featuring Emma Peters), «Romantic Dance» (DJ DmimixeR feat. MURANA) және тағы да басқалары.
Кейіпкеріміз 2019 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» мемлекеттік жобасының жеңімпазы атанып, «Мәдениет» аталымында бірінші орынға ие болғаны есімізде.
Байқасақ, Иманбектің есімімен бірге алғашқы деген сөзді жиі айтады екенбіз. Иә, оның Saint JHN орындайтын «Roses» әніне жасаған ремиксі америкалық дыбыс жазу өнері және ғылым академиясы ұйымдастыратын «Грэмми» сыйлығына ұсынылып, «Best Remixed Recording» аталымын жеңіп алды. «Грэммиді» алған алғашқы қазақ.
«Грэммиге» ұсынылған «Roses» 20 апта бойы Billboard чартында, Apple Music рейтингісінде ТОП-10 ішіне кірді. The Weeknd, Dua Lipa, Billie Eillish, Roddy Ricch, Justin Bieber сынды әйгілі әншілерді басып озып, бірнеше чартта оқ бойы озық тұрды. Мұнда да чартқа ілінген алғашқы қазақ.