Әлем Самал есіміне сонау бір жылғы Францияның әйгілі Канн фестивалінде қанық болды. Фильмде тудырған қайталанбас бейнесі арқылы киноның талғампаз жанкүйерлерін күллі қазақ өнері мен өнерпазына бас игізді. Өнермен өмір сүрген қазақтың қаршадай қызы сонда тұтас ұлттың мерейін асырып, мәртебесін асқақтатқан еді.
Иә, Францияның әйгілі Канн кинофестивалі сараптау алқасының назарын бірден өзіне бұрғызған сиқыр – басты рөлдегі актрисаның экраннан жарқ еткен отты жанары еді. Фильм атауымен аттас кейіпкердің қиын да қайшылықты тағдырын кемеліне келтіре кейіптеп, жаһан назарын жаулаған қазақ қызы Самал Еслямованың өнердегі бағын ашқан бұл фильмді көрермені де зор махаббатпен қабылдады. Өйткені фильмде өнермен егіз өрілген нағыз өмір бар еді.
– «Айка» фильмінің түсіріліміне кіріскеннен-ақ барлығымыз туындының сапасына жұмыс істедік. Өйткені режиссер үшін де, мен үшін де, басқа әріптестерім үшін де туындының көркемдік сапасы басты орында тұрды. Сондықтан болса керек, фильм жұмысы бірнеше жылға созылып, алты қыс қатарынан үздіксіз түсірілді. Көңіл күйді, ішкі қасіретті көрсетуде барынша шынайылыққа ұмтылуға тырыстық. Режиссер фильмнің әр деталін жіті ойластырды. Ұйқы, күлкіні ұмыттық. Жеті жылға жуық жанымыз да, ойымыз да осы фильмде болды. Сондықтан болса керек, додаға түскеннен-ақ мен фильмнің үздіктер қатарынан көрінетініне сендім. Бірақ оның ішінде өзім дараланып шығамын деген ой болған емес. Өйткені Канн фестивалінде фильмдер тек бір аталым бойынша ғана марапатталады. Сахнадан мені фестивальдің үздік актрисасы деп хабарлағанда жылап жібердім. Ол ең әуелі қуаныштың көз жасы болса да, екіншіден, «жүлдені жалғыз мен емес, тұтас фильм алуы керек еді ғой» деген ішкі өкініштің де көз жасы болатын, – дейді Самалдың өзі толқынысты да тарихи сол бір сәтті көз алдынан өткізіп.
Өнердің мүмкіндігі шексіз ғой. Кейде көркемдігімен, енді бірде шынайылығымен баурайды. Ал «Айкада» кино тілінің осы екі тәсілі қатар сөйлейді. Режиссер мен актрисаның тереңнен ұғысқан тандемі бірден менмұндалайды. Кино сценарийі де басты рөлдегі актрисаның бар талантын ашуға бағытталып жазылғандай. Самал кейіпкеріне, кейіпкер Самалға айналып кеткен. Арасын бөліп, шекарасын анықтау мүмкін емес. Ұлы Абайша айтсақ, «айналасы теп-тегіс жұмыр» келіпті. Сырттай зерделесең де, әңгімеге тарта кетсең де қазақы биязылығынан бір танбайтын нәзік бойжеткен ішкі психологиялық текетіресте адам танымастай өзгеріп шыға келеді. Бұл, әсіресе кино актрисасы үшін таптырмас қасиет. Самалдың фильмдегі ізденісі – осының дәлелі. Экраннан жарқ еткен тазалық пен мұң қатар қонған отты жанар Көк пен Жердің бір-біріне қабыспас кеңістігін біртұтас әлемге айналдырып жібергендей. Өнер деген осы болса керек.
– Жалпы, менің кино саласындағы биографиям аса бай емес. Қоржынымда санаулы ғана фильм бар. Бірақ оған өкінбеймін. Өйткені мен үшін қай кезде де сан емес, сапа бірінші орында тұрады. Мағынасыз көп фильмге түскенше, өзімді ел есінде қалатын жалғыз туындымен танытқым келді. Шүкір, «Айка» маған сол мүмкіндікті берді. «Айка» жарыққа шығып, үздік атанғаннан кейін отандық режиссерлер тарапынан көптеген ұсыныс түсіп жатыр. Оларға сценарийді оқып, саралап алғаннан кейін, таңдап-талғап түскім келеді. Мен үшін мезеттік атақ маңызды емес. Ал қаржылық жағынан келсек, әрине, ақша бәрімізге де керек қой. Бірақ мен өнерге ақша үшін келгенім жоқ. Менің мақсатым басқа – экран мен сахнада өлмес өнер тудыру, сол арқылы өзімді дәлелдеу. Ал арманым – туған еліме қызмет ету. Бойымдағы бар өнерімді сарқып беріп, шығармашылық мүмкіндігімді көрермендеріме дәлелдеу. Бұған дейін Мәскеудің киногерлерді тәрбиелейтін әйгілі ГИТИС-індегі оқуым дедім, одан кейін «Айка» фильмінің түсірілімі деп он жылдан аса Ресейді тұрақ еттім. Енді, міне, түбегейлі елге оралып, Астанадағы Музыкалық жас көрермендер театрындағы актрисалық қызметіме құл-шына кірістім. Ендігі мақсат – Отаныма адал қызмет ету, – дейді актриса.
Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданының аядай ғана Аралағаш ауылында туып-өсіп, арманының жолында алысқа қол созған актрисаның өнердегі жеңісінің басты сыры да – талантымен егіз өрілген осы еңбекқорлығында, өнерге деген шексіз адалдығында жатса керек. Қызылжардан қанат қағып есімі қияндағы Каннға жеткен, өрелі өнерімен әлемді мойындатқан талантты жан бүгінде теріскейдің Самалы ғана емес, күллі қазақтың мақтанышына айналды. Ендеше, самғай бер, Самал!