• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Мамыр, 2014

Дәрігерсіз дәрі-дәрмек дәрменсіз

608 рет
көрсетілді

Облыстық аурухананың бас дәрігері Владимир Стельмах – медицина ғылымдарының докторы, бай тәжірибелі дәрігер ғана емес, білікті басшы. Әңгіме облыстық аурухананың жетістіктері туралы ойысқанда ол: «Қай аурухананың да жетістіктері білікті дәрігерлерге тікелей байланысты. Мен дәрігерлеріммен мақтанамын, солардың еңбегі көрінсе, аурухананың жетістіктерінің қандай екенін кез келген кісі бағамдай алар», деді де, «Қанат Әбілдин, Бейқұт Оңжанов, Роза Валеева.., » деп тізбелей жөнелген. Біз де қалам ұшына ілінген үш дәрігердің еңбегін айтып беруді жөн санадық. «Қанат Иванович...» Қандай мекеме болса да, қыз­меткерлердің жұмысы таңер­тең­гі сағат 9-да басталмай ма? Облыстық ауруханадағы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Қанат Әбілдин таңертең сағат 7-ден аса палаталарға кіріп келгенде аурулардың өзі де тосырқап қалатын сәттер болады. Ол таң­ер­тең ерте келіп, ауруларды көзі­­мен бір көрмей, көңілі тыныш­­танбайды. Медбикелер мен дәрі­герлер өзіне күнделікті есеп бер­генде, ол жағдайды олар­дан бұрын біліп отырады. Мұн­дай еңбек тәртібіне ұжым үйренген, сондықтан жұмысқа селқос қарау деген түсінік жоқ, нақтылық қалыптасқан. Мұндай еңбекқорлық, медицинадағы жанкештілік Қанекеңе Торғай топырағынан жұғысты болды. Институтты бітірісімен Торғайдың сонау бір бүйрегіндегі Қима ауданына дәрігер болып барды. Тым шет ауданға мамандар сол уақытта да бара қоймапты. Ауданда балалар дәрігері, лор, гинеколог, онколог, окулист мамандары жоқ. Ал жоқты ауру күте ме? Жап-жас хирургке осының барлығын да жоқтатпауға тура келді. Жұмысқа ерте келеді, кеш кетеді. Ертеден қара кешке дейін ауруханадан шықпайды, қиналып келген адамдар көмек алмай, емделмей кетпейді. Қимаға келгеніне бір жыл ғана болған уақыт еді. Ауруханаға босана алмай ауыр халдегі әйел түсті. Егер әйелге кесарев тілігі операциясын жасамаса, жатыры жыртылып кетеді. Не істеу керек? Ол гинеколог мамандығына бейімделмегендіктен бұрын мұндай операцияға қатысып көр­меген болатын. Бірақ инс­ти­тутта жақсы оқыды, теориядан ешкімге дес бермейтін. Жас жігіт жү­рексіне тұра әйелге кесарев тілі­гін жасауға бел байлады. Артқа шегінуге, ойланып жатуға уақыт та мұрша бермеді. Операция сәт­ті өтті. Шекесі торсықтай ұл бала өмір­ге келді, ана да аман-есен аяқ-қолын бауырына жиды. Қы­зық­ты қараңыз, Қанат операция жасаған Мария Горбунова деген орыс әйелі осыған дейін тоғыз қыз тапқан екен. Оныншы баланы туғанда қартаң әйел осылай өлім аузынан қалады. Ол өзін де, баланы да ажал тырнағынан алып қалған жап-жас дәрігерге риза болғандықтан, тоғыз қыздан кейін көрген ұлына перзентханадан шықпай жатып-ақ Қанат деп ат қойды. Аурухана ұжымы кішкентай Қанат Ивановичті анасымен үйіне шығарып салған болатын. Сол Қанат Иванович бұл күнде азамат болып өскен. Қостанай өңіріндегі дәрігерлер, әсіресе, хирургтер арасында «Ар­қалық хирургия мектебі», «Тор­ғай мектебі» деген түсінік бар. Ол қандай мектеп еді? Тор­ғай облысы болып тұрған 70-80-ші жылдары Қарағанды медици­на институтын бітірген тор­ғайлық түлектердің барлығы да Арқалықтағы облыстық ауруханада интернатурадан өтетін, ысылатын. Сол кездегі Торғай облыстық ауруханасының бас дәрігері, білікті маман, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері Асқар Байжұманов келген жас мамандардың барлығын хирургияның қыр-сырына қолы­нан жетелеп жүріп үйрететін. Операцияларға қатыстыратын. Қанат Мырзалымұлы Қимадан кейін Арқалық ауруханасына ауысып, Асқар ағасымен 17 жыл бірге істеді. Арқалық ауруханасында ер-азаматтарды былай қойғанда үш хирург әйел – Сәуле Уәлиева, Алтынай Бәкірова, Нұрбия Құ­та­нова қызмет етті. Бірде Ден­сау­лық сақтау министрі, академик Төрегелді Шарманов Арқалық ауруханасына келеді. Арқалық ауруханасындағы күрделі операцияларды қағып тастайтын хирург қыздардың қарымына қатты таңғалған екен. – Қазір Қарағанды ауру­ха­на­сының бас дәрігері Марат Әбе­уов, Қарағанды медицина акаде­миясының профессоры Нұрғаси Абатов, астаналық дәрігер Нұр­лан Кәрбозов «Арқалық-Тор­ғай хирургия мектебінің» түлек­те­рі. Асекеңнің алдынан өткен дәрі­герлер есімі мұнымен шектел­мейді, тізе беруіме болады, – дейді Қанат Мырзалымұлы. Қазір Қанат Әбілдин Қостанай облыстық ауруханасының хирургия бөлімшесінің емендей тірегі десек артық айта қоймаспыз. Тәжірибеге енгізілетін жаңа технология, әдістеменің барлығы Қанат Мырзалымұлының қолынан өтеді. Соңғы жылдары елімізде медицина саласы адымдап дамып келеді. Қазір аудандармен телемедицина арқылы барлық әдістемені жергілікті дәрігерлерге үйретіп, айтып отыр. Адамның ішкі ағзасына – бауыр, бүйрек, асқазан, ішек, өт жолдарына эндовидеоқондырғы арқылы операция жасау өте жақсы дамыды. Шама келгенше ажал тырнағына адам бермеу Қанаттың қызметіндегі басты ұстанымы. Ал ол тек дәрігердің біліктілігі, жан­кешті еңбегімен ғана мүмкін екен­дігіне Қанекеңнің қадамы дәлел. Бейқұттың аксеомасы Бейқұт Оңжанов – облыстық аурухананың перзентхана бөлім­шесінің меңгерушісі, осындағы белді тіректің бірі. Бас дәрігер Владимир Стельмах білікті дәрі­гер­лерді осылай бағалайды, оларды бел санайды. Әдетте, облыстық ауруханаға ауыр халдегі аурулар жеткізіледі. Ал жөпелдемеде тығырықтан шықпасаң, адамнан айырыласың. Уақыттан ұтылсаң, біріншіден, адам өмірі мансұқ болады, екіншіден, аурухананың рейтингі бірден құлдырайды. Осындай сынақ шақта түйіннің шешімін табатын соңғы кездері алынған заманауи жабдықтар емес, белді дәрігерлер. Олар бол­маса, қандай жабдығың да, дәрі-дәрмегің де дәрменсіз. Біз Бейқұтты әңгімеге тартқанымызда, ол гинеколог-акушер қызметінің өмір үшін үзіл­мейтін арпалыс екенін айтты. – Күн сайын өмір иесін қарсы аламыз. Бұрынғы ата-аналарымыз әйелді киіз үйде, аттың жалында, түйенің қомында жүріп босандырып алған. Қазіргі озық тәжірибе соған ұқсайды. Босануға келген әйелдерге үй жағдайын жасаймыз. Жақын туыстарын, күйеуін шақырамыз. Босанғанда олар жанында болады, кіндігін кесуге де рұқсат етеміз. Бұл психологиялық жағынан аналарға өте қолайлы, – дейді Бейқұт Шағыпұлы. Бірақ «әйелдің бір өлімі баладан» деген емес пе еді халқымыз. Босана алмай бала үстінде қаншама ару аналар көз жұмды. Дәрігерлер көмегінің арқасында ана да, бала да ажал тырнағынан аман қалады. – Бейқұт Шағыпұлы, осыдан бірер сағат бұрын ғана бір ананы аман алып қалдың ғой? Соны неге айтпай отырсың? Бала жеті айлық, әрі теріс келіп тұрды. Оның үстіне анаға осыған дейін үш рет кесарев тілігі жасалған, төртінші рет босанарда сөзсіз операция жасалуы керек еді. Ал бұл кісі әйелдің өзін босандырды. Мұндай ғажапты тек Бейқұт Шағыпұлы ғана мүмкін етеді, – деді әріптесі Роза Валеева. Бейқұт Шағыпұлы жымиды да, баланың шала туғанын және оның аман боларына, салмақ қосарына сенімді екенін ғана қосып қой­ды. Бейқұт та дәрігерлердің «Тор­ғай мектебінен» шыққан. Ол Қара­ғанды медицина институтында оқып жүргенде өзі армандаған хирургияға бармай, гинеколог мамандығын алған. – Мен Арқалық ауруханасында интернатурадан өтіп, дипломнан кейін қызметті Жангелдин ауданында бастадым. Қазақшылығы мол өңір ғой. Алғашында гинеколог дәрігердің ер адам болғанына әйелдер тосырқап жүрді. Бірде Аққұм деген шалғайдағы ауылға бардық. Басыма қалпақ, үстіме халат, бетіме маска киіп алғанмын. Бір ағайын жеңешем де келді. Мені байқамады, жұмысымды атқарып болған соң, маскамды, қалпағымды шешіп, оған амандастым. «Ойбай, бала-ау!» деп ыңғайсызданып қалды. Күліп жатырмыз, деп еске алады Бейқұт алыс аудандағы тәжірибе жинаған жылдарын еске алып. 80-ші жылдарда Жангелдин аудандық ауруханасында кадр мәселесі өзекті болмайтын. Хирург­тер де, гинеколог-акушерлер де жеткілікті еді. Бейқұт олардан үйренді, тәжірибеге молықты. Ал 90-шы жылдары ауылдан береке кеткенде дәрігерлер де күрт азайды. Ол Торғайдағы ауруханада бірнеше жыл жалғыз гинеколог-акушер болып істеді. Ауыр аурулар келгенде ақылдасатын ешкім жоқ. Тек өзіне ғана сенетін. Ол медицинаның бұл саласын нақты ғылымдармен салыстырады. Дәрігер дұрыс шешім жасаса – дұрыс болады, біліктілігі ақсаса – ана мен балаға қауіп. Екінің бірі. «Бойында биік адамгершілігі жоқ дәрігерден білікті гинеколог шықпайды». Бұл – Бейқұт Оңжановтың аксеомасы. «Жақсы көру, сен қандай керемет ең!» Облыстық ауруха­на­дағылар «Торғай мектебінің мықтысы» деп дәріптейтін дәрі­гердің бірі – Роза Валеева. Ол – акушер-гинеколог. Роза Са­ғын­дыққызы Торғайға келіп, өзі үшін жаңа әлем ашты. Өзі орысы ормандай Лисаков қаласында өсті. Торғайлық әріптестерінен айырмашылығы – орыс мектебінде оқыды, орыс тілді ортада өсті, қазақ тілін таза түсінбейтін. Қарағанды медицина институтын бітірген соң, Қостанай облыстық ауруханасында интернатурадан өтті. Диплом алғаннан кейін «Торғайға барасың», деді. Бұл қаланы да, даланы да қыл­бұрауға салған 90-шы жылдар болатын. Өжет қыз сылтау айтып, шегінген жоқ, көзді жұмды. – «Кукурузникпен» ұшып келе­мін. Қасымда отырған жолау­шылардан Торғайға қашан жете­тінімізді сұрап қоямын. Ұшақ төмендегенде «Торғай осы!» деді бір жолаушы. Үйлері жапырайған кішкентай ғана ауыл. Кейін сол Торғайды сағынатын болдым, – дейді Роза Сағындыққызы. Институт қабырғасында сту­дент­тің барлық уақыты сабақта болады. Өмірдің осынша күрделі екенін ол сезініп үлгермейді. Роза Сағындыққызына мұны Торғай ұғындырды. Ол аудандық ауруханаға келген соң дәрігер үшін тіл білу, ең бастысы өз халқының тілін білу керектігін сезінді. Ауыр­маған, жаны қиналмаған кісі ауру­ханаға келе ме? Негізі дәрі­гер­дің алдында адамның барлығы бірдей, оның ұлтына, дініне, тіліне қарамайды. Ауру деп ғана біледі. Бірақ Торғайдың алыс ауылдарынан өмірге ұрпақ әкелу үшін шыбын жанын шүберекке түйіп жеткен аналарға қарағанда жас дәрігердің жүрегі шымырлайтын. Олардың барлығы да қазақ тілінде сөйлейді. Ал қазақтың қаракөз дәрігері пациентін орыс тілінде ғана түсінеді. Жаны қиналып жат­қан әйелдерге сын минуттарда дәрі­герлік нұсқауларды қалай жеткі­зерін білмей қиналды. Жас қой, аурумен қосыла жылағанды көр. Шамасы осыған жетті. На­мыс деген бір әлем атойласын дәрігер­дің бойында. – Маған тіл үйрену оңай бол­ған жоқ. Бірде перзентханадан шығаратын анаға қазақ тілінде кеңестер айттым. Жас ана үнсіз тыңдап отыр, басын көтермейді. Сөйтсем, менің «қазақшамнан» ешнәрсе түсінбепті. Соны ақы­ры орысшалап, қазақшалап жүріп, түсіндірдім, – дейді Роза Сағын­дыққызы еске алып. Торғай оның қазақ тіліне деген бұрын сезінбеген сүйіспеншілігін оятты, қазақша сөйлеп қайтты. Ол Торғай аудандық ауруха­насында бес жыл қызмет етті. Институтта жақсы оқуы, маман­дығын риясыз жақсы көруі білікті акушер-гинеколог болудың бас­тапқы сатылары ғана екен. – Дәрігерлер үшін «Торғай мектебі» жүзе алмайтын адамды өзенге лақтырып жіберумен бірдей. Егер өмір сүргің келсе, малтығып жүріп жағаға шығасың. Торғайдағы дәрігерлердің жағдайы да дәл солай. Алдыңа ауру адаммен бірге ажал қарсы қарап тұрғанда ышқынғаныңды білмей қаласың, – дейді Роза Сағындыққызы. Бірде қырық бір жасында тұңғышына екіқабат әйелдің толғағы басталды. Баланың басы қыстырылып қалған. Мұндайда шұғыл операция жасамаса, балаға да, анаға да қауіп. Розаның қызметті енді бастаған кезі. Мұндай ауыр сәттерде ауруханада жалғыз қалмайтын. Ал бұл жолы әріптесі іссапарға кеткен еді. Ойлануға шама да, уақыт та жоқ. Тәуекел деп операцияға кірісті. Күрделі операцияны жалғыз өзі сәтімен жасап шықты. Ысылған кезде мұнан да ауыр сәттерді бас­тан кешті. Дәрігерлік мамандық Роза Са­ғындыққызы үшін шығар­машы­лық жұмыс секілді. Өйткені, босанатын әр әйелдің денсаулығы әртүрлі деңгейде, толғағында ұқса­майтын сәттер болады. Әр әйелмен бірге толғатқандай күй кешеді. – Әйелді босандырып алған соң сенің де иығыңнан жүк түскендей жеңілдейсің, қуанасың, ана мен баланы көргендегі сезімді қалай жеткізейін. Екеуін де жақсы көресің, қорыққаның, уайымың бәрі бір сәтте ұмытылады, –деп сыр шертеді білікті дәрігер. Бірақ Роза Сағындыққызының тәжірибесінде де ана мен баланы дәрігерлердің сақтай алмаған сәттері де болған. Өмір ғой, бәрі де кездесті. – Баласын өлі туған ананы дәрігер ретінде жұбатасың, бірақ өзімнің көзім жасқа толып тұрады. «Неге бұлай болды?» деп, күндіз-түні өзіңе маза бермейсің? Кейде «дәрігерлердің өлімге денесі үйре­ніп кеткен» деген пікір айтушылар кездеседі. Жоқ олай емес, өлімнің қандайы болса да суық. Ал ана мен нәрестенің өлімі қандай ауыр десеңші! Ауруханадан үйге құр сүлдерің жетеді, жылаумен, – дейді Роза Сағындыққызы. Бұл мамандығын сүйетін дәрігердің ғана емес, патриот және жоғары адамгершілік иесінің лебізі. Қазір перзентханаларда жақсы жабдықтар жеткілікті, озық әдістер де меңгерілуде. Аудандық ауруханалармен апта сайын телемедицина арқылы хабарласып, жергілікті әріптестеріне кеңестер береді, ауыр босанады-ау деген әйелдерді облыстық ауруханаларға алдын ала алдырады. Жыл басынан бері облыста ана мен бала өліміне жол берілген жоқ. Роза Валеева да ана. Оның ұлы – студент, болашақ дәрігер. Ұлы бірде: «Мама, неге дәрігер болдыңыз, мені де осы мамандыққа жеткізгенше асықтыңыз. Егер өмірді қайтадан бастасаңыз кім болар едіңіз?» деп сұрады. Анасы ойланып отырды да: «Акушер-гинеколог болар едім», деді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.