• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 27 Қазан, 2022

Қыздар да көш бастауды көздейді

166 рет
көрсетілді

Екі аптаға созылатын бәсекелер барысында Cары құрлықтың ең үздік командаларымен қатар, Қазақстанның былғары қолғап шеберлері де өнер көрсетеді. Біздің жігіттер осы жарыстың жалпы есебінде бірінші орын алуды көздесе, қыздарымыз да дәл сол межеден көрінуді мақсат тұтады.

Өткен аптаның соңында Қазақ­стан­ның әйелдер құрамасының бас бапкері Шәміл Сафиуллин Парсы шыға­нағында қай шәкірттеріне сенім артатынын жария етті. Аса жеңіл салмақта Алуа Балқыбекова бақ сынайды. Биылғы жылдың мамыр айында Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен әлем чемпионатында жерлестеріміздің арасынан жалғыз Алуа ғана ақтық сынға дейін алқынбай жеткен еді. Сол жарысты Балқыбекова күміс медальмен қорытындылады. 50 кило салмақ дәрежесінде Назым Қызайбай рингке көтеріледі. Ол – ұлттық команда сапын­дағы ең белді боксшылардың бірі әрі бірегейі. Назымның екі дүркін әлем және Азия чемпионы деген атақтары бар. Дүниежүзілік доданың тағы біреуінде Қызайбай қола медальды мойнына ілді. Аса ауыр салмақта Ләззат Күнгейбаева айқасады. Ол 2016 жылғы әлем чемпионатында топ жарса, 2014 жылы күміске қол созды. Ләззат бұған дейін Азия бірін­­шілігінде төрт рет жүлдегерлер қата­­рына қосылса, былтыр алтыннан алқа тақты. 75 кило салмақтағы Вален­тина Хальзова да кезінде әлемдік додада дараланған.

54 кило салмақта сынға түсетін Жай­на Шекербекова мен 70 кило сал­мақ­та күш сынасатын Дариға Шә­кі­мо­ваның 2016 жылы Рио-де-Жаней­рода алауы тұтанған Олимпия ойындарында өнер көрсеткенін жанкүйерлер жақсы біледі. Оңтүстік Америка сапарынан Дариға қола медальмен оралды. Оның алдында жерлесіміз Азия біріншілігінде екі рет бас жүлдені олжалады. Рио Олимпиадасының ширек финалында сүрінген Жайна әлем чемпионаттарында үш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Ал өзге салмақ дәрежелерінде Жазира Орақбаева (52 кило), Римма Волосенко (60 кило), Аида Әбікеева (63 кило), Мәдина Нұршаева (66 кило) және Гүлсая Ержан (81 кило) шаршы алаңға шығады.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр БАӘ-нің Дубай қаласында ұйымдас­­ты­рыл­ған Азия чемпионатында Қазақ­стан құра­масы 8 алтын, 1 күміс және 1 қо­ла ме­даль иеленіп, жалпыкомандалық есепте жеке-дара көш бастаған еді. Тар­қатып айт­сақ, Алуа Балқыбекова (48 кило), На­зым Қызайбай (51 кило), Дина Жоламан (54 кило), Римма Волосенко (60 кило), Милана Сафронова (64 кило), Валентина Халь­зова (69 кило), Фариза Шолтай (81 кило) және Ләззат Күнгейбаева (+81 кило) бас жүлдені олжаласа, Владислава Кухта (57 кило) күміс алды. Ал Марина Воль­­нова (75 кило) қола медальды мойнына ілді.

Ал Қазақстаннан кейінгі екінші және үшінші сатыға Өзбекстан (1 алтын+5 күміс+2 қола) мен Үндістан (1+3+6 қола) құрамалары жайғасты. Сондай-ақ жүлде алған мемлекеттер қатарында Индонезия (0+1+0), Моңғолия (0+0+3), Тәжікстан (0+0+2), Филиппин (0+0+1), Шри-Ланка (0+0+1), Кувейт (0+0+1) және БАӘ (0+0+1) командалары бар.