• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 27 Қазан, 2022

Тоғыз жыл бұрынғы табысты қайталай ала ма?

278 рет
көрсетілді

Бірер күннен соң Иорданияның бас шаһары – Амманда бокстан XXXII Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Биылғы Сары құрлық біріншілігінде ерлер – 13, қыздар 12 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салады. Олар­дың қатарында Қазақстан құрамасының да былғары қолғап шеберлері бар.

Азия чемпионатының ережесі бо­йын­ша, құрлық бәсекесі әр екі жылда бір рет өткізіліп тұрады. Реттілік бойын­ша Азия біріншілігі 2023 жылы Өзбекстан­ның астанасы – Ташкентте ұйымдастырылуы керек еді. Алайда биыл Қытайда өтеді деп жоспарланған жазғы Азия ойын­дары белгілі себептермен келесі жылға шегерілгендіктен, Азия бокс конфедерациясының басшы­лығы жарыс күнтізбесіне өзгеріс енгізіп, Азия чемпионатын бір жыл ерте өткізуге шешім қабылдады.

Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша, Қайрат Сəтжанов жаттықтыратын бокстан Қазақстан ұлт­тық құрамасы Алматы облысының Бәйтерек ауылындағы орталықта оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Амман қаласына аттанып кетті. Әдетте, Азия біріншілігіне баратын боксшылардың есімі чемпионатқа екі апта қалғанда белгілі болып қоятын. Бұл жолы бап­керлер құрамы кей салмақтарда Иор­даниядағы додаға кімді апаратынын білмей, біраз бас қатырды.

Мәселен, аса жеңіл салмақта 2021 жылғы әлем чемпионы, Қазақстан біріншілігінің бес дүркін жеңімпазы Теміртас Жүсіпов, ел чемпионы Даниал Сәбит және жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Санжар Тәшкенбай арасынан үздікті таңдау қиынға соққаны анық. Барлығы да сайдың тасындай іріктелген боксшылар. 63,5 кило салмақта да кіл мықтылар жиналған. Жуырда ғана Астанада өткен «Елорда кубогі» турнирінің жүл­дегерлері – Мұхамедсабыр Базар­байұлы, Санатəлі Төлтаев пен Сұлтан Мусин үштігінен тек бір боксшы ғана таңдалуы керек. Ал 75 килоға дейінгі салмақта ел чемпионы Нұрқанат Райысқа тəжірибелі Тұрсынбай Құлахмет пен кейінгі кездері тәуір нәтиже көрсетіп, мамандардың көзіне түсіп жүр­ген Тимур Нұрсейітов пен Диас Нұр­жігітов тегеурінді қарсы­лық көрсетті.

Десе де, бапкерлер құрамы соңғы спарринг-жаттығуда үздік шыққан 13 боксшыны таңдап алды. Атап айтқанда, Аммандағы Азия біріншілігінде 48 кило салмақта Халықаралық дəрежедегі спорт шебері, жастар арасындағы әлем жəне Азия чемпионы, былтырғы ел біріншілігінің жеңімпазы Санжар Тәш­кенбай өнер көрсететін болды. 51 килода Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сəкен Бибосыновқа сенім артылды. 54 килода әлем чемпио­натының күміс жүлдегері, жастар ара­сындағы Азия чемпионатының бір­неше мәрте жүлдегері Сабырхан Махмұд жұ­ды­рықтасса, 57 килода әлем чем­пио­натының күміс жүлдегері, жастар арасындағы Азия чемпионы павлодарлық Серік Теміржанов алтын жүлде үшін айқасады.

60 килода бапкерлердің таңдауы жастар арасындағы Азия чемпионы, Қазақстан спартакиадасының жеңімпазы Саматəлі Төлтаевке түссе, 63,5 кило сал­мақ дәрежесінде Самат­əлінің сыңары, жастар арасын­дағы Азия чемпионы, ересектер додасының қола жүлдегері Санатәлі Төлтаев өнер көрсетеді. 67 килода 2021 жылғы Қазақстан чемпионы Дулат Бекбауов шаршы алаңға шықса, 71 килода Жамбыл облысының тағы бір өкілі, халықаралық дəре­жедегі спорт шебері, Азия чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері, Дүниежүзілік əскери ойындардың жеңімпазы Асланбек Шымбергенов Амманға барады.

Былтыр ел чемпионы атанған Нұр­қанат Райыс (75 кг) биыл алғаш рет ересектер арасындағы Азия чемпионатына қатыспақ. Сондай-ақ ол 2021 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында өнер көрсетіп, жүлделі орындарға жете алмай қалған болатын. 80 килода ел намысын жастар арасындағы әлем жəне Қазақстан чемпионы Нұрбек Оралбай, 86 килода жастар арасында бірнеше дүркін Азия чемпионы, жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Сағындық Тоғанбай қорғайды.

Ауыр салмақта (92 кг) жастар ара­­сындағы Олимпиада жеңімпазы, Қазақ­стан чемпионы Айбек Оралбай айқасса, аса ауыр салмақта (+92 кг) Токио Олим­пиа­дасының қола жүлдегері, əлем бірін­шілігінің финалисі Қамшыбек Қоң­қабаев жұдырықтасады.

«Дайындық өте жоғары деңгейде өтті. Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Спортты дамыту дирекциясы мен Қазақстан бокс федерациясының қолдауымен Аммандағы аламанға алаң­сыз дайындалдық. Бокс елімізде кең тараған, үнемі жанкүйерлердің назарында болатын спорт түрі. Алдыңғы құрлық додасының нәтижесін қоғамның қалай талқылғаны, сынның астына қалғаны əлі есімізде. Дубайда ерлер құрамасы алтынсыз қалғанын білесіздер. Биыл есе қайтарғымыз келеді. Мақсат – жалпы есепте көш бастау», деді Спортты дамыту дирекциясына берген сұхбатында бас бапкер Қайрат Сəтжанов.

Бокс жанкүйерлерінің есінде болса, 2013 жылы дәл осы Иорданияның астанасы – Амманда өткен ерлер арасындағы Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасы 7 алтын (Теміртас Жүсіпов (49 кг), Берік Әбдірахманов (60 кг), Мерей Ақшалов (64 кг), Данияр Елеусінов (69 кг), Жәнібек Әлімханұлы (75 кг), Антон Пинчук (91 кг) және Иван Дычко (+91 кг)), 1 күміс (Әділбек Ниязымбетов (81 кг)) медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте көш бастаған еді. Осыдан тоғыз жыл бұрынғы Аммандағы сәттілік биыл да жігіттерімізге серік болғай.

Биылғы Сары құрлық біріншілігі 30 қазанда басталып, 13 қарашада мәресіне жетеді. Азия чем­пионаты әдеттегідей Азия бокс конфедерациясы (ASBC) мен Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ережелерін негізге ала отырып ұйымдастырылады.