Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Қызылорда облысына барды. Кандидат Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен және сала мамандарымен кездесіп, өңірдегі өзекті мәселелерді талқыға салды.
Соңғы жылдары Сырдария өзенінің арнасы тартылып, облыстың экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайы күрделеніп отыр. Судың тапшылығы, әсіресе күріш шаруашылығына кері әсерін тигізіп отыр.
«Көктем келсе, кетпенін сайлап егін егуге кірісетін диқан қауымының көңілі алаң. Су тапшылығы мәселесі жайбарақаттықты көтермейді. Қамсыз егін егіп, су жетпей жатса, еңбектің еш кеткені емес пе?! Сондықтан біз су тапшылығы мәселесін мемлекеттік деңгейде шешуіміз керек. Ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру жайы көптен бері айтылып келеді. Дегенмен бұл іске білек сыбана кірісетін кез енді келгендей. Себебі тек бір ғана күріш егумен еңбекші елдің несібесі артып, ел қамбасының тоқ болмайтыны айқын сезіле бастады», деді Ж.Дайрабаев.
Кандидат ғылым мен өндірісте үндестік керектігіне баса назар аударды. Әсіресе суармалы жүйеге негізделген өңір үшін қазіргідей су тапшылығы жағдайында бұл өте маңызды. Кандидаттың бастамаларын қолдаған шаруалар мен ғалымдар алдағы уақытта жүзеге асатын жобаларға бірлесе әрекет етіп, барлық тарап үшін оңтайлы шешім қабылдауға дайын екендігін жеткізді.