Кәсіпқой бокстан WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы 12 қарашада өз атағын қорғап қалу үшін Дензел Бентлимен күш сынасатыны белгілі.
Аталған ұйымның басшылығы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтетін жекпе-жекте жеңіске жеткен жағдайда қандасымызды Хайме Мунгиямен жұдырықтасуды міндеттеді. Бұл қарсыластардың екеуі де өте мықты. Кәсіпқой боксты серік еткен бес жыл аралығында 27 жастағы Бентли 19 кездесу өткізіп, 17 рет жеңіске жетті. 14 қарсыласын нокаутқа жіберді. Бір рет ұтылып, тағы бір бәсекеде тең есеп тіркелді. Оның Ұлыбритания чемпионы деген атағы бар.
26 жастағы Мунгия 2013 жылдан бері кәсіпқой рингте өнер көрсетеді. Сол кезден бері 40 жекпе-жек өткізіп, бірде-бір рет жеңілістің кермек дәмін татқан емес. 32 қарсыласын ұрып жықты. Мексиканың марқасқасы 2018-2019 жылдары бірінші орта салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Кезінде ол Садам Әли, Лиам Смит, Брэндон Кук, Гари О’Салливан, Туреано Джонсон, Камил Шеремет, Габриэль Росадо, Димитриус Баллард, Джими Келли сынды саңлақтарды сан соқтырған. 2018 жылы Хайме біздің Геннадий Головкинмен жұдырықтасуға тиіс еді. Алайда Невада штатының атлетикалық комиссиясы «Мунгияның тәжірибесі әлі толысқан жоқ» деп бұл бәсекені өткізбей тастады.