Алматының «Қайраты» футзалдан өткен Чемпиондар лигасының топтық турнирінде үшінші орынды иеленіп, элиталық кезеңге жолдама алды.
Бельгияда өткен жарыстың соңғы кездесуінде жерлестеріміз Францияның «Спортингімен» сайысқа түсті. Бәсекені өте қарқынды бастаған біздің жігіттер алғашында үш доп айырмашылығымен алға шықты. Бұл голдардың авторлары – Дәурен Тұрсағұлов, Кайо және Диего Фаверо. Екінші кезең бел ортаға жеткенде қарсыластар тегеурінін күшейтті. Соның нәтижесінде Болинья мен Финео есеп айырмашылығын қысқартты. Алайда одан әріге олардың әлі жетпеді. Осылайша, 3:2 есебімен жеңіске жеткен алматылықтар элиталық кезеңде күш сынасу құрметіне ие болды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Қайрат» Бельгияның «Халле-Гооик» (2:2) және Испанияның «Пальма» (2:2) клубтарымен тең ойнаған еді.
Ал Рудныйдың «Аятына» ондай бақ бұйырмады. Алғашқы екі ойында олар Хорватияның «Ново Вриемесімен» (2:2) тең ойнағанымен, Португалияның «Спортингіне» (1:7) есе жіберді. Шешуші матчта отандастарымыз жергілікті «Пулеге» (2:5) жол берді.