• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 01 Қараша, 2022

Су добынан Азия чемпионаты

235 рет
көрсетілді

7-14 қараша күндері Таиландтың Самутпракан қаласында су добынан Азия чемпионаты өтеді. Ерлер арасындағы сайыста Қазақстан мен жарыс қожайындарынан бөлек, Иран, Сингапур, Қытай, Кувейт, Жапония, Гонконг, Оңтүстік Корея және Жапония құрамалары күш сынасады.

Спорттың бұл түрінде Қазақ­станның жеңіспен өрілген бай дәстүрі барын жанкүйерлер жақсы біледі. Әсіресе біздің жігіттер Сары құрлықта өтетін жарыстарда алдарына жан салмай жүр. Атап айтсақ, осы күнге дейін жеті мәрте алауы тұтанған жазғы Азия ойындарының алтауында отандас­тарымыз алтын тұғырға көтерілді. Тек 2006 жылы Дохада ұйым­дас­тырылған Азиадада Қытай мен Жапонияны алға жіберіп, үшін­ші орында қалып қойды. 1995-2016 жылдар аралығында жалауы желбіреген Азия чемпионаттарында 4 алтын, 2 күміс және 1 қоланы олжалады. Одан бөлек, Олимпия ойындарында төрт рет бақ сынады. Ең үздік көрсеткіші – 2000 жылы Сидней Олимпиадасында тоғызыншы орынды иеленуі. Тоғыз рет әлем чемпионатын­да бой көрсетті. Алайда Еуропа мен Американың мықты коман­даларының қарқынына төтеп беру мүмкін болмады.

Еліміздің әйелдер құрама­сының да жетістігі аз емес. Олар 2010, 2014 және 2018 жылдары өткен Азия ойындарында күміс медаль иеленді. Бірнеше рет Сары құрлық біріншілігінде жүлдегерлер санатына қосы­лып, Олимпиада мен әлем чем­пио­наттарында өнер көр­сетті. Ғасырлар тоғысында Сиднейде алауы тұтанған төрт жылдықтың басты додасына алтыншы орынды еншіледі. Әзірге бұрымдыларымыздың ең үздік нәтижесі осы. Биыл Самут­праканда Таиланд, Өзбекс­тан, Қытай, Син­гапур, Жапония, Оңтүстік Корея және Қазақстан ватерполшылары сайысқа түседі.

Ерлер мен әйелдер арасында өте­тін қос жарыста 2023 жылдың 14-30 шілдесі аралығында өтетін әлем чем­пио­натының жолдамалары сарапқа салынады.