Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласында «Достық-Дружба» кубогы үшін 2007-2008 жылы туған жастар арасында бокстан дәстүрлі халықаралық турнир өтті. «Қарашығанақ» спорт кешеніндегі рингте Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Беларусь спортшылары кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Турнирге өз елімізден Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ Орал, Ақсай және Астана қалаларының былғары қолғап шеберлері қатысты.
Биыл 24-мәрте өткізіліп отырған бұл турнирге 18 жасқа толмаған жастар ғана қатысады. Жасөспірімдер арасында олимпиадалық спорт түрін насихаттап, жас боксшыларға жаңа спорттық дағды қалыптастыру, тәжірибе алмасу үшін бұл турнирдің маңызы өте зор. Турнирге «Бәйтерек» супермаркеттер желісінің директоры Айбек Омаров бас демеуші болған.
Сонымен, 4 күнге созылған дәстүрлі турнирде 44 келі салмақта – Баубек Жақсылық (Атырау облысы), 46 келіде – Мақсат Рашид (Атырау облысы), 48 келіде – Бақдәулет Түрікменбай (Маңғыстау облысы), 50 келіде – Дәурен Тасқалиев (Ақсай), 52 келіде - Шахбос Эргашев (Өзбекстан), 54 келіде - Бекарыс Серікбай (Ақсай), 57 келіде - Ерхан Амангелдиев (Ақтөбе), 60 келіде - Хикматулло Улмасов (Өзбекстан), 63 келіде - Андрей Новик (Беларусь), 66 келіде - Акбар Ахмедов (Өзбекстан), 70 келіде - Кирилл Корженевич (Беларусь), 75 келіде - Акаман Тұяқбай (Атырау облысы), 80 келіде - Нұржан Ғибадатов (Ақсай), 80 келіден жоғары салмақта – Диас Деменов (Орал) чемпион атанды.
Бұған қоса атыраулық Әлихан Сағындық – «Жеңіске деген жігері үшін», өзбекстандық Шахбос Эргашев – «Үздік боксшы», қырғызстандық Амантур Джумаев – «Үздік жекпе-жек техникасы мен тактикасы үшін» деп аталатын жеке номинациялар бойынша марапатталды. Турнирдің үздік жаттықтырушысы болып – Өзбекстаннан келген бапкер Музаффар Усманов танылды. Үздік төрелік үшін аталымына Қырғызстаннан келген Мирлан Жээнбаев ие болды.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, дипломдармен, кубоктармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.