• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Мамыр, 2014

Әріптестік саланы дамыту тұтқасы болып табылады

269 рет
көрсетілді

Шекаралық аймақтар қай кезде де интеграциялық үдерістердің байланыстырушы буыны болып келеді. Өздеріне жүктелген осындай мерейлі міндет пен жауапкершілік жүгін терең сезіне білген жанашырлар өткен аптада Қазақстанның батыстағы қақпасы Орал қаласында «KAZSERVEX» халықаралық форумын ұйымдастыруға бастамашы болды. Ой жүгірте қарасақ мұн­да күн тәртібіне қойылған мәсе­ле өте салмақты. Бұл – мұнай-газ сала­сын­дағы сервистік қызмет және машина жасау деп аталады. Тақырыпта аталғандай, Қазақстандағы мұнай және газ кен орындарын бірлесіп игеріп жатқан әріптестер үшін мұның өзі көкейкесті әрі өзекті мәселе. Халықаралық форумда елімізде мұнай-газ саласын одан әрі дамыту жөніндегі бірінші кезектегі міндеттер және жедел кешенді көзқарас тұрғысынан шешуді қажет ететін қадау-қадау мәселелер талқыланды. Иә, республикамызда Елбасы бас­тамасы бойынша машина жасау жобаларының жүзеге аса бастағанына да біраз жыл өтті. Содан бері бұл сала үздіксіз алға даму үстінде. Осы үрдіс өзімен-өзі томаға тұйықталып қалмай көрші мемлекеттер арасындағы әріптестік байланыстарды одан әрі тереңдету қажеттігін алға тартуда. Бұл алдағы айлардың бірінде қол қойылады деп күтіліп жүрген Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына да толық сәйкес келеді. Бүгінгі басты міндеттің бірі – мұнай-газ саласында да сыртқы нарықтық кеңістікті кеңейту және ауқымын ұлғайту болмақ. Ал оның желісін бәсекелестікке төтеп бере алатын өнімдер шығару мен еңбек өнімділігін көтеру арқылы өсіруге қашанда жол ашық. Бұл үшін бірінші кезекте елдегі технологиялық парктер қызметін жаңғыртудың орны ерекше. Дәл қазіргі күні республикамызда жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын жаңғырту аса көп қиындық келтіре қоймайды. Өйткені, оған мемлекет тарапынан тиісті қолдау тетіктері жасалған. Соны ұтымды әрі тиімді пайдалана білсек болғаны. Басқосуда сөз алған Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өз сөзін осы арнадан сабақтады. Сондай-ақ, форумда айтылғандай, бүгінгі күні машина жасау және сервистік қызмет саласында отан­дық кәсіпорындар қол жеткізген же­тіс­тіктер аз емес. Оның оң мысалдары жыл сайын қазақстандық үлестің сатылап өсу үрдісінен де көрініс таба алады. Айталық, қазіргі қолда бар деректер бойынша 2010 жылы оның мөлшері 681 миллиард теңгені немесе 45,2 пайызды құраса, 2013 жылы 1 триллион 560 миллиард теңгеге немесе 57,3 пайызға өскен. Бір қарағанда қанағат тұтуға әбден тұратындай-ақ деректер. Алайда, бұған дейінгі жасалған тал­даулар мен сараптамалар жер қой­науын пайдаланушылардың сатып алу құрылымындағы қазақстандық кәсіпорындардың игерген тауарлары «тұзы татымайтындай» деңгейде екенін көрсетеді. Сонымен бірге сер­вистік қызмет түрлері тізімі де тым шектеулі. Сол себептен де бұлар аса көп қаржыны қажетсінбейтін тауар­­­лар мен қызметтер қатарына кі­ре­­тінін жасырып қалудың еш реті жоқ. Қазір мұнай қабаттарын тылсым тереңнен алу мен игерудің қажеттілігі туындап отыр. Мұндай жағдайда бүгінгі күнге дейін қолданылып келген құрал-жабдықтар жаңа күрделі де озық талаптар үшін моральдық тұрғыдан ескірген деп саналатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан да мұ­най-газ шикізатын өте терең қабат­тардан алу үшін дәстүрлі қон­дыр­­ғылардан бас тартып, арнайы жаб­дық­тарды, химиялық реагенттер мен ма­те­риалдарды пайдалануға тура келеді. Елімізде соңғы әлемдік стан­дарт­тарға жауап бере алатын озық технологияларды жеткізу Мұнай және газ министрлігінің құзырында. Солай дей тұрсақ та, оның өзі мұнай-газ шикізатын өндірумен айналысатын кез келген құрылымдарға шүленше таратыла бермесе керек. Яғни, заманауи технологиялар бірінші кезекте әлеуеті зор, біліктілігі мен мүмкіндігі мол, кәсіби шеберлігі жоғары мұнай-газ, машина жасау және сервистік салалық ведомстволарға жолданбақ. Бұл жөнінде халықаралық басқосуға қ­атысушыларға Мұнай және газ ви­це-министрі Мағзұм Мырзағалиев айтып берді. Соңғы кезде Қазақстандағы Қара­шығанақ, Қашаған және Теңіз кен орындары жобаларының жаңа кезеңі басталғаны белгілі. Соған сәйкес оның ауқымын кеңейтумен бірге күрделі технологиялық үдерістерді де іске асыру қажеттігі туындап отыр. Бұл үрдіс өз кезегінде оған отандық компанияларды да көбірек қатыстыру қажеттігін ұқтырады. Жоғарыда айтылғандай, олардың мұнай-газ жобаларына қатысу үлесі орайында шешімін тауып үлгермеген мәселелер мен кереғарлықтар да жоқ емес. Қазіргі күні мұны ретке келтіру ісі кезек күттірмейді. Осы орайда «Теңізшевроил» ЖШС-да алдағы уақытта қазақстандық мердігерлерді жоба жұмысына барынша көбірек қамту шаралары қолға алынбақ. Оның болашақ кеңейтілу көлемі 24 миллиард АҚШ долларын құрайды. Соның ішінде кеніш жетекшілері шетелдік және қазақстандық компаниялар арасында бірлескен кәсіпорындар мен консорциумдар құру жөнінде нақты іс-шаралар кешенін белгілеп отырғаны да жағымды жайт. Өз кезегінде жергілікті машина жасаушы компаниялар да жер қойнауын пайдаланушылардың талаптарынан шыға алатынына күмән келтіруге болмайды. Осындай үлгілі отандық өндірістің бірі «ЗенитТехСервис» ЖШС болып табылады. Түйіндеп айтқанда, әріптестер ара­сында жаңа технологияларды енгізу мәселелері саланы түбегейлі жаңғыр­тудың басты тұтқасына айналуда. Сондай-ақ, форумда Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Рахымбек Әміржанов ішкі және сыртқы нарық кеңістіктерін кеңейту үшін шекаралас өңірлердің бір-бірімен байланысын одан әрі нығайту мәселелерін көтерді. Осы орайда ол мұнай-газ саласында кластерлер құру қажеттілігін де тілге тиек етті. Бұл ұсыныс форумға қатысқан шетелдік, соның ішінде ресейлік компаниялар тарапынан да қолдау тапты. Әрі оның өкілдері Қазақстанда бірлескен кәсіпорындар құру жоспарын қазірдің өзінде ойлас­тырып қойғандарын жеткізді. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.