Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Балалар жылы аясында еліміз бойынша мектеп оқушылары арасында балалар оқуы байқауын ұйымдастырған болатын.
Еліміздің барлық қиырын қамтыған байқаудан жамбылдық балдырғандар да тыс қалған жоқ. Облыстық білім басқармасына қарасты «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының бастамасымен қолға алынған іс-шара Тараз қаласындағы №13 орта мектептің базасында өтті. Оған Тараз қаласындағы орта білім беретін мектептердің 50 оқушысы қатысып, өздерінің ізденіс ізіне түскендерін байқатты.
Жалпы алғанда, 3-10 сынып оқушыларын қамтыған байқауда білім алушылар жас ерекшеліктеріне қарай бақ сынады. Олар «әдебиет» порталы интернет жобасында жарияланған қазақстандық және шетелдік әдеби кітаптарды сілтемелер арқылы оқыды, жаңа тұрпаттағы әдебиетті көңілдеріне тоқыды. Өздері оқыған кітаптар бойынша ұстаздар тарапынан берілген тапсырмаларды тас-түйін орындаған үздік оқушылар жүлделі орындарға ие болды.
Көркем әдебиетке ден қойған 27 бала жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтар болсақ, 4 оқушы қатарынан оза шауып, жеңімпаз атанса, 8 оқушы екінші орынға, 15 оқушы үшінші орынға лайық деп танылды.
«Көркем әдебиет қай кезде де бізді қанаттандырады. Әрбір шығармадағы кейіпкерлердің мінез-құлқы, қаламгерлердің жазу шеберлігі, тақырыптың өзектілігі біздің замандастарды ойландырмай қоймайды. Барлық білім атаулы кітапта екенін жақсы түсінеміз. Білім іздегеннің озатынын, бүлік іздегеннің тозатынын сезінеміз. Сондықтан да осындай байқаулар жиі ұйымдастырылып тұрса одан ешкім ұтылмайды», дейді байқауда жүлде алған үздік оқушылар жүздері бал-бұл жанып.
Жамбыл облысы