Гендерлік саясат – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Астанада еліміздегі әйелдер мен қыздардың саяси мүмкіндіктерін арттыру және көшбасшылық әлеуетін дамыту бойынша жаттықтырушыларға арналған тренинг басталды.
«Tomiris» ақпараттық-білім беру бағдарламасы аясында басталған тренинг мақсаты – гендерлік теңдік арқылы Қазақстан экономикасын жақсарту, сондай-ақ әйелдер мен қыздардың басқарушылық әлеуеті мен саяси мәдениетін дамыту және әсерін зерттеу. Жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымының қолдауымен өтті.
Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова әр өңірден білім, жаңа серпін іздеп келген болашақ жас саясаткерлерге тренингтер кешенді түрде өткізіле бастағанын айтты.
«Біз саясатқа келгенде мұндай дүниелер жоқ еді. Әркім өз білгенімен жүрді. Менің ойымша, бұл шынымен де ерекше жоба. Біріншіден, бұл әрекет заңнамалық тұрғыда негіз болды. Мемлекет басшысы партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота қарастыруды ұсынғаны ұтымды ұсыныс, саяси еркіндіктің арқасында әйелдерге берілген мол мүмкіндік деп білемін. Ең тиімді демократия ең жақсы құралдарды қолдану арқылы құрылады. Саяси даму туралы сөз болғанда, мұнда мүлде басқа механизм енгізіледі. Сіздің кәсібилігіңіз әрқашан соңғы нүктені қоя бермейді. Қазақстанның статистикасы әйелдердің 52 пайызын құрайды. Әйелдердің міндеті ата-анаға қарау, баланы балабақшаға апару деген сияқты сынды жиі естимін. Бірақ оған қосымша қаражат сұрамаймыз ғой. Бұл мәселеде біздің кәсіби қызметіміз бар. Егер сіз бір мақсатқа жетуді қаласаңыз, оның жолын міндетті түрде табасыз», деген ол тренинг қатысушыларына сәттілік тіледі.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Баймульдинов «Tomiris» ақпараттық-білім беру бағдарламасының басты міндеттерінің бірі әйелдер мен қыздардың көшбасшылық және саяси белсенділігін арттыру екенін жеткізді. «Бұл тренинг арқылы әйелдердің көшбасшылық қасиеттерін жоғарылатып, саяси науқандарда белсенді болуына ықпал етеміз. Яғни Қазақстанның саяси әлеуетін арттыруға ықпал жасау», деді ол.
Қазақстан бойынша 100-ден астам қатысушының барлығы өз өңірлерінде аудиториясы ауқымды жандар екенін айта кетелік. Мәселен, астаналық Әйелдер күштері альянсы төрағасының орынбасары Баян Тойкебаеваның айтуынша, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға, әйелдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бұл тренингтің берері мол. «Әйелдердің саяси көшбасшылық мектебін республиканың 16 өңірінде бастап жатырмыз. Бұл жоба аясында мектеп, колледж, жоғарғы оқу орындары қыздарын да көшбасшылыққа дайындау мектебінің жоспары құрылады», дейді ол.
Ал KASIP консалтинг орталығының басшысы, Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менторы, оралдық тренер, заңгер Зульфия Тынымгерейқызы көп жылдан бері іскер әйелдер кеңесімен жұмыс істеуінің нәтижесінде конкурстан өтіп жобаға келген. Ол әйелдерді саясатқа қалай даярлау керек, қандай құралдар бар, алға кандай мақсат қою керек, елімізге кандай лидерлер керек, саясатта әйелдердің рөлі қандай екенін түсінуге тренингтің септігі тиетінін және оны өз өңіріндегі әйелдерге жеткізетінін айтады.
Тренинг бүгінде Қазақстанның барлық өңірінен 25 тренерді оқыту арқылы пулын қалыптастырады. Сондай-ақ жоба өңірлердегі саяси белсенді әйелдерді алдағы уақытта оқыту және оларды сүйемелдеу мүмкіндігін арттырады.
– Батыс өңірінде өтінім берушілер көп болды. Бірақ тренингке қабылданғандар саны – 25. Іріктеуді Ақпарат министрлігі өткізіп, БҰҰ ұсынылған кандидаттарды іріктеп, бекітті. Басты талап кандидаттың тренерлік тәжірибесінің және сайлау науқанына қатысу тәжірибесінің бар болуы болды. Мен – тренермін. Яғни менің қызметім білім беру, дағды қалыптастыру, кеңес беру және сүйемелдеуден тұрады. Ал қалғаны уақыт еншісінде, – дейді батысқазақстандық бизнес-тренер Әсемгүл Қадырханова.
Аталған тренинг 1 қарашада басталып, 5 қарашаға дейін өткізіледі.