Астана қаласында орналасқан Қазақстан Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында №25 орта мектебінің «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының құрылғанына 20 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті.
Іс-шараға Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы мен елордалық әскери бөлімдерінің өкілдері, сондай-ақ №25 орта мектептің оқушылары мен олардың ата-аналары қатысты.
«Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының қалыптасуы мен қызметіне, сондай-ақ әскерге дейінгі жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісіне аталған білім ордасының және Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінің басшылығы елеулі үлес қосып келеді.
– Құқықтық тәртіп әскерінің өкілі ретінде, оқушыларды «Жас бүркіт» киімімен ғана емес, Ұлттық ұланның формасымен көргеніме өте қуаныштымын. Мектепте алғашқы әскери дайындықты өткізуге қажетті материалдық-техникалық база бар. Оқушылардың бойына үлкендерді құрметтеу, ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық тарих пен мәдениетті тану сынды құндылықтарды сіңіреміз. Бұл олардың өз елінің патриоттары ретінде қалыптасуына оң әсер етері сөзсіз. Тәрбиеленушілерге жан-жақты білім алуға, спортпен және қолданбалы ғылымдармен шұғылдануға, әскери салада өз дағдыларын жетілдіруге шын жүректен тілектеспін, – дейді Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасының бастығы, полковник Александр Крамар.
Бүгінгі таңда Ұлттық ұлан мен «Жас бүркіт» клубы бірлесіп, жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімдері, әскери борышын өтеген жауынгерлерді құрметтеу кештері, мерекелік салтанатты жиындар, тақырыптық викториналар мен байқаулар, «Ерлік сабақтары», «Ашық есік күндері» акциялары сияқты әскери-патриоттық мазмұндағы көптеген іс-шаралар өткізуде.
1995 жылғы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан Ішкі әскердің 17 жауынгерін еске алуға арналған жыл сайынғы еске алу шеруіне әскери-патриоттық сыныптардың қатысуы дәстүрге айналған. Әскери-патриоттық клуб өздеріне жетекшілік ететін 6636 әскери бөлімінің қоғамдық өміріне белсенді қатысып қана қоймай, елорда аумағында ауқымды іс-шаралар өткізеді.
Жиын соңында Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының өкілдері алғашқы әскери даярлықтың ең белсенді оқушылары мен оқытушыларын «Құқықтық тәртіп әскерлеріне – 30 жыл» мерейтойлық медальдары және грамоталармен марапаттады.