АСТАНА. 27 мамыр. Еуразия экономикалық одақ туралы келісімге қол қойылуы тарихи оқиға. Парламент Сенаты мен Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі Парламенттік ынтымақтастық комиссиясының бесінші отырысында Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бір бірімен ынтымақтаса өмір сүргісі келетін үш мемлекет халықтарының мұқтажына толықтай жауап беретін экономикалық одақтың құрылуы өте маңызды.
Жиында Сенат төрағасы: «Экономикалық ықпалдастықты дамыту одақтың барлық қатысушыларына ыңғайлы», – деді.
Сондай-ақ, ол: «Бүгінде әлемде қызмет етіп жатқан 200 ықпалдастық бірлестіктер арасында Еуразиялық экономикалық одақ өзін мейлінше тиімді және табысты етіп көрсететініне толық негіз бар. Бірақ, ол үшін қажырлы қызмет етуге тура келеді», – деді.
Кездесуде Сенат төрағасы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге бірлесе әзірлік жасауға Қазақстан және Ресей сенаторларының назарын аударды.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «ҚазАқпарат».
Фото: egemen.kz.