Отан алдындағы борышты өтеу – барлық ер жігіттің азаматтық парызы. Әсіресе ат жалын тартып, кәмелеттік жасқа толғанда әскерден жалтарып жүру – ер азаматқа сын. Елімізде әскерден жалтармай-ақ ағалы-інілі болып әскерге баратын отбасылар да бар. Сондайлардың бірі – қарағандылық Аманбай әулеті.
Бекарыс және Бейбарыс Аманбай өткен жылдың күзінде Ұлттық ұлан қатарына азаматтық борышын өтеуге аттанған. Аралары бір жылға жетпейді. Екеуі де әскерге өз еркімен сұранып келген. Тағдырдың жазуымен бір әскерге, бір бөлімшеге түсіпті. Бүгінгі таңда ағайындылар 5574 әскери бөлімінің тісқаққан сарбаздары. Қос сарбаз компьютер тілін жетік меңгергені соншалық, қазір әскери бөлімде кәсіби мамандармен бірге иық тіресіп жұмыс істеуде. Бекарыс пен Бейбарыстың ұқсастығын «Әрекеттестік-2022» командалық-штабтық оқу-жаттығу кезінде тілшілер де байқап қалған көрінеді.
Өйткені ағайынды Аманбайлардың туыс екенін бір көргеннен аңғаруға болады. Бекарыс екеуінің жүріс-тұрысы, сөз сөйлеу мәнері ұқсас. Бекарыс бойшаң және мінезі ашық. Бір көрген адаммен ескі досындай тез тіл табысып кетеді. Ал Бейбарыс керісінше тұйықтау, бірден ашылып сөйлемейді. Сонда да оқырмандар үшін өз ойымен бөлісуге келісті.
– Отан алдындағы борышты өтеу – әр азаматтың парызы. Әскердің өз қиыншылықтары болғанымен мұнда аса алып бара жатқан мәселе жоқ. Барлығымыз бір атаның баласындай доспыз. Әскерде тәртіп пен достықтың, шыдамдылық пен сабырдың қадірін түсінесің. Ағаңмен бір бөлімде қызмет атқарсаңыз мүлде керемет. Мен оның конспектілерін толтырғанда, ол менің жағамды тігіп береді. Екеуміз бір-бірімізге демеу болып жүреміз. Оның үстіне, әкеміз әскер саласының ардагері. Біздің әскерге барғанымызға қолдау көрсетіп, бірінші қатарда әскери комиссариатқа жіберген де сол кісі. Әскери адам болу біздің қанымызда бар десек, артық айтпаймыз, – дейді ағайындар.
Бекарыс әскерден кейін Ұлттық ұланда келісімшарт бойынша қалғысы келеді. Оны әскери форма бала кезінен қызықтырады. Сонымен қатар электронды гаджеттер мен жаңа технологияларға деген қызығушылығы зор. Әскери бөлімдегі компьютерлерді жасап, көзге түскен сарбаздың біліктілігін бөлім басшылығы да жоғары бағалаған. Осылайша, сарбаз жауынгерлік міндеттерімен қатар, әскери бөлімнің автоматтандырылған басқару жүйесінің тамырына қан жүгіртіп жүр. Ағасы Бейбарыс болашақта дәрігер атанғысы келетінін жасырмады. Сол себепті де ол әскери борышын аяқтағаннан кейін медициналық оқу орнына түсуге бел байлаған.
Қос сарбаздың өз мүмкіндіктерін көрсетуге жол ашқан командирлеріне деген алғысы мол. Олар бір жыл ішінде патриоттық, рухани және жауынгерлік дайындықтан өтіп, Отанымыздың елжанды азаматтарының қатарын көбейтеді деген сенімдеміз.
Дарын СЕЙІТОВ,
әскери журналист