• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 02 Қараша, 2022

Әлихан Смайылов «Атамекен» ҰКП төрағасымен кездесті

212 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Райымбек Баталовпен кездесті. Жиын барысында бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтып,  жаңа коммерциялық жобаларды іске қосу мен дамытуға жағдай жасау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің ресми парақшасына сілтеме жасап. 

Мемлекет экономиканың түрлі секторында бизнес өкілдерін толғандыратын мәселелерге ерекше көңіл бөледі. 

«Проблемаларды шешудің жақсы мысалдары бар, бірақ мемлекеттік органдар тарапынан әзірленген шешімдерді іске асыруды кешіктіру фактілері де жоқ емес. Бұл мәселелер менің жеке бақылауымда болады», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Ұлттық палатаның нормативтік құқықтық актілерге жүргізілетін сараптаманы күшейту жөніндегі ұсынысын қолдады. Атап айтқанда, әзірлеуші мемлекеттік органды бизнес мүдделерін қозғайтын НҚА жобасының соңғы нұсқасын ҰКП-ға қайта жіберуге, ал консенсус болмаған жағдайда тұжырымдамалық мәселелер бойынша қарау және позицияны дайындау үшін Премьер-Министр деңгейіне шығарылатын келіспеушіліктер хаттамасын жасауға міндеттейтін нормаларды енгізу бастамасы көтеріледі.

Сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау жүйесінде құжаттарды әзірлеуде ҰКП рөлін күшейту көзделген. Сонымен қатар Әлихан Смайылов мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруды бақылауды жақсарту тетігін әзірлеу жөніндегі бастаманы қолдады.

«Осы жұмыс шеңберінде Үкімет деңгейінде бекітілетін әрбір сала үшін маңызды нысаналы индикаторлар – KPI қалыптастырылады. Осы көрсеткіштерге қол жеткізуді бірге бақылаймыз», деді Премьер-Министр.

Бұдан басқа, Әлихан Смайылов өңірлер деңгейінде халықтың басым бөлігі еңбек ететін шағын бизнеске бағытталған осындай тәсілдерді енгізуді мақұлдады.

Төралқа басшысы Райымбек Баталов Ұлттық палатаны трансформациялау басталғаны, оның бюджеттік бағдарламаларға және оған тән емес функцияларға тәуелділігі қысқартылып жатқанын айтты. Сондай-ақ бизнес қоғамдастықтың жаңа Салық кодексін және бірқатар стратегиялық мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге қосқан үлесі мен өңірлерде шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жаңа тәсілдері жөнінде ақпарат берді.