Иорданияның бас шаһары – Амманда бокстан XXXII Азия чемпионатының жалауы желбіреді. Екі аптаға жалғасатын биылғы Сары құрлық біріншілігінде Азияның 27 елінен келген 267 боксшы (181 ер, 86 әйел) сынға түседі. Бас жүлде үшін жұдырықтасатын боксшылардың қатарында Қазақстанның да былғары қолғап шеберлері бар.
Бұған дейін жазғанымыздай, бокстан Азия чемпионаты жоспар бойынша 2023 жылы Өзбекстан астанасы – Ташкентте өткізілуге тиіс еді. Алайда биыл Қытайда өтеді деп жоспарланған жазғы Азия ойындары келесі жылға ауыстырылғандықтан, Азия бокс конфедерациясының басшылығы жарыс күнтізбесіне өзгеріс енгізіп, Азия чемпионатын бір жыл ерте өткізуге шешім қабылдаған болатын.
Азия чемпионаты басталардан бір күн бұрын Амманда боксшылардың жеребесі тартылды. Бір айта кетерлігі, Қайрат Сəтжанов жаттықтыратын Қазақстан ерлер құрамасының жеті боксшысы Азия бокс конфедерациясының (ASBC) рейтингінде үздіктер қатарында тұрғандықтан, жарысты ширек финалдан бастайтын болды. Сондай-ақ турнирді екінші айналымнан бастайтын үш боксшымыз кеше алғашқы жекпе-жектерін өткізді.
Сонымен, жеребе нәтижесіне сүйене отырып, биылғы Азия чемпионатындағы боксшыларымыздың алғашқы қарсыластары кімдер және бас жүлде жолында кімдермен жұдырықтасуы мүмкін екенін сараптап көрейік.
Аса жеңіл салмақта (48 кило) жұдырықтасатын отандасымыз Санжар Тәшкенбай 4 қараша күні алғашқы айналымда өзбекстандық Асылбек Жалиловпен қолғап түйістіреді. Өзбек боксшысы былтыр 22 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионатында өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алған. Ал 2021 жылы Польшада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған 19 жастағы жерлесіміз биыл алғаш рет ересектер арасындағы Азия чемпионатына қатысып жатыр. Оның Азиядағы басты қарсыласы – жапониялық Кадзума Аратаке. С.Тәшкенбайдың жолы рейтингте бірінші тұрған жапон боксшысымен тек финалда ғана қиысады. Жерлесіміз келесі айналымға шығып жатса, Азияның екінші нөмірлі былғары қолғап шебері қырғызстандық Мирлан Түрікбайұлымен кездеседі.
51 кило салмақтағы әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов алғашқы айналымда бос болғанымен, жарысты екінші кезеңнен бастады. Ол кеше ширек финал жолдамасын үндістандық Кумар Спаршпен сарапқа салды. Бұл салмақтағы Сәкеннің басты қарсыласы – өзбекстандық Хасанбой Дусматов та жарысты екінші кезеңнен бастады. Жеребеге сәйкес, екі боксшы бір-бірімен тек финалда ғана кездеседі.
Тағы бір айта кетерлігі, кезінде ұлттық құрама сапында жұдырықтасып, халықаралық және елішілік жарыстарда жүлдегер атанған Азат Махметов бұл күндері Бахрейн құрамасының намысын қорғап жүр. Жеребе қорытындысы бойынша, екі қазақ боксшысының жолы ширек финалда қиысуы мүмкін.
Сондай-ақ 57 килодағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жастар арасындағы Азия чемпионы Серік Теміржанов кеше екінші айналымда Түрікменстан өкілі Ихлас Гылычжановпен жұдырықтасты. Серіктің финалға дейін алқынбай жетуіне толық мүмкіндігі бар. Өйткені кіл мықтылар жеребенің екінші бөлігінде топтасқан.
Жастар арасындағы Азия чемпионы, ересектер додасының қола жүлдегері Санатәлі Төлтаев та (63,5 кило) кеше өзбекстандық Руслан Абдуллаевпен кездесті. Р.Абдуллаев – Өзбекстанда туған қандасымыз. Ол былтыр өз салмағында Өзбекстан чемпионы болды. Сондай-ақ 22 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионатында топ жарып, жарыстың ең үздік боксшысы атанған. Қазіргі таңда бокс мамандары Абдуллаевтың болашағына зор сеніммен қарап отыр.
Әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов ұлттық құрамадан кеткен соң оның орнын 67 килода Жамбыл облысының өкілі Дулат Бекбауов басты. Бұл боксшының жеке бапкері Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевтың ұстазы – Нұрлан Ақүрпеков. Былтыр ел чемпионы атанған Бекбауов ертең Азия чемпионатының екінші айналымында жастар арасындағы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері түрікменстандық Сапармурат Одаевпен кездеседі. Жерлесімізді ширек финалда Азияның және Өзбекстанның бірінші нөмірлі боксшысы Асадхужа Муйдинхужаев күтіп тұр.
71 килода өнер көрсететін Асланбек Шымбергенов екінші айналымда (4 қараша) Филиппин өкілі Пианар Маржонмен қолғап түйістіреді. Шымбергенов жартылай финалға дейін Өзбекстан, Моңғолия, Үндістан және Тайланд боксшыларымен жолығуы мүмкін.
Ал қалған жеті салмақтағы боксшыларымыз жарысты бірден ширек финалдан, яғни 6-7 қараша күндері бастайды. Атап айтқанда, 54 килодағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Махмұд Сабырхан жартылай финал жолдамасын Чожан Фануват (Таиланд) немесе Ганболд Доржнямбуумен (Моңғолия) сарапқа салады.
60 кило салмақтағы Саматәлі Төлтаев ¼ финалда Мирзохид Имамназаров (Қырғызстан)/Шукур Овезов (Түрікменстан), Нұрқанат Райыс (75 кило) Сагын Сатыбалдыұлы (Қырғызстан)/Кан Чей Вей (Тайбэй), Нұрбек Оралбай (80 кило) Анвар Насрединов (Камбоджа)/Жонгжохо Вирапон (Таиланд) жұбының жеңімпаздарымен жұдырықтасады. Үш былғары қолғап шеберіміздің де жолдары жартылай финалға дейін ашық. Өзбекстан, Моңғолия секілді елдердің боксшыларымен тек финалда ғана жолығады.
86 кило салмақта жұдырықтасатын Сағындық Тоғанбайға Тәжікстанның тәжірибелі боксшы Навруз Джафоев қарсылас атанды. Ол – 2013 жылы дәл осы Амман қаласында өткен Азия чемпионатының жартылай финалында жерлесіміз Жәнібек Әлімханұлымен шаршы алаңда кездесіп, жеңіліп қалған болатын. Бұл жолғы бәсекеде де қазақ боксшының мерейі үстем болады деген үміттеміз. С.Тоғанбай жартылай финалда былтыр әлем чемпионатының бірінші айналымында бельгиялық Виктор Схельстреден нокаутпен масқара болып жеңілген өзбекстандық Шохджахон Абдуллаевпен, финалда Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азияның бірінші нөмірлі боксшысы қырғызстандық Еркін Адылбекұлымен жұдырықтасуы мүмкін.
Ауыр салмақта (92 кг) жастар арасындағы Олимпиада жеңімпазы, Қазақстан чемпионы Айбек Оралбай ширек финалда Үндістан өкілі Навин Кумармен қолғап түйістіреді. Ересектер додасына былтыр ғана ауысқан үндістандық былғары қолғап шебері осал қарсылас болмауы бек мүмкін.
Азияның үшінші нөмірлі боксшысы ретінде тіркелген Айбек жартылай финалда ирандық Туфан Шариф, финалда Өзбекстан құрамасының намысын қорғайтын тағы бір қазақ боксшысы – Мадияр Сайдрахимовпен бас жүлдені сарапқа салуы ықтимал. Екі боксшы былтыр Сербиядағы әлем чемпионатының ширек финалында кездесіп, Мадияр ұпай санымен жеңіске жеткен болатын. Бәлкім, бұл жолы Айбек есе қайтарып қалар.
Аса ауыр салмақта (+92 кг) Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, əлем біріншілігінің финалисі Қамшыбек Қоңқабаев ширек финалда Вишах Моханнад (Палестина) пен До Хьен Ким (Оңтүстік Корея) жұбының жеңімпазымен жұдырықтасады. Ал финалда өзбек Лазизбек Мулложонов немесе үндістандық Нарендермен кездеседі.
Ал әйелдер арасындағы жеребеге тоқталар болсақ, Азия чемпионаты басталмай жатып, Шәміл Сафиуллин жаттықтыратын қыздар құрамасы ел қоржынына үш жүлде салып үлгерді. Яғни өз салмақтарында біріншілікке қатысатын боксшылардың саны аз болғандықтан, Мәдина Нұршаева (66 кило), Гүлсая Ержан (81 кило) және Лəззат Күнгейбаева (+81 кило) жарысты жартылай финалдан бастайды. Бұл – аталған үш боксшымыз кем дегенде қола жүлдеге қол жеткізіп отыр деген сөз. Жоғарыда аты аталған боксшыларымыз қолда тұрған қоласын аз күнде алтынға айналдырады деген үміттеміз. Ал олардың алғашқы айналымдағы қарсыластары кімдер?
12 салмақта сынға түсетін қыздарымыздың сегізі Азия чемпионатын ширек финалдан, үшеуі жартылай финалдан бастайтын болды. Тек әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, былтырғы Азия біріншілігінің алтын жүлде иегері Назым Қызайбай ғана 1/8 финалда сынға түседі. Ол екінші кезеңде Таиланд өкілі Раксат Чутаматпен жұдырықтасады. Ал ширек финалда шаршы алаңға көтерілетін жеңіл салмақтағы Алуа Балқыбекованың (48 кило) қарсыласы кейінірек белгілі болатын болса, Жазира Орақбаева (52 кило) кореялық Чавон Киммен, Жайна Шекербекова (54 кило) жапониялық Хана Наритамен, Карина Ибрагимова (57 кило) кореялық Им Аежимен, Римма Волосенко (60 кило) моңғолиялық Номин-Эрден Тугсжаргалмен, Аида Әбікеева (63 кило) жапониялық Маи Китомен, Дариға Шәкімова (70 кило) үндістандық Пужамен және Валентина Хальзова (75 кило) тағы бір үндістандық Ловлина Боргоянмен кездеседі.
Ал жартылай финалдағы Мәдина Нұршаева кореялық Чой Хонгумен, Гүлсая Ержан вьетнамдық Ти Хонг Нгуенмен және Ләззат Күнгейбаева үндістандық Альфия Тараннум Акраммен финалдық жолдаманы сарапқа салады.
Өкінішке қарай, Азия біріншілігіндегі боксшыларымыздың жекпе-жектерін қазақстандық жанкүйерлер телеарналардан көре алмайтын болды. «Аталған жарысты Qazsport телеарнасы көрермен назарына ұсынуды жоспарлағанымен, Азия бокс конфедерациясы мен жергілікті ұйымдастырушылар телевизиялық түсірілім жасамайтындықтан, Азия чемпионатын көрсете алмаймыз», делінген Qazsport телеарнасының хабарламасында.