Жазушы-драматург Талаптан Ахметжан тірі болса, былтыр алпыстың асқарына шығар еді. Алпыс жылдығын уақтылы атап өтуге шектеу шаралары тұсау болды. Десек те игіліктің ерте-кеші жоқ. Кеше облыстық А.Пушкин кітапханасында Талаптан Ахметжанның 60 жылдық мерейтойына орай «Таңғажайып Талаптан» атты естеліктер жинағы мен «...Ғұмырын қишы жасынның!» атты қос кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Әдеби кешке жазушының жерлестері, туған-туыстары және жары Риза Әділбекқызы мен қызы Әйгерім қатысты. Кітапхана залында бас қосқан меймандар жазушыны еске алып, жылы естеліктер айтты. Әлбетте, сыйлы қонақтар қос кітаптың тұсауын кесті.
Салтанатты жиынға келген қонақтар Талаптанның талантына бас иіп, оның адамгершілік, кісілік келбетін әңгімеге арқау етті. Шығармашылығынан бөлек, адалдығы мен адамгершілігі, табандылығы мен азаматтығы, қарапайымдылығы мен қайырымдылығы көпшіліктің есінде екен.
– Талаптанмен алғаш 1992 жылы дәмдес болдым. Барақ батырдың 290 жылдық мерейтойы өтіп, аяғымыздан тік тұрдық. Ауданға Қабдеш Жұмаділов, Советқазы Ақатаев, Қасым Қайсенов, Оралхан Бөкей, Талаптан Ахметжан сынды мәшһүр жазушылар келді. Сонда Талаптан Оралханның жанында жүрді. Тойды өткерген соң «Egemen Qazaqstan» газетінде істейтін жерлесіміз Айдарбек Ғазизов, Талаптан Ахметжан, Оралхан Бөкей бар, Шірікаяққа кетіп, әрі қарай Шыңғыстай түсті. Кейін он жылдан соң, 2002 жылы Барақ батырдың 300 жылдығында ауданға тағы да он шақты жазушы келді. Сөйтсек, ол делегацияны Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Талаптан Ахметжан бастап келіпті. Қуандық. Білері көп азамат еді. Бұл жерде бір шындықты айтқым келеді. 2013 жылы республика болып Оралхан Бөкейдің 70 жылдығын тойладық. Бірақ өмір бойы құлыным деп аңсап өткен жалғыз ұлы Айхан келмеді. Айтпағым, Әйгерім, әкеңнің атын көтеріп жүрген саған рахмет! – деген Бақытқан Өлмесеков жазушының қызына ризашылығын білдірді.
Айта кетсек, Талаптан Ахметжанның алғашқы әңгімесі облыстық «Дидар» газетінде жарық көрген. Ол туралы естелікпен белгілі журналист Айтмұхамбет Қасым бөлісті.
– Талаптанмен студент кезімде таныстым. Алғашқы кітабыма Талаптан алғысөз жазған екен. «Алғашқы тырнақалды әңгімемді облыстық «Коммунизм туы», қазіргі «Дидар» газетінің редакциясына жасқаншақтай апарғанымда, Айтағаң жылы қабылдап еді. «Менің жазған шатпағымды оқып шығуға уақыты жоқ шығар. Қолына дереу берем де кетем ғой» деп барғанмын. Бірақ Айтағаң бар жұмысын ысырып тастап, оқып шықты. Пікірін айтты. Жиі-жиі жазып тұруыма кеңес берді», деп жазыпты алғысөзінде. Сол кез әлі есімде. «Айқасқа» деген әңгімесін әкелген еді. Өзі құрылысшының оқуында оқиды екен. «Құдай берген дарының бар» деп ақыл айтқаным да рас. Әңгімесі газетке шықты. Кейін оқуын бітірген соң Самар жаққа кетті. Екеуміз хат жазысып тұрдық. Негізі, Талаптан мен туралы естелік айтуы керек еді ғой. Өкінішке қарай тағдырдың жазуы сол, – деп еске алды.
Әр жазушының өмірі мен шығармашылығын үнемі назарда ұстап, оны оқырманға жеткізуді міндетім деп білетін кітапханашы әрі осы кештің жүргізушісі Зиза Слямова Күршім өңірінен шыққан ақын-жазушыларға тоқталып өтіп, өзекті мәселенің ұшын шығарды.
– Бүгінгі күні Күршім өңірінің табиғатын шығармаларына арқау етіп жүрген жазушы Асқар Алтай, қазақ прозасында шығармашылық табиғаты ешкімге ұқсамайтын өзіндік өрнегімен ерекшеленетін қаламгер Тұрысбек Сәукетаев, «Қыстау Күршім, ойымнан шықпай жүрсің...» деп жырлаған филология ғылымдарының докторы, марқұм Асқар Егеубаев, Күршім-Марқа өңірінің жыршысы Көпен Ерқасов қай ақыннан, қай жазушыдан кем еді?! Ғылым саласында еңбек етіп жүрген азаматтарымыз бір төбе. Осылардың қай-қайсының мерейтойларын туған жерінде атап өттік?! Рас, естімедік. Олардың әрқайсысы «Күршім ауданының Құрметті азаматы» деген атқа әбден лайық. Өмірден өтіп кеткендерге көше атауын берсе де, артық емес, – деп ұсыныс-пікірін білдірді.
Өте орынды пікір дер едік. Күршімнен шыққан ұлт зиялыларының атаусыз қалып келе жатқанын мойындамасқа амал жоқ. Бұл пікірді Күршім ауданының атқамінер азаматтары ескерусіз қалдырмас деп сенейік.
Әдеби кеш соңында сонау Алматыдан ат арытып келген Талаптан Ахметжанның жары мен қызы Әйгерім кешті ұйымдастырған кітапхана қызметкерлері мен жерлестеріне алғыстарын жеткізді.
– Бірге 25 жыл тұрыппыз. Артында үш қызы, бір ұлы қалды. Әуелде Әкім Тарази шығармасына жоғары баға берді. Сонда «Таразиды таңғалдырған Талаптан» деп мақала шықты. Үнемі Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханұлы ағаларына риза болып отыратын. Есімде, «Айналайын Талаптан, қабырғаң қара жерге тигенше талаптан!» деп Оралхан Бөкей кітабына қолтаңба қойып берген. Сол сөзі қанаттандырды ма, өмірінің соңына дейін жазушылығына адал болды. Атын өшірмей, шығармаларын насихаттап жатқан кітапхана ұжымына рахмет, – деді жазушының жары.
Шығыс Қазақстан облысы