• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Қараша, 2022

Сақтандыру қорының игілігін кім көріп отыр?

376 рет
көрсетілді

Әрине, әр өңірде, әсіресе шалғай ауылдарда медициналық көмек көрсететін орталықтар ашылып, ел игілігіне беріліп жатыр. Алайда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласындағы олқылықтарды айтып, сынайтындар көбейді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақстан халқына Жолдауында: «Ден­сау­лық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сон­дық­тан, аса маңызды мәселелерді ретке кел­тіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, ме­дициналық қызмет толық көлемде көр­сетілмей отыр. Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақ­тан­дыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті. Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын», деп ден­сау­лық сақтау саласындағы көптің кө­кейінде жүрген мәселенің шешімін айтты.

Көп ұзамай Денсаулық сақтау ми­нис­тр­­лігі саланы қаржыландыру тәсіл­дерін қайта қарап, іске асатын шараларды қа­был­дады. Осылайша, ведомство тегін ме­ди­циналық көмектің кепілдік берілген көле­мінің шығыстарын және 15 жеңілдік сана­тындағы тұлғаның медициналық сақ­тандыру жүйесіне аударатын жарнасын қосымша қаржыландыру мәселесін пысық­тауды қолға алды. Сондай-ақ қаражатты әкім­шілендіруді оңайлату және тиімді пайдалану үшін медициналық көмектің ке­пілдік берілген көлемі мен МӘМС жүйесі пакеттерінің қаржылық шығынын біріктіру жағын заң аясында реттеуді жоспарлап отыр. Ізін ала сала басшысы Ажар Ғиният: «МӘМС жүйесін енгізу жағдайында ерік­ті медициналық сақтандыруды толық іске қосу үшін медициналық көмектің бағыттары, ерікті медициналық сақтандыру қаражатымен жабылатын қызметтер ті­збе­сі айқындалатын болады. Сондай-ақ шетелдіктер, атап айтқанда, еңбек мигранттары мен шетелдік студенттер үшін жүк­тел­ген медициналық сақтандыру заң­на­ма бойынша бекітіледі және іске асырылады», деп алдағы жоба-жоспардың барысын айтқан еді.

Қазір МӘМС жүйесін сынайтындардың дені емханада сапалы медициналық көмек көр­сетілмегенін, жоғары маман­дан­ды­рыл­ған медициналық қызмет түрлеріне қолы жетпегенін айтып шағымданады. Ай сайын жарнасын аударған тұлғаның медициналық көмекті талап етуі заңдылық қой. Кейінірек шегінсек, медициналық сақтандырудың тәр­тібі белгілі болған соң, әр өңірдегі ден­сау­лық сақтау басқармалары түсіндіру жұ­мыстарына араласты. 2020 жылы МӘМС жүйесі енгізіліп, оған әр азамат жал­а­қысының 2 пайызын аударатыны бел­гілі болды. Несін жасырамыз, бұл жа­ңа­лық пандемия кезінде дәрі-дәрмек тапшылығы білініп, отандық медицинаның сапасын сынап жатқан елдің көңілін күпті қыла қоймады. Бірақ сол уақытта әр азамат сақ­­тандыру қорына қаржы аударып, жү­йе­нің игілігін көрді емес пе? Демек өзінің және отбасының саулығын ойлаған ағайын қорға тиісті қаржыны аударып, медициналық көмектің пакетін толық көлемде алудан қашпайды. Мәселенің мән-жайына тереңірек үңілсек, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен медицина мекемелерінің арасында байланыс берік пе деген сауал туады. Бұл сақтандыру қорына үзбей ақша аударып отырған азаматтың денсаулығы сыр беріп, емханаға қайырылса, онда пациенттің көңілін тауып қызмет көрсететін дәрігер үнемі табыла бермейді. Осыдан келіп «әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қаржы құйып отырмыз. Қызмет сапасы көңілден шықпайды» деген қарсы пікір айтылып жатады. Осы тұста таңнан кешке дейін байыз таппай еңбек етіп, сырқаттың жүз түрін көрсе де, әр науқастың әуеніне төңкеріліп отырған дәрігерлерді де түсінуге болады. Әрі сақтандыру қорына түскен қаржы жалпы медицина саласына емес, тек сол емхананың керек-жарағына жарап жатса бір сәрі. Өйткені қор мен медицина мекемелерінің арасында мұндай тығыз байланыс орнамаған. Бізге денсаулық сақтау саласының жай-күйін айтып берген медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков те сақтандыру жүйесінің кемшін тұстары бар екенін жасырмады.

– Медициналық көмектің сапасы, оның проблемалары жайлы ел ішінде сөз көп. Мұны күнделікті тіршілікте көріп жүрміз. Бір байқағанымыз, жаңадан келген әр министр өз жұмысын көр­се­ту мақ­са­тын­да бір реформа жа­сау­ды әдет­ке айналдырды. Бірер күннің бе­де­рінде отандық телеар­налардың бірінде министр Ажар Ғиният сұх­бат берді. Расын айту керек, хабарға көңілім толмады. Өйткені әлі де денсаулық сақтау саласында туындап жатқан проблемаларды айналып өтіп, бұрыннан белгілі мәселелерді үйіп-төкті. Сұхбатта мемлекет кепілдік берген медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік сақтандыру жа­йын халыққа ұғыныңқы жеткізе алмады. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілгеніне аз уақыт болмады. Бірақ қарапайым халық медициналық көмектің жақсарып кеткенін әлі сезінбей отырғаны рас. Кезінде МӘМС енгізілгенде басшылар дәрігерлік көмектің сапасы жақсарады, медицина қызметкерлерінің жалақысы соның есебінен өседі, әр пациент өз денсаулығын жақсартады деп мәлімдеген. Өкінішке қарай, сақтандыру жүйесі өз қызметін толық ақтады деп айтуға ауыз бармайды. Науқас бір дәрігерден, екінші, үшінші дә­рі­герге барумен әбден титықтайды. Сол дәрігерлік көмекті алу үшін кабинеттен-кабинетке жүріп жүйкесін жұқартқанша қалтасынан қаржы жұмсап, жекеменшік медициналық клиникаларға барғанды жөн санайды, – дейді Сағындық Ордабеков.

Әрине, профессор саладағы бүгін анық­тал­ған олқылықтардан ғана емес, екі күннің бірінде әлеуметтік желіде талқыланатын мәселенің мән-жайынан хабар беріп отыр. Қош, сонымен Президент тапсырмасынан кейін жуырда әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры сақтандыру мәртебесін алу­дың жаңа тетігі іске қосылғанын хабар­лады. Онда 5 қыркүйектен бастап азамат­тар­дың жыл бұрын алдын ала са­қ­тандыруға мүмкіндігі бар екені жазылған. Ескеретін жайт, бұл ретте тұрғындар өткен 12 айдың қарызын өтеуі міндетті емес. Қазірдің өзін­де осы жаңашылдықты 2,6 мыңнан астам азамат пайдаланып, оң бағасын берген көрінеді. Ал бұрын сақтандыру жүйесіне тіркелу үшін өткен 12 айдағы жарнаны төлеу міндеттелген еді. Жаңа ережеге сай енді тұрғындар сақтандыру қорына был­тыр­ғы төленбеген кезеңдер үшін ақша ауда­рып, шығындалмайды. Қазан айының бел ортасында 2 600-ден астам азамат жаңа механизмді пайдаланса, Алматы, Астана қалалары және Алматы, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл облыстарының тұр­ғын­­дары жыл бұрын сақтандырылып, МӘМС тізіміндегі медициналық көмектің тиімділігін жоғары бағалағанға ұқсайды. Себебі сақтандырудың жаңа тәртібі бо­йынша салымшы әр айға бөлек 3 мың теңгеден аударып, яғни 12 төлем жасауы керек. Ескеретін жайт, жүйе әр айды бө­лек есептейтін болған соң, 12 айдың төле­мін бірден емес, бөлек-бөлек аударым жа­са­ған дұрыс. МӘМС жарналарын екінші деңгейдегі кез келген банк немесе банк­тің мобильді қосымшаларынан, терминал және «Қазпошта» филиалдарынан төлеуге болады.

Медициналық сақтандыру жүйесіндегі қордаланған мәселелер кезең-кезеңімен рет­теледі делік. Ал жылдар бойы айтылатын қызмет көрсету сапасын қазірден сақ­тандыру жүйесімен қатар нақтылаған жөн секілді.

– МӘМС-ке кеткен қаржыдан қа­йыр жоқ. Сондықтан халық арасында қа­зіргі медициналық көмекке сенімсіз қарайтындар көп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі Жолдауында орынды сын айтты. Онысын халық дұрыс қабылдады. Бірақ одан билік иелері еш нәтиже шығармады. «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып отыр. Халқы бар болғаны 19 млн-нан сәл ғана асатын біздің елде МӘМС-ті таратып, азаматтарға дәрігерлік көмек беруге, саланы толық мем­лекеттен қаржы­­­­ландыру­ға қау­­­қары же­те­ді деп ойлай­мын. Қа­зір ем­­де­луді көз­д­е­ген­дер дер ке­зін­де ауру­ха­наға жа­та алмайды. Онда­ғы­лар­дың «Кезек күте­ тұ­­рыңыз, бөлін­ген қар­жы жетпей жатыр, әзірше жатқыза ал­маймыз» деген сипаттағы сылтауы көп. Шу шығарғандарға «Бөлінген қар­жы таусылды, келесі айдың басында жатқызамыз», деп жауап қататын бөлімше меңгерушілері бар. Тіпті кейбір бас дәрігерлер қызметкерлерін жыл соңына қарай қаражаттың жоқтығынан ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр. Мысалы, таяуда Жаңатас қаласына барғанымда аудандық ауруханада осындай мәселе туын­дағанын білдім. Егер қызметкерлердің жағ­дайы осындай болса, медициналық көмек қалай сапалы болады? Бүгінде меди­ци­налық көмек халыққа қолжетімді әрі сапалы деп айта алмаймыз. Ертелі-кеш сөзден іске көшкеніміз жөн деп ойлаймын. Оған мемлекеттің мүмкіндігі әбден жетеді, – дейді денсаулық сақтау ісінің үздігі С.Ордабеков.

Президенттің ерікті медициналық сақтандыру жөніндегі тапсырмасы жыл соңына дейін бір жүйеге келетін болса, емделушілердің отандық медицинаның сапасына көзқарасы өзгерер. Тұрғындар емханаға былтыр бармағанының есесіне, бұрынғыдай өткен 12 айдың төлемін жасап қипақтамайтынын жоғарыда айттық. Қысқасы, денсаулық сақтау саласында жыл соңына дейін жүйеге келтіретін шаруа баршылық. Сондай-ақ Президенттің Үкі­мет­ке келер жылдан бастап ауыл тұр­ғын­дарының сапалы медициналық қызметке қол жеткізуі үшін Ұлттық жобаны іске асыруды тапсырғанын ұмытпаған жөн.

 

Сәндібек ПІРЕНОВ,

«Egemen Qazaqstan»