Өңірдегі ғана емес, еліміздегі химия өнеркәсібінің локомотиві саналатын «Қазфосфат» ЖШС бүгінде 7 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтып отырған алпауыт компания саналады. Серіктестік өнімдері бүгінгі таңда елімізге ғана емес, әлемнің бірқатар еліне экспортталып жатыр. Жыл өткен сайын жаңару мен жаңғырудың жолына түскен компания басшылығы тағы бір цехты іске қосты.
Тараз қаласында орналасқан «Қазфосфат» ЖШС-ға қарасты минералды тыңайтқыштар өндіретін «Аммофос-2» цехының әлеуеті қандай? Деректерге сүйенсек, жаңадан ашылған цех тағы да 500 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы.
«Өңірде ашылған жаңа цех Жамбыл облысы үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін де үлкен өндіріс алаңына айналады. Жалпы, Жамбыл өңірінде қолға алынған ауқымды жұмыс оң нәтижесін беріп отыр. Соның нәтижесінде соңғы бірнеше жылда агрохимия саласындағы өндірілетін өнім көлемі еселеп өсті. Өзге мемлекеттерге жөнелтіліп жатқан өнім көлемі 1,8 есеге артқанын да айта кеткен ләзім.
Бұл ретте жамбылдық еңбеккерлердің еселі еңбегінің зор екенін айрықша атап өткен дұрыс. Жаңа өндіріс цехы өнім көлемін бұрынғыдан да еселей түсетіні талас тудырмаса керек. Еліміз бойынша атқарылып жатқан ірі жобалардың бір бөлшегі қасиет дарып, құт қонған Әулиета өңірімен тығыз байланысты болып тұрғаны қуантады. Жалпы, серіктестіктің ел экономикасын өркендетуде өзіндік орны бар екенін бәріміз білеміз», дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.
Өңір басшысы Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, «Қазфосфат» ЖШС қызметкерлерінің қолға алған жұмыс ауқымы өте зор. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының өркендей түсуіне айтарлықтай үлес қоспақ. Ал өндірілетін өнім көлемі жыл өткен сайын арта түспек. Сол бағыттағы жұмыстар бүгіннен бастап нақты қолға алынған.
«Нақтырақ айтар болсақ, 7 мыңнан астам тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Қазфосфат» ЖШС өңірдегі химия саласын өркендетуде үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан серіктестікпен қалай мақтансақ та жарасады. Өңіріміз бойынша өндіріліп жатқан өнімнің 30 пайызының дәл осы серіктестікке тиесілі болуы – сөзімізге бұлтартпас дәлел.
Дамудың даңғыл жолынан адаспаған серіктестік алдағы жылдарда еліміздің барлық қиырын минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ететін болады. Бүгінде облысымызда тынбай жұмыс істеп жатқан мыңдаған шаруа қожалығының басшылары да серіктестік өнімінің шарапатын көріп отырғанын айта кеткен жөн. Түйіп айтар болсақ, «Аммофос-2» цехы өңір экономикасын өркендетуде айрықша рөл атқаратын болады», дейді өңір басшысы.
Жаңадан ашылған цехта жылына 500 мың тонна аммафос өндірілмек. Ал жалпы кәсіпорындағы минералды тыңайтқыштар өндірісінің жылдық қуаты 1 млн тоннаға дейін ұлғайып отыр. Осылайша, жалпы құны 72 млрд теңгені құрайтын цех алдағы уақытта ішкі және сыртқы нарықты минералды тыңайтқышпен қамтымақ.
ТАРАЗ