• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 03 Қараша, 2022

Жүлдеден үміттіміз

315 рет
көрсетілді

Бұл күндері Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында спорттық гимнастикадан 51-ші әлем чемпионаты өтіп жатыр. Дүниежүзілік доданың жекелей сынында бақ сынап жатқан Қазақстан ерлер құрамасының екі өкілі финалдық сайысқа жолдама алды.

Бұған дейінгі аса ірі халық­аралық додада топ жарып, жүл­делі орындардан көрініп жүрген қазақстандық Нариман Құрбанов пен Милад Карими Тұманды Аль­биондағы әлем бірін­шілігінде де тамаша өнерімен көзге түсіп, ірік­теу сайыстарынан іркілмей өтті.

Дүние жүзінің ең мықты деген гимнасттарымен шеберлік байқасқан жерлестеріміз өз бағ­дарламаларында жоғары ұпай жинап, алғашқы үштіктің қата­рынан көрінді. Атап айтқанда, еркін жаттығу бағдарламасы бо­йын­ша жарысқа шыққан Милад Карими іріктеу бәсекесінде 14.733 ұпаймен 3-орын алса, Нари­ман Құрбанов ат снарядын­да өнер көрсетіп, ол да үшінші сатыға тұрақтады (15.033 ұпай). Жеке бағдарламаның финал­дық жарыстары 5 қарашаға жоспар­ланған. Өкінішке қарай, финалда іріктеуде жиналған ұпайлар есепке алынбайды.

Мұның алдындағы коман­далық сайыстың іріктеуінде Қазақстанның ерлер құрамасы 18-орыннан көрініп, финалға шыға алмады. Ел намысын Милад Карими, Нариман Құрбанов, Дмитрий Патанин, Ілияс Азизов пен Эмиль Ахмеджанов қорғаған болатын. Сондай-ақ әйелдер арасындағы жеке бағдарламаның іріктеуінде қазақстандық Аида Бауыр­жанова 77-ші (46.765 ұпай), Көркем Ербосынқызы 107-сатыдан (41.799) көрініп, келесі кезеңге өте алмады.

Ливерпульдегі әлем чемпионаты 6 қарашада мәресіне жетеді.