Кеше елордадағы Аспан спорт кешенінде таеквондо GTF бойынша жасөспірімдер мен жастар арасында Қазақстан Республикасының кубогы басталды деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Шараның ашылу салтанатына Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Давлетханұлы, «Sport Qory» бас директоры Асхат Сейсембек және Қазақстан жекпе-жек өнері қауымдастығы федерациясының вице-президенті Сәрсен Құранбек қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
«Өздеріңізді бүгінгі таеквондо GTF бойынша жасөспірімдер мен жастар арасында Қазақстан Республикасы Кубогының ашылу салтанатымен құттықтаймын! Астана қаласында дәстүрге айналған бұл жарыстың ауқымы кеңейіп келеді. Бүгінгі жарысқа еліміздің барлық өңірінен 400-ге тарта жас өрендер қатысып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлудеміз. Бүгінгі жарыс – бұқаралық спортты дамытудағы үлкен қадам. Осы орайда, бүгінгі жарысты ұйымдастырған барша азаматтарға еліміздің спорт саласын дамытуға қосқан үлестері үшін зор алғысымды білдіремін. Республикалық турнирде үздіктердің үздіктігі анықталып, ең мықтылар жеңіс тұғырынан көрінеді деген сенімдемін», деді қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов.
Дүбірлі додаға еліміздің барлық облысы мен қалаларынан 400-ден астам спортшы қатысуда. Олар екі күн бойы өздерінің бақтарын сынайтын болады.
«Республикалық GTF таэквондо федерациясының ұйымдастыруымен чемпионат екі санат бойынша өтуде. Жарыста әртүрлі деңгейдегі белбеу иелері хъенги – базалық соққы мен блоктардан тұратын формальді кешен және массоги-спаррингтер бойынша сынға түсуде. Бүгін жарысқа 15-17 жас аралығындағы спортшыларымыз шығып жатыр. Ертең кіші жас яғни, 12-14 жастағы таеквондошылар доянгаға шығады. Сайысқа 40 салмақ дәрежесінде 400-ден астам спортшы бағы мен бабын сынап көріп жатыр. Аталмыш жарыста тек бірінші орын иеленген спортшы келер жылы ұлттық құрамаға алынады. Сонымен қатар бұл Қазақстан кубогы алдағы жарыстар мен чемпионаттарда спортшыларымыздың дайындығын шыңдай түсуге мүмкіндік берді», дейді қалалық GTF таэквондо федерациясының директоры Святослав Жанович.
Естеріңізге сала кетейік, аталған іс-шара елордамызда 2-4 қараша аралығында өтуде. Қазақстан Республикасының кубогы екі жас санатында яғни, 12-14 жас және 15-17 жас аралығында өтуде. Сонымен қатар бұл турнирде үздік техника мен әсерлі жекпе-жектерге кубоктар беріледі деп жоспарлануда.