Жылы жаққа бет алған үйірінен қалып қойған сұңқылдақ аққу Бурабай кентіндегі зоологиялық бақта қыстап шығатын болды. «Қызыл кітапқа» енген құс төресін келер көктемге дейін Президенттің Іс басқармасына қарасты «Бурабай даму» серіктестігі бағып-қағады.
Әлсіреп ұша алмай қалған құсты Көкшетау қаласының тұрғындары көріп, жергілікті полицияны шақырыпты. Полицейлер табиғат қорғаушы әріптестеріне хабарлаған. Сөйтіп, оқа жағалылар мен Ақмола облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының қызметкерлері аққуды Бурабайдағы зоологиялық баққа әкелді.
– Балапан аққуды ветеринариялық тексеруден өткізіп, қабылдап алдық. Қатты қорқып қалғаны болмаса, зақымданған жері жоқ. Сүйегі сау, бұлшықеті бүтін. Биыл бізде қыстап шықса, көктемде еркіне жібереміз, – дейді бақтың ветеринары Ильдар Файзулин.
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінде құстың 197 түрі бар, оның ішінде 14-і «Қызыл кітапқа» енген. Сұңқылдақ аққу да – сирек кездесетін қанаттылардың бірі. Бұл ақ мақтадай аппақ, тек тұмсығының ұшы ғана сарғылт болып келетін ғажап сұлу құс. Бурабайдағы зообаққа әкелінген аққу толық есеймегендіктен, қанат-қауырсындары әлі толық ағара қоймапты, сұрғылт түсті. Серігіне адал құстар өмір бойы бір ғана жұппен өмір сүретінін де айта кеткен жөн.