• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 03 Қараша, 2022

Сәкен мен Серіктің сенімді жеңісі

151 рет
көрсетілді

Бұл күндері Иорданияның бас ша­һары – Амманда бокстан ерлер мен әйел­дер арасындағы Азия чемпионаты өтіп жат­қаны белгілі. Сары құр­лық бәсекесінің екінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасының үш өкілі шаршы алаңға көтеріліп, тек екеуі ғана келесі ай­налымға жолдама алды. Өкінішке қарай, 63,5 кило салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Маң­ғыстау облысының өкі­лі Санатәлі Төлтаев екін­ші кезеңде Өзбекстан құра­масының намысын қор­ғай­тын қазақ – Руслан Абдуллаевтан же­ңіліп қалды.

Қазақ боксшылары арасында Азия чемпионатының шымылдығын 57 кило сал­мақ­тағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2021), жастар арасындағы Азия чемпионы Серік Теміржанов ашып берді. Түрікменстанның үкілеп қосқан үміті Ихлас Гылычжановпен шаршы алаңда жолы түйіскен жер­лесіміз қарсыласын үш раунд­та да бет қаратпай жеңді. Бес төреші жеңісті бірауыздан қазақ боксшысына берді – 5:0. Алғашқы айналымда Абукузаил Туркиден (Кувейт) ба­сым түскен Ихлас екінші жек­­пе-жегінде жерлесімізге қар­сы еш айла-тәсіл қолдана алмады.

Енді С.Теміржанов ширек финалда жарыс қожайыны Юсеф Иашашпен күш сынас­пақ. Иорданиялық бокс­шы чем­­пионаттың екінші ай­на­лымында 2014 жылғы Азия ойындарының қола жүл­дегері фи­липпиндік Марио Фер­нан­десті төрешілердің аралас ше­шімімен тізе бүктірген болатын. Бұл кездесу 6 қарашаға жоспарланған.

Қазақстандықтардан рингке екінші болып 2019 жылы Тайландта ұйымдас­тырылған Азия чемпионатының қола жүл­­дегері Санатәлі Төлтаев (63,5 кило) шықты. Жарысты бі­рінші айналым­нан бастаған Руслан Абдуллаев алғашқы ке­зеңде жапо­ниялық Шунсуке Китамотомен жұды­рықтасып, 5:0 есебімен айқын жеңіске жетсе, 1/8 финалда да дәл сондай есеппен жерлесімізден ай­ласын асырды. Жекпе-жек­тің бірінші раундында екі боксшы да тең дәрежеде жұ­дырықтасқанымен, бес төре­шінің үшеуі жеңісті Абдул­лаевқа берсе, екеуі Төлтаев жеңді деп есептеді. Дегенмен, екінші және үшінші раундтарда отандасымыздың осал тұсын тауып, қарқынын арттырған Руслан чемпио­наттағы екінші жеңісіне қол жеткізді. Осы­лайша, Амманға 13 салмақ­та барған ұлттық құрама бокс­шыларының біреуі жарыс жолынан шығып қалды. Ал осы чемпионатта Қазақстанның басты қарсыласы саналатын Өзбекстан Азия біріншілігін толық құрамда жалғастырып жатыр.

Ал кешкі сессияда жарыс жолына шыққан То­кио Олим­пиадасының қола жүл­дегері, әлем чемпионы Сəкен Би­босынов жанкүйерлерін қуант­ты. Отандасымыз үндіс­тандық Кумар Спаршты 4:1 есе­бімен жеңгенімен, алғашқы раундтарда кө­рер­мендерді біраз алаң­датып қойды. Себебі бірін­ші раунд­та төрешілер 2:3 есебі­мен жеңісті Кумарға берді. Үзі­лісте бапкерлердің ке­ректі ақыл-кеңесін тыңдап шыққан Сә­кен екінші раундта қар­сыла­сын бұрыштан бұ­рышқа тық­­сырып, үнді бокс­шысын әбден соққының астына алды. Бойы мен қолының ұзын­ды­ғын дұрыс пайдаланып, алыс­тан жүріп ұрыс салған Сә­кен кейінгі екі раундта ай­қын басымдық танытып, қар­сы­ласынан жеңісті жұлып алды. Жер­лесіміз 5 қара­ша күні ширек фи­нал­дық жекпе-жекте ма­лайзия­лық Кайюм Ариф­финмен жұды­рықтасады.

 Сондай-ақ дәл осы салмақта Бахрейн құрамасының намысын қорғайтын қазақ­стан­дық боксшы Азат Мах­метов та шаршы алаңға шықты. Өкі­­нішке қарай, Азат өзі­нің ал­ғашқы кездесуінде был­тыр­ғы әлем чемпионатында 54 кило салмақта топ жарған жа­по­­ниялық Томое Цубоидан же­ңіліп қалды. Жапония бокс­шысы осымен екі жылдың ішінде екі қазақ боксшысын тізе бүктіріп отыр. Сербиядағы әлем чемпионатының финалында ол Сабырхан Махмұдты жеңіп, алтыннан алқа таққан болатын. Томое биылғы Азия біріншілігінде 51 кило салмақта өнер көрсетіп жатқандықтан, Сабырханмен жолы түйіспейді. Есесіне, Сәкен Бибо­сыновпен шаршы алаңда кездесуі ық­тимал.

Кеше қыздар құрамасының өкілі, əлемнің екі дүркін чем­пио­ны Назым Қызайбай Тай­ланд боксшысы Раксат Чута­матпен қолғап түйістірді.

Қазақстандық бокс жан­күйерлері бүгін аса жеңіл сал­мақта (48 кило) жұдырық­та­сатын отандасымыз Санжар Тәшкенбай, 67 килодағы Ду­лат Бекбауов және 71 кило­да өнер көрсететін Аслан­бек Шымбергеновтің жек­пе-жек­терін тамашалай ал­ады. С.Тәш­­кенбай екінші ай­на­лым­­да өзбекстандық Асыл­бек Жа­лиловпен кездес­се, Д.Бекбауов Азияның және Өзбек­станның бірінші нөмір­лі бокс­шысы Асадхужа Муй­дин­ху­жаевпен шеберлік байқасады. Ал Ас­лан­бек Шымбергенов Фи­­липпин өкілі Пианар Мар­жон­мен шаршы алаңға шығады.