«Ең болмаса, осы жаз бойы азаппен жағаласа отырып, мифологиямды жазып, қолжазбасын қалдырайын, күндердің күні, жылдардың жылында жарық көрер, содан кейін осылай өзімді де, өзгені де азапқа сала бергенше, 1997-нің басталуын күтпей, тезірек өліп кетейін деп ойлап, қаптаған жараның үстінде отырып, білгендерімді, тапқаным мен түсінгенімді қағазға түсіре бастадым».
Бұл – Серікболдың 2002 жылы 3 тамыз күні өзіне қамқоршы болған бір жанашыр ағасына жазған хатының үзіндісі. Елсіздегі қираған обадай жалғыздық күй кешкен жас жігіттің ішкі аласапыраны.
Сөйтіп, ол 1996-ның соңын өз ғұмырының соңғы нүктесі етіп белгілеп қойды. Сол күнге деген дайындығын бастап та кетті. Тіпті сол күнге жету – оған жұмбаққа толы мотивациялық жаңа тренд сияқтанды ма екен? Әйтеуір, күл-паршасы шыққан небір жастық армандарын тістеніп отырып зынданға қарай өзі-ақ лақтырып жіберді.
Не болды сонша дейсіз бе? Пойыздан кешігіп қалып, түн ішінде 30 шақырымдай жердегі ауылына жаяу тартқан. Қараңғыда темір жолды бойлай кете берсем, адаспаспын деп келе жатқанда, артқы жақтан пойыз келіп қалып, жолдан шыға берем дегенде, аяғы тайып кетіп, биіктігі 3 метрлік көпірден құлап кеткен. Сол жолы Серікболды көпір астындағы қара су өзінің қараша айындағы мұздай алақанымен қағып алған-ды. Қағып алды да, қара түнде өзі де тоңып жатқан әлгі қара су Серікболдың дене қызуын жандәрмен өзіне жұта бастады. «Маған-маған!» деп жылулыққа таласқан сол судың миллиардтаған тамшылары не деген өткір еді. Сансыз ине бұған жабыла кеткендей еді. Оның бойындағы жылудың соңғы клеткаларының жаңғыз тамызықтай ғана күші қалған кезде әлдекімнің «Әй, бала, тірімісің?» деген даусы дүниені селт еткізді. Оқыс дауыс! Дәл уақытында келіп жеткен дауыс! Міне, осы дауыс жас жігіттің әлі де сөніп болмаған түпсанасын дүр сілкіндіріп, шошындыра ес жиғызды. Суда жатқанына төрт сағаттай уақыт өтіпті. Әлгі қойшы ағай бағып жүрген қойын тастай салып, мұны сүйрелеп жағалауға шығарды. Тіршіліктің жағалауына. Серікбол сол түнгі қара пойыз бен қара судың ортасындағы өзін бұдан кейінгі тоғыз жыл ғұмырында бір сәтте есінен шығарған емес.
Рас, бел кетті! Жиырма алтыға енді ғана келген қылшылдап тұрған жігіттік шақ үшін бұл өте ауыр соққы еді. Ауырлығы соншалық, белін омырып, бірақ өзіне қол салмаған ажалға, осы күйде мына өмірге тастап кеткен ажалға сол жолы да, кейінгі жылдары да алғыс айтпағаны анық. Сол 1997-нің басталуын күтпеймін дегенін ескерсек, біржылдық қана ғұмыр қалды. Бұған дейін аз-мұз бастап, біраз жерін жазып, шағын кітаптың көлеміндей етіп қойған қолжазбасының кітап болып шыққанын көріп кетейін деген арманы – ең ұлы арманына айналды.
1996-ның күзі де келіп жетті. Бір күні Балсұлу апасы оның осы қолжазбасын Сайын Назарбек деген құрылысшы кісіге көрсеткенін, ол кісінің бұл қолжазбаны кітапша етіп шығарып беруге уәде бергенін айтып келді. Бұл – Серікбол үшін ең ұлық жаңалық еді. Тап осы сөз Серікболды өмірден кетуге бел байлаған шешімінің темір шынжырын үзіп жібергендей болды. Ол күн санап кішкене ғана кітапшасының жарыққа шығуын күтті. Күндердің күні болғанда «Маңғыстау географиясы» деген 50-60 беттік қана еңбегі кітап болып 1997 жылдың наурыз айында қолына тиді. Кітапша қолына тиген бойда, ол өз өмірінің қап-қараңғы бұрышынан бір үміт сәулесі иненің көзіндей ғана жарық болып жүріп өткенін байқады. Оның жан дүниесі сол жарыққа қарай жандәрмен ұмтылды. Ол Серікболдың өмірден кету туралы шешіміне шыңғыра қарсыласып жатты. «Не құрған отау жоқ, не артта қалар ұрпақ та жоқ. Дерт дертімен ғой, ал сонда...мен енді осылайша бұл жалғаннан жатып-жатып кете бермекпін бе?» деп жазды өзіне өзі. Әлгі кітапша оған өзінің тұңғыш баласындай, оның былдырлаған тілі бардай, тәй-тәй басқан қылығы бардай көріне берді. Мифология әлемінің есігіне қарай қаз-қаз басып кетіп бара жатқандай болды сол «сәби». Сосын өзіне өзі тағы да былай деп жазды: «Өмірімді осы азаппен, қорлықпен аяқтайтынымды білдім. Өйткені өздігінен қозғала алмайтын адамның, ішіп-жеуі былай тұрсын, бойдың басқа да қажеттіліктеріне бақылау жасай алмайтын адамның, қарапайым ғана нәрсе үшін басқаға тәуелді болған мен сияқты мүгедектердің өмірінің соңғы сәттері бірдей болады». Осылай деп жазуын жазды. Бірақ тап осылай жазса да, «өмірінің соңғы сәттерінің бірдей болғанын» қаламады. Сонда соңғы сәт қандай болуы керек?
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде ұсталып, 10 күн түрмеде отырғанда бір мілисаның «қателестім дей салшы, айналайын» деп жалынғаны есінде. «Жаңғыз шешең бар екен. Әкең жоқ екен. Ылғи қыздың ортасындағы жаңғыз ұл екенсің, студент екенсің» деген еді тағы да бұған сұраулы жүзбен қарап. Бұл үндемеп еді, амалы құрып: «кешірім сұрады деп жазам, сосын зыт бұл жерден» деп сыбырлай зілденгені де есінде. Сонда ғой, ол кісі бұл баланың болашағын ойлап тұрды. Сондағы болашағының түрі осы ма?
Сөзден де өткен сөз болады. Тұжырымнан да өткен тұжырым болады. Бұл жас ғалым 15 томдық мифологиялық ұлан-ғайыр еңбегінде талай сөзді жазып, талай тұжырым жасады. Дегенмен оның 15 кітапқа татырлық ең ұлы тұжырымы – «өмір сүру керек!» деген тұжырымы болды.
Ергізде бірікпестей болып, мифтік ғаламда шашылған тарыдай бытырап жатқан деректер мен қисындар әлемі – Серікбол үшін алып зертхана сияқты көрінгені анық. Батырлар жыры жас адамға ерлік рухын беретін батылдық «вакцинасы» іспеттес қой. Серікбол өзі зерттеп отырған кейіпкерлерінің табандаған қайсарлығын өз бойынан да тапты. Сөйтіп, мифтік кейіпкерлері оның қандыбалақ достарына айналды. Мына жарық дүнияда өз туыстарынан басқа ешкім іздеп келмейтін, ешкім «қайдасың?» демейтін меңіреу бөлмесіндегі жансыз дерлік тіршілікті енді мифтер әлеміндегі сансыз дерлік жұрағаты өздерінің ұлағатымен бұған келіп, кіріп-шығып жүргендей жағдай орнықты.
Кітаптан кітап ақтарып, сол кітаптардағы қырық таңбалы Қырымның, он таңбалы Ұрымның жерін көктей өтті. Мұрын жырау мұраларының о жақ бұ жағы тұтасып тұрған деректер кешені екен. Бұл мұраның ішіндегі әрбір жер-су аттары Серікбол үшін – тек атау ғана емес, нағыз көне дәуірдің көркем кейіпкерлері болып жолықты. Таумен тілдестіріп, дария-сумен ділдестіріп, сай-саласымен сырлас қылып, талай гипотезаларға тиек тауып берді олар. Одан шығып, баяғы Қорқыт бабадан 300 жыл кейін Сыр бойында ғұмыр кешкен Баят деген тайпадан шыққан, «Қылышымды суаруға құдық қаздым» деп жырлайтын Өгіршектің хандық құрған дәуірін барлай, Низами шайырдың жырларына бас қойды. Енді бірде Иран мифологиясында жер жүзін қоршап жататын ғаламдық тау делінетін Тәңірлердің тұрағы – Гаронманаға қарай бет түзеп кетіп бара жатты. Жай кетіп бара жатпады, оның мифтік Қырымның дәл Гаронмананікіндей «картасын» қалпына келтіруге болады екен-ау деген ой түзіп бара жатты. Бұл оның еуропалық мифтану саласында үндіеуропалық парадигманың астам пиғылынан пайда болған «әсіреарийшылдық кеселдің» зардабын жоюға ұмтылуы еді. Б.Гудмундссон деген ғалымның асстар туралы мифті Исландияға алып келушілерді герул тайпасы деп есептейтіндігіне сілтеме жасай отырып, Серікбол осы герулдықтардың ежелгі арғықазақ тайпасы екендігіне гипотеза ұсынды. Жалпы, нені дәлелдегісі келсе де, Серікбол гипотезасы, әдетте, тек бірлі-екілі мысалмен шектелмейді. Тек қана осыны дәлелдеу үшін ол «Азия көрген» гот тайпасының тарихына сапарға «аттанып» кетті. Сөйтіп, готтар туралы мәліметтерді жинау үшін Страбонға (б.з.д. І ғ.) «жолығып», Плиниймен (І ғ.) «пікірлесіп», Тацитпен (І-ІІ ғ.) «сөйлесіп», Птоломейге (ІІ ғ.) арнайы бас бұрып, «пікір алмасып» қайтады. Бұл «жорығы» босқа кетпей, герул, гот тайпаларының түбін, тілін қазып кетіп, көнетүркілік-арғықазақтық негіздерді тапты. Осының бәріндегі мақсаты – еуроцентристік тұжырымдардың мифтік-рухани басқыншылық әрекетіне «отан қорғау» мақсатындағы «шабуыл» жасау еді. Сондай «шабуылындағы» еңбектерінің жемісінің бірі – Аполлон! Аполлон – күллі әлемдік мифтік кейіпкерлердің ішіндегі ең жұлдыздысы. Ал әлем болса, жұлдызға таласады. Оған өзі ие болып, сол арқылы өзі де жұлдыз болғысы келеді. Бұл табиғи қажеттілік. Сондай деңгейдегі Аполлон грек мифологиясы арқылы танылып, сол гректердің төл тумасы, төл кейіпкері екендігі дау тудырмай келген еді. Бірақ ол Серікбол Қондыбайға дейін солай болған. Серікбол зерттеулерінен кейін Аполлонның грек тектілігіне деген күдік пайда болды. Осы ғылыми күдік арқылы Аполлонның грек тектілігі туралы тұжырымдар қақырап сынып кетпесе де, ап-айқын жіктің пайда болғаны жақында ғана. Солай-ақ болсын! Сонда оның гректік немесе арғықазақтық тегін айқындаудың не қажеті бар еді? Тіпті Гомердің Аполлонды жеті шекті кифарамен біте қайнасқандай етіп баяндауының біздің цифрланып кеткен көзқарастарымыз бен ұстанымдарымызға не келер-кетері бар? Онсыз да мына асығыс заманда «Аполлон біздікі!» деп бас қатырып отырамыз ба? Иә, «Тик-Токтанып» бара жатқан қазіргі сипатымыз бен жағдайларымыз дәл осылай ойлауы мүмкін. Бірақ бұл – қазақтың өте ерте кезеңдердегі рухани құндылықтарын табу арқылы ұлттық имиджімізді әлем алдында таныту әдісі ғой. Рухани алпауыттардың алдында «аз халықпыз» деп жүні жығылып отыратын емес, басқаларды мысы басып отыруға лайықты халық екендігімізді таныту. Тегің мен тегіңдегі мықтылықты білу – адамды іштен көтеріп тұрады. Ол бізге сол үшін керек. Тек Серікбол еңбегі ғана емес, жалпы арғы текті, тарихты зерттеу ғылымының мақсаты да осы. Ол былай деп жазды: «Менің жағдайымда екі альтернатива күтіп тұрған еді: бірі – артыңа өз атыңды қалдыру, екіншісі – дала төсіндегі бір үйік болып, ғайып болу. Мен, әрине, бірінші жолды таңдадым. ...Қазаққа таңсық болған тақырып – мифологияға түрен сала отырып: а) қазаққа өзінің өткен мұрасын жаңа қырынан қайта табыстауды мақсат тұтсам. ...Дәстүрді қалпына келтіру қазақтың руханиятының дамуына үлес қоса алады, жаңа ұлттық идеяның іргетасы бола алады» дейді. Ахмет Байтұрсынұлы айтқан «біздің қоғамның сырқаты бір жерінде емес, ол оның барлық жерінде» екендігін Серікбол да сезінді. Ол соны айтып отыр.
Журналист, академик Бауыржан Омаровқа 2006 жылы «Айқын» газетінде берген сұхбатында Ақселеу Сейдімбек «Теңдесі жоқ талант Серікбол Қондыбаевтың шығармаларының жарыққа шығуына себепші болдым» дей келіп, «Адамның миында базалық дәстүрлі ақпарат бар. Ол әлемдік академиялық ақпаратпен ұштасқанда ғаламат жаңғырықтар береді. Серікболдың қабілеті осылай ашылған» деп баға берген еді.
Өзінің етбеттеп қана жатып жазатын ауыр жағдайы оған тіпті кедергі бола алмады десек пе екен? Олай айтсақ, ол өп-өтірік болып шығады. Кедергі болғанда қандай! Аурудың қара дауылымен сәт сайын арпалысып жатудың өзі – мидың қуатын тауысып бітпей ме. Жара-жара боп әр жерден ойылып, күн сайын оқ тиіп жатқандай тесіліп, қанша тепсінсе де зат алмасу процесі өзінен өзі жаңылып, күллі денеде мифтегі адасып жүрген кейіпкерлердей, онсыз да «бір кем дүниенің» өзін бұрышқа тыққандай етті. Қанымен де, жанымен де жазды деген жағдайда болды. Соның бәрін өзі және жан анасы көрді. Екеулеп төзді. Төзді деу, айтуға қандай жеп-жеңіл. Адам денесінде 630-дан астам ірілі-ұсақты бұлшық ет болады екен. Серікболдың сол бұлшық еттері жаралы жауынгерлердей болып, бірақ «жаралы қасқыр жандай шабады» күйге келіп, жарты денесі өзінің ұлы күресін жалғанға сездірместен жүргізіп-ақ жатты.
Серікболдың осы жанқиярлық еңбегін бағалаған оның айналасында тағы да адамдар болды. Олар да нағыз отаншылар еді. Өздері жасай алмайтын дүниені жасап жатқан бұған көмектескендердің бірі – кәсіпкер Ермұхан Медағұлов деген жігіт. Ол Серікболға дүниеден өткенге дейін еңбекақы ретінде ай сайын 30 мың теңге жіберіп тұрды. Бұл қазіргі ақшамен 400-500 мың теңгедей еді. Ермұханға ешкім мұндай тапсырма берген жоқ. Бұл оның отаншылдық қасиетінің бір көрінісі еді. Тағы бір тұлға – Мейірхан Ақдәулет еді. Мейірхан сол кезде Ақтөбеден шығып тұратын «Алтын орда» газетінің бас редакторы еді. Қазақстандық газет-журналдардың ешқайсысы Серікболдың зерттеулеріне күмәнмен қарады ма, әлде, ауылда жатқан бір мүгедек бала ерігіп бірдеңе жазды екен деп, жариялап неғыламыз деді ме, кім білсін, оның зерттеулері жарық көрмеді. Сол кезде жас ғалымның жібергендерінің бәрін үздіксіз жариялаған осы басылым болды.
Осындай отаншылдық қасиеттің белгісін көрсеткендер – оның анасы Тәрбие мен апасы Балсұлу. Балсұлу Серікболға қажет кітап іздеп, кітапханаларды аралап, Алматыдан Ақтауға кітап әкеліп, біреуде бірдеңе деген кітап бар десе, сатып та алды, сұрап та алды. Қысқасы ол екеуі Серікболдың «аяғы» қызметін атқарды. Ал Серікбол жарты денедегі жұқанақтай үміт жұқара-жұқара қағаздай болғанда да, тіршілікке жармасып, айырылмады. Тіпті Серікболдың жарты денесі дене аумағынан шығып, мифтік аураға еніп, мифологияны зерттеу механизміне айналғандай. 3D деген өлшем бар ғой қазір. Ол мифологиядағы мифтік ұстанымдар мен ақпараттарды сол үш өлшемдік, яғни, 3D эффектімен көре алды. Оның тағдырына қарап отырсақ, қазіргі адам өзінің денесінен де күшті, өзінің уақытынан да шапшаң болуы керек сияқты. «Мен ауылда қалуға мәжбүр болдым. Отбасылық жағдай (денсаулық жағдайы деп түсініңіз) оқу бітірер кездегі Ғылым академиясының География институтындағы кіші ғылыми қызметкерлік орыннан да, Қарағанды университетінің география факультетінде ашылған қазақ бөлімінде ұсынылған оқытушылық орыннан да бас тартуға мәжбүр етті» дейді ол. Өкініші өрттей, әрине! Бірақ оның ауылда жатып-ақ жасаған іс-қимылы үлгінің де үлгісі. Оның жазғандарын оқысаңыз, мифтер әлемінің ішінде мігір таппай, әрбір мифтік кейіпкерге ашқарақтықпен жармасып, қазаққа керек бір ауыз айтары бар ма деп, бір түйір тарыдай болса да таңбасы бар ма екен деп, болса болды, болмаса, қайдан тауып алуға болатынын одан «сұрап біліп», тағы да бір қиырларды бетке алып, қыр-қырды, сай-сайды кезіп бара жатқан дүрбелең ғұмыр кешті. Мифтер әлемінің тып-тыныш жатқан даласын айқайлай оятты. Тіл қатудан қалғандарымен тілсіз-ақ «сөйлесті». Көрден тұрғызып алғандай сілкілеп, селдір-селдір болжамдардан сеңгір-сеңгір түйін жасады. Сөйтіп, бәрін өз дүрбелеңіне қосып алды.
Серікболға тән тағы бір қасиет – көп сөйлемейтіндігінде. Әдетте, ғалым адам сөйлегіш келеді ғой. «Әрине, мен алдыма келген адаммен сөйлесуге шорқақпын, – дейді Серікбол. – Жұрт мені жазғаныма қарап, солай сөйлейді ғой деп ойлайтын шығар. Бірақ мен бұл өмірде сөйлей алмайтын, айтайын дегенін жеткізе де алмайтын үндеместер қатарынанмын. Ата-бабам да сөзуар, ділмар шешен болмапты. Нағашыларымның әңгіме айтқыштығы бұйырмай, тұттықпа, сақаулығы бұйырыпты». Десе де, шын мәнісінде, Серікбол тұттықпа болған жоқ, ол ұзақ уақыттан бері (9 жыл) үйде өзімен өзі отырып, айналасында сөйлесетіндей адамның болмағандығынан ба екен, тұйықталып қалғандығын айтқан болар. Мен оған соңғы рет 2002 жылы 30 қарашада барыппын. Сонда ол маған өзінің жаңадан ғана жарыққа шыққан «Есен-қазақ» зерттеу кітабын сыйлаған. Оның алғашқы бетіне «Астанадағы шаруаларымның басы-қасында жүріп көмек бергеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін» деп жазып қойыпты. Сол жолы оның қасында отырып екі сағаттай әңгімелестім. Тәрбие апа үшеуміз отырып шай іштік. Сонда тағы да байқағаным – оның шабыт алып, бір сөйлеп кетсе, қара сөзге Қаратауды сыйғызып сөйлейтін шешендігі. Таңғаласың. Сөзін байтақтан оздырған дегеннің нағыз өзі еді. Оны ұйып, үнсіз тыңдай бергің келеді. Оның сондай қасиеті бар еді. Аурасы мықты еді. Сыртынан қарасаңыз, оның болмысы қасқыр алар қыран сияқты еді. Ол арбада отырған адам сияқты емес, тақта отырғандай отыратын. Өйткені оны іштен көтеріп тұрған шексіз білімі оның болмысын болбыратпай, жарау аттай жайнатып қоятын.
Оның он бес томдық жинағының тұсаукесерінде қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев былай деп жазып еді: «Аңыздың шындық екендігін дәлелдеуге ұмтылған Серікбол өлкетану, туризм, ландшафт эстетикасымен айналыса жүрiп, бiлiмнің сан алуан күрделi салалары: тарих, фольклор, мифогеография, лингвистика, археология, этногенетика, этнография, мифология тоғыстарындағы күллі адамзатқа ортақ мәдени-танымдық мәселелерге әмбебап зерттеушi, тың талдаулар жасаушы ғалым биігіне шықты. Әлемдік ғылымдағы төңкеріске балауға болатын С.Қондыбайдың қаламынан шығып, қолдарыңызға тиген он бес томдық ғылыми-зерттеулер толықтай дерлік «абақтыда» жазылды. Рас! Тар төсекке таңылған тоғыз жылдың әр сәтінде Серікбол өзі бекіткен, сағат-минутына дейін қатаң есепке алған күн тәртібімен тек етбеттеп жатып қана жұмыс істеді.
Әбіш Кекілбайұлы ол туралы «Серікбол Қондыбай – аруақты адам. Оның қалдырған мұрасына жүйелі түрде баруымыз керек. Бұл біздің санамызға қажет. Серікболдың шығармашылығы ХХ-ХХІ ғасырдағы қазақ тіршілігімен біте қайнасқан. Бұл – ұлттық сана-сезімнің үлкен жеңісінің бастауы. Оның бірде-бір еңбегі кездейсоқ емес, бірімен-бірі байланысты, бір жүйе элементтері, біртұтас дүние. Оған тиянақты зерттеулер арқылы баруымыз керек, сонда ғана жұмбағын ашамыз. Серікбол арқылы қазақ жаңа ұлттық деңгейге көтеріліп жатыр. Ол адамзат мәдениетіне үлкен үлес қосқан даусыз ұлы азамат», деп жазыпты.
Серікболдың өмірден өтер кездегі соңғы сағаттарында болған жағдай адамды таңғалдырады. Ол үнсіз жатыпты. Анасы Тәрбие қасына келіп, тамырын ұстап, әбігерге түсіп, «Серікбол! Серікбол!» десе, ол «апа, маған кедергі жасамашы, мен сөйлесіп жатырмын ғой» депті. Бұ дүниядан кетіп, арғы дүнияға өту туралы сол арғы дүниямен келісімшарт жасасып жатқандай ма, қалай өзі?! Дым білмейміз ғой біз! Не түсінеміз осы біз? Оның әлгі сөздерінен шошынған анасы «кіммен?» депті? Сонда ол тағы да «кедергі жасамашы маған, мен кетейін деп жатырмын, мен сөйлесіп жатырмын» депті кәдімгідей салмақты дауыспен. Үлкен бір жиында отырғандай жайбарақттықпен, бірақ әлсіз ғана дауыспен. Кіммен сөйлесіп жатқаны жұмбақ, әрине! О дүния деген жұмбақ әлемге қадам басар тұста, адамның ешнәрсеге алаңдамауы қажет екендігін Серікболдың сөзіне қарап болжауға болатын шығар. Бұл оның арғы жақтың табалдырығында тұрған сәті еді. Табалдырықта сүрініп кетпеу үшін жолдағы сөз кедергі, ой кедергі, қимыл кедергі, қиял кедергі, ата-ана, туған-туыс кедергінің бәрін алып тастау әрі қарай сүрінбей өту маңызды екен-ау.
Серікбол Қондыбай 2004 жылы 36 жасында бұл өмірден жүзін үйірді.
Оңайгүл ТҰРЖАН,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры