• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кино 03 Қараша, 2022

Париждегі қазақ киносы

240 рет
көрсетілді

Өткен аптада әйгілі Елисей алабында Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен шығарылған фильмдердің көрсетілімі өтті. Іс-шара IV Франциядағы Қазақстан киносы фестивалінің аясында ұйымдастырылды.

Франциялық көрермен 27-30 қазан аралығында Lincoln кинотеатрынан «Паралимпиадашы» спорттық дра­масын, «Ұлы дала таңы» тарихи блок­бастерін, «Соңғы сеанс», «От», «Зояның оралуы», «Тарлан» (Қазақ­стан мен Татарстанның бірлесіп шығар­ған фильмі) картиналарын тамаша­лап, қазақ кино өнерінің бүгінгі аяқ­алы­сына баға берді. Сондай-ақ Фран­ция, Бельгия, Қазақстан, Украина және бас­қа да ел­дердің кинемато­гра­фис­тері бір­лесіп шығарған «Инфинити» жоба­сының эксклюзивті көрсеті­лімі мен «Қызғалдақ» фильмінің ретроспек­тивті көрсетіліміне көзайым болды.

Фестивальдың салтанатты ашылуы­на отандық фильмдердің авторлары, олардың франциялық әріптестері, Фран­ция­­дағы Қазақстан елшілігі мен кино орта­лығының өкілдері, журналистер қатысты. Атап айтсақ, іс-шараға қатыс­у­­шылар мен қонақтар қатарында актриса Самал Еслямова, режиссерлер – Дәрежан Өмір­баев, Сергей Дворцевой, Алдияр Бай­ракимов, Айжан Қасымбек, про­дю­сер­лер – Диана Әшімова мен Лаура Ерға­лиева және тағы да басқа кино мамандары бар.

Ұлттық киноны қолдау орталығы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкенов бастаған Кино орта­лығы делегациясының іскерлік бағ­дарламасы ауқымды болды. Алдын ала да­йындалған жоспар бойынша кино өкіл­дері Францияның кинотеатр желі­лерінің басшылығымен кездесу, француз кино бизнесі өкілдерінің іскер­лік алаңының жұмысына қатысу, бірлесіп шығаруға арналған жобаларды ұсыну және CNC (Францияның ұлттық кинематография және анимация орта­лығы) мен UniFrance (Француз кино­сын бүкіл әлемде насихаттауға жа­уап­ты ұйым) өкілдерімен келіссөздер жүр­­гізу сынды бірқатар маңызды іс­кер­­­лік шараны да табысты жүзеге асырды.

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұйымдастыр­ған Париждегі Қазақстан киносының күн­дерін өткізуге Франциядағы Қазақ­стан Республикасының елшілігі тіке­лей мұрындық болды. Сондай-ақ Андре Рафаэль Иванов басқаратын Қазақ­стандық киноның француздық қауым­дастығының да сіңірген еңбегі зор.

Бұдан бөлек, айрықша атап өтерлік тағы бір қуанышты жаңалық – биыл Қазақстан мен Франция арасын­да­ғы дипломатиялық қатынастардың орна­­ғанына 30 жыл толуына орай­лас­ты­рыл­ған қазақ киносының дүниежүзілік думаны өз шекарасын кеңейтті. Ұлттық кино фестивалі енді Париж, Страсбург, Брюссель, Люк­сембург, Женева қала­ларында өткізілетін болады.