Бүгін Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының X съезі басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Съезд офлайн форматта өтіп жатыр. Өңірлерден 300-ге жуық адам келді. Жиын барысында 9 мәселе талқыланады: Палатаның атқарылған жұмысының есебі, трансформациядан кейінгі Ұлттық палатаның жаңа тәсілдері және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында өңірлік кәсіпкерлер палатасын құру.
Сондай-ақ ҰКП Төралқасының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және жекелеген мүшелерін сайлау, басқарманың өкілеттік мерзімін бекіту де жоспарланып отыр.
«Бүгінгі съезд тарихи ерекше кезеңде – қазір еліміздің стратегиялық дамуын айқындайтын үлкен науқан кезінде өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әділетті Қазақстан» құрудағы бағыт-бағдарды белгіледі. Осы бастаманың шеңберінде «Әділетті экономика» қағидасына сүйене отырып, біз «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ретінде еліміздің кәсіпкерлеріне толықтай жағдай жасау мақсатында трансформация кезеніңен өтіп жатырмыз. Трансформацияны сапалы іске асыру үшін барлығымыз бірлесе күш-жігерімізді жұмылдырып, үлкен мақсатқа жетуіміз қажет деп санаймын. Бұл – сіз бен біздің кәсіпкерлер алдындағы ортақ міндетіміз бен жауапкершілігіміз», деді Төралқа төрағасы Райымбек Баталов.