Қазақстандық боксшы Серік Теміржанов Амманда (Иордания) өтіп жатқан Азия чемпионатында жеңіске жетті, деп хабарлайды Egemen.kz Sports.kz-ке сілтеме жасап.
57 келіге дейінгі салмақта 1/4 финалда Серік Теміржанов иорданиялық Юсеф Иашашпен кездесіп, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Осылайша қазақстандық жарыстың жартылай финалына шығып, кем дегенде қола жүлдеге кепілдік берді.
Өткен жылы Серік Теміржанов Белградта (Сербия) өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Жастар арасындағы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алған.
Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасының сапында 2022 жылғы чемпионаттың жартылай финалына шыққан он спортшы бар. Олар: Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (54 келі), Серік Теміржанов (57 келі); Жазира Орақбаева (52 келі), Жайна Шекербекова (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Мәдина Нұршаева (66 келі), Дариға Шәкімова (70 келі), Гүлсай Ержан (81 келі), Ләззат Күнгейбаева (+81 келі).