• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Спорт 06 Қараша, 2022

Жеңілістің ащы сабағы

154 рет
көрсетілді

АҚШ-тың Миннеаполис қаласында өткен кәсіпқой бокс кешін күллі Алаш жұрты тағатсыздана күтті. Өйткені WBA нұсқасы бойынша супер орта салмақта өнер көрсетіп жүрген Айдос Ербосынұлы кешегі жекпе-жегін жеңіспен аяқтаған жағдайда қазақтың тағы бір былғары қолғап шебері әлем чемпионы атанатын еді. Өкінішке қарай, айтулы боксшыға ондай бақ бұйырмады.

2015 жылдан бері кәсіп­қойлар арасында күш сына­сып жүрген 30 жастағы қанда­сымыз сол кезден бері 16 кез­де­су өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 11 кездесуді мер­зімінен бұрын аяқтады. Осы табыстарының арқасында Айдос әлем чемпионы атағы үшін таласу мүмкіндігіне ие болды. Қарсыласы одан алты жас кіші. Десек те майталман мамандардың тарапынан Дэвид Моррельдің әлеуеті өте жоға­ры бағалануда. Кубада туып-өсіп, кейіннен АҚШ-қа қоныс аударған ол өзінің мықтылығын бірден мойындатты. Кәсіпқой рингте небәрі жеті жекпе-жек өткізгеніне қарамастан, Дэвид әлем чемпионы атанып қана қоймай, өзіне тиесілі алтын белбеуін үш мәрте сәтті қорғады.

Миннеаполистегі бәсекеде Моррельдің басымдығы бір­­ден байқалды. Кубалық қабы­лан өзінің бойы мен қолының ұзындығын ұтымды пайдаланды. Қандасымызға қараған­да әлдеқайда жылдам әрі әбжіл қимылдаған ол үнемі оның алдын орап отырды. Соққыларын жиі дарытып, дәл тигізе білді. Шыны керек, алғашында біз Ербосынұлы «бұл екпінге шыдамайтын шығар» деп ойладық. Өйткені бастапқы раундтардың өзінде Дэвидтің бірнеше соққысы оған оңбай тиді. Сол кеште ауыр апперкоттар мен жойқын хуктар­дың сан түрін көрдік. Кейбірі тіптен Айдосты есең­гіретіп тастағандай көрінді. Оның үстіне, жерлесіміздің кең­сірі­гінен кеткен қанды тоқтату да оңай болмады.

Бірақ Айдос ер екен. Қан­шама ауыр соққы алса да, бәріне шыдап бақты. Беті қанға боялып, көзі көруден қалса да, соңына дейін айқасты. Қарсыласын айқын жеңе алмайтынына көзі жеткен Моррель 12 раунда басталған бетте айлаға жүгінді. Аңғал Айдос абайсыз­да жасалған белден төмен соққы­сы үшін кешірім сұрап тұрған сәтте Дэвид оны ұрып құлатты. Төреші нокдаун белгіледі. Бұл жерде біз Бостандық аралы өкілін кінәлаудан аулақпыз. Барлық кінә – Айдостың өзінде. Боксшы қандай кезде де бәріне дайын және сақ болуы керек. Бұл – бокстың заңдылығы! Дәл осы соққыдан кейін Ербо­сынұлы өз-өзіне келе алмады. Бәсекенің аяқталуына санаулы ғана секундтар қалғанда Дэвид Моррель қазақ боксшысын оң қолымен оңдырмай ұрып, ауыр нокаутқа жіберді.

Дәл осы жарыстың андеркардында Абылайхан Жүсіпов те күш сынасты. Әуесқойлар арасында әлем чемпионатында үш рет қола медальды иеленген қандасымыз кәсіпқой рингтегі үшінші кездесуінде жеңіске жетті. Бұл жолы ол америкалық Демаркус Лейтонды (8-3-1, 5 КО) екінші раундта есінен тандырды.