Соңында асқақ әндері, түрлі тақырыптағы өлеңдері, айтыстары және дастан-қиссалары қалған Әсет Найманбайұлы – қазақ руханиятына сүбелі үлес қосып, өзіндік үнін қалдырған көрнекті тұлға.
Ойы ұшқыр, дүниетанымы терең, ақындығы мен әншілігі, сазгерлігі Алаш жұртын тамсандырған Әсеттің шығармашылығына сана көзімен зер салсаңыз, жүрегіңіз атқақтап, көңіліңіз серпіліп, намысыңыз қайралып, жан сарайыңыз нұрланып, қазақтың бай тілінің құдіретін мойындап, тамсанып, тұла бойыңыз шымырлап, әрі-сәрі күй кешесіз де қаласыз.
Әсеттей қилы тағдыр иесі патшалық Ресейдің озбыр саясатынан жапа шеккен туған елінің ауыр жағдайына жаны ауырады, билігі жаттың қолындағы халқының шарасыздығына күйінеді. Оған қазақ жеріндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің аяусыз басып-жаншылғаны қатты әсер етеді. Ақын қазақтың өзгеден көріп отырған қорлығының себебіне үңіліп, оны өз өлеңіне былайша арқау етеді:
«...Зеңбірек, мылтық жасап,
қала болып,
Неше миллион халық боп жұлыспадық.
Керегін күйге салды таңғажайып,
Қазақ кедей тартты ғой
мал азайып...
Құралсыз қурап ұшқан жапырақтай,
Тіршілік бастарынан
бақыты тайып.
Күншілдікпен күні өткен
мас елім-ай,
Мұнша надан қалуға кімнен айып?» дей келіп, халқының аңдығаны өсек-аяң, баққаны қулық-сұмдық екенін, ұйқы, еріншектік, надандық шырмап алғанын айтады.
Әсет дегенде оның әндері туралы айтпай кетуге болмас. Оның соңында қалған әндерінің қай-қайсысын тыңдасаңыз да толқымау, тебіренбеу мүмкін емес. Әсеттің Ахмет Жұбанов атап көрсеткен «Еркем-ай», «Қаракөз», «Майда Қоңыр», «Мақпал», «Қайшақбай», «Үлкен Ардақ», «Кіші Ардақ», «Мәлике қыз», «Қисмет», «Інжу-маржан», «Ырғақты», «Кәрілік», «Зұлқия» сынды әндерін әншілеріміз шабыттана орындап жүр.
Жалпы, Әсет Найманбайұлын лирик, азаматтық үні айқын ақын деуге толық негіз бар. Өйткені оның өлеңдерінде қоғам өмірі шебер әрі шынайы суреттеледі, жағдайлар мен құбылыстар көркем тілмен баяндалады. Төгіліп түскен өлеңдеріндегі терең ойлары, философиялық толғамдары, ғибратты пайымдары ақынның талғам-таразысының мықтылығын көрсетеді.
Мәселен, «Тәмсіл» атты өлеңінде:
«Талапсыз жас, пайдасыз
өткен ғұмыр,
Секілді керуен түспес сахара шөл.
Асудан жалқаулықпен аспай қалма,
Оқ жетпес, керексіз тау,
болмайды жер.
Надандықтан ғылымды қиынсынып,
Ақылдан адасып жүр бірқатар ел.
Ақыл, ғылым болмаса, бір пияла*
(құр жылтыраған әйнек),
Жанары жоқ дөңгелек көзің бір нөл.
Уағдасыз сөз – тұсаусыз
бейне жылқы,
Секілді пайдасы жоқ
жаңбырсыз жел»,
деген Әсет оқу-білімсіз қазақтың теңдікке қолы жетпейтінін нақты айтады.
Абайдың алдын көрген, оның талантты шәкірттерінің бірі атанған Әсеттің «Жас жігіт надандықпен алданады» деген өлеңінде:
«Ақылдының сөзінде жұпары бар,
Ғылыммен тән тазарып
жанданады.
Оқудың түзетпейтін адамы жоқ,
Қараңғы мінбарларға шам жанады.
Ақылды, аз ашулы, көп пікірлі,
Пайдалы насихатты аңғарады»,
деп өзінің ойшыл ақын екенін көрсетеді.
Әсеттің шоқтығы биік шығармасы – «Ақырғы сөз» деген өлеңі. Мұны ақынның өлер алдында жаны қиналып жатқанда айтқан соңғы қоштасу зары десек те болар.
Әсет он алтыншы жылғы көтерілістен кейін патшаның жазалаушы күштерінен сескеніп, ауылдастарымен бірге Шығыс Түркістанға өтіп кеткені белгілі... 1923 жылы Әсет Құлжа қаласында бір кісінің үйінде отырғанда уланып өлген. Оқиға былай болған көрінеді. Әсет асқақ әндерін айтарда дауысын түрлі ырғаққа салып, құбылтып, құйқылжытуы үшін мүсәтір сұйықтығын пайдаланады екен. Әлгі кісінің үйінде ән салып отырғанда Әсеттің мүсәтірі түгесіліп қалып қасындағылардан сұрайды. Сол сәтте сол үйде отырған бір бақсы «менде бар» деп мүсәтір ұсынады. Өкінішке қарай ол алмас болып шығады да, ақын содан уланып, ертеңіне көз жұмады. Міне, осылайша ажалға арандап қалған ақын қиналып жатып осы «Ақырғы сөзін» айтқан.
«Болжаусыз осы екен ғой
өлім деген,
Күн бұрын көзге келіп көрінбеген.
Артыма сөз қалдырмай ала кеттім,
Қаптағы дән сияқты себілмеген.
Тірліктің қызығына қызып жүріп,
Айқайға қайран даусым ерінбеген.
Абайдай арт жағына сөз қалдырып,
Жақсы еді-ау, әттеген-ай,
өлу деген!»
деп, бойындағы барын халқына беріп үлгере алмағанына аһ ұра өкінген ақын одан әрі былайша күйінеді:
«...Алмасты мүсәтір
деп татып алдым,
Дерт шалды өне бойды,
жатып алдым.
Құдайдан тура келсе, арманым не,
Ажалды бес теңгеге сатып алдым...
...Сәлем де артта қалған туған елге,
Ту тігіп, думан құрып өскен жерге!
Жыртылып айрылған үйрек-қазы,
Самалы қоңыр салқын айдын көлге!..
...Ақырғы айтар сөзім осы болды,
Бәрібір мейлі дұшпан, мейлі досым.
Артымда тірі қалған үлкен-кіші,
Бәріңе ақтық рет айтқан қошым!» дейді Әсет.
Бұл ақынның өкінішке толы соңғы сөзі. Мұнда Әсеттің жүрек шері, елге деген сағынышы тұнып тұр.
Әсеттің асқақ әндері, арынды жырлары қазақпен бірге жасай береді.