Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында ұйымдастырылған спорттық гимнастикадан 51-ші әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Бір аптаға созылған бәсекеде спортшылар әдеттегідей 12 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасының өкілдері биылғы біріншілікте де жүлдесіз қалды.
Десе де кейінгі үш әлем чемпионатының финалында өнер көрсеткен жерлестеріміз Ливерпульдегі додада да бас жүлде үшін таласып көрді. Бірақ финалға шыққан екі жерлесімізге де әлем чемпионатының жүлдесі бұйырмады. Мәселен, ерлер арасындағы еркін жаттығу бағдарламасының іріктеу кезеңінде 14,733 ұпай жинап, үшінші орынмен финалдық сайысқа жолдама алған Милад Карими бас жүлде үшін өткен сайыста өз мүмкіндігін толық пайдалана алмай, соңғы орында қалып қойды. Ол тіпті іріктеудегі жетістігін де қайталай алмай, 12,100 ұпаймен 8-сатыдан көрінді.
Еркін жаттығу бағдарламасында жергілікті спортшы Джарнни Регини-Моранның бағы жанды. 2014 жылғы жастар арасындағы Олимпиада жеңімпазы атанған ол әлем чемпионатының финалында 14,533 ұпай жинап, алтыннан алқа тақты. Бір айта кетерлігі, Регини-Моранның бұл алтыны Ұлыбритания құрамасының осы әлем чемпионатындағы алғашқы алтыны болды. Ал күміс жүлде Токио Олимпиадасының екі бағдарламасында (көпсайыс пен маңдайша) топ жарған жапониялық Дайки Хасимотоға (14,500 ұпай) бұйырса, қола медаль тағы бір жапониялық Дои Рёсукэкенің (14,266 ұпай) еншісінде кетті.
Ал финалдық сайыста бақ сынаған тағы бір қазақстандық Нариман Құрбанов ат снаряды бағдарламасында жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрініп, әлем чемпионатын төртінші орынмен аяқтады. Жерлесіміз іріктеу сайыстарында 15,033 ұпай жинап, финалға үшінші орынмен жолдама алған болатын. Ал сенбі күні өткізілген финалда Құрбанов та іріктеу сайысындағы жетістігін қайталай алмай, 14,533 ұпаймен төртінші сатыда қалып қойды. Ең өкініштісі, осы бағдарламада қола жүлдегер атанған 38 жастағы армениялық Арутюн Мердинян жерлесімізден небәрі 0,200 ұпайға озып, үшінші орынға табан тіреді.
Ат жаттығуында 15,300 ұпай жинаған ирландиялық спортшы Рис Мак Кленаганның аты озды. Ол 2019 жылы Германияның Штутгарт қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған болатын. Иорданиялық Ахмад Әбу Әл-Суд 14,866 ұпаймен екінші орыннан көрініп, өз еліне әлем чемпионатының алғашқы медалін сыйлады.
Биылғы Азия чемпионаты мен 2019 жылғы жазғы Универсиада ойындарының күміс жүлдегері, бірталай Әлем кубогі кезеңінде олжа салған Нариман Құрбанов осымен үшінші мәрте әлем чемпионатында финалда өнер көрсетті. 2018 жылғы Дохадағы жаһандық додада ат жаттығуында бесінші орыннан көрінсе, 2021 жылы Жапонияның Китакюсю қаласында өткен әлем біріншілігінде Стивен Недоросик (АҚШ), Вэн Хао (Қытай) және Кадзума Кайяны (Жапония) алға оздырған Құрбанов төртінші орынды қанағат тұтты.
Құрбановтың бұл жетістігі қазақстандық гимнасттардың 1997 жылдан бергі әлем чемпионаттарындағы ең үздік көрсеткіші болып тұр. Сол жылы Лозаннада ұйымдастырылған бәсекеде Сергей Федорченко ағаш аттан секіруден чемпион атанған. Бұл – Қазақстан құрамасының әлем чемпионаттарының тарихында спорттық гимнастикадан алған алғашқы алтыны және әзірге дейінгі жалғыз жүлдесі болып тұр.