Шорт-тректен АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен әлем кубогының екінші кезеңінде Қазақстан құрама командасының қоржынына бір жүлде түсті.
Аталған жарыста Абзал Әжіғалиев табысты өнер көрсетті. 500 метрлік қашықтықта ол күміс медальді мойнына ілді. Абзалдың көрсеткіші – 41,054. Қазақ спортшысы тек эстафеталық сайыста Бейжің Олимпиадасының жеңімпазы атанған канадалық Максим Лауаннан ғана қалып қойды. Жеңімпаздың нәтижесі – 40, 946 секунд. Үздік үштікті Оңтүстік Кореяның тағы бір атақты спортшысы Ли Чжун Со (41,350) түйіндеді. Ал 1 500 метрлік бәсекеде қазақстандық Нұртілек Қажығали бесінші сатыға табан тіреді.
Естеріңізге сала кетейік, қараша айының соңына дейін шорт-трек шеберлерін тағы алты бірдей аса ірі байрақты бәсекелер күтіп тұр. Бұл жарыстарды Солт-Лейк-Сити, Бормио, Загреб, Бялосток, София және Турин қалалары қабылдайды. Ал желтоқсанда өтеді деп жоспарланған әлем кубогының екі бірдей кезеңдік сайысы Алматыда ұйымдастырылады.