Бас прокуратура қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық істі зерделеу нәтижесі бойынша тергеу органының айыптау актісін бекіткенін мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
Қылмыстық іс Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына қарау үшін жолданған.
«Айыпталушылар ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы К.Қ.Мәсімов және ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары А.Т. Садықұлов мемлекетке опасыздық жасау (ҚК 175-бабының 1-бөлігі), билікті күшпен басып алу (ҚК 179-бабының 3-бөлігі), ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттіктерді өзіне және басқаларға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында асыра пайдалану (ҚК 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы) туралы баптар бойынша сотқа берілді», делінген Бас прокруратура таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Д.Е. Ерғожин да билікті күшпен басып алғаны (ҚК 179-бабының 3-бөлігі), ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билік пен лауазымдық өкілеттіктерді өзіне және басқаларға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында асыра пайдаланғаны үшін ҚК 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша айыпталып жатыр.
Айыпталушылар қатарында ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары М.С. Осипов пен ҰҚК департамент бастығының бұрынғы орынбасары Д.М. Акипов, және ҰҚК-ның бұрынғы басқарма бастығы Н.К. Бекмурат та бар. Оларға қылмыстық кодекстің 362-бабының әртүрлі бөліктері бойынша айып тағылған.
Айта кетейік, қылмыстық іс «өте құпия» белгісімен тергелген және сотпен де осы тәртіпте қаралатын болады.