• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Спорт 07 Қараша, 2022

Бәсімізді асырған бес алтын

249 рет
көрсетілді

Таразда еркін күрестен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты 110 жылдық мерейтойына арналған халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Біріккен күрес әлемінің (UWW) бағдарламасына енген жарыстың биылғы жүлде қоры 70 000 АҚШ долларын құрады. Ең қуаныштысы, Әулиеата топырағында Қазақстанның балуандары табысты өнер көрсетіп, 5 алтын, 6 күміс және 13 қола медаль жеңіп алды. Барлығы – 24 жүлде!

Көпшілік тағатсыздана күткен бәсекелер 125 кило салмақ дәрежесінде өтті. Финалда еліміздің екі бірдей белді балуаны өзара күш сынасты. Олар – ақтөбелік Юсуп Батырмұрзаев пен тараздық Әлішер Ерғали. Бұған дейін екеуі де 23 жастағылар арасында өткен әлем біріншіліктерінде жүлдегерлер санатынан көрініп, жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы жарыстарда оза шапты. Одан бөлек, 26 жастағы Юсуп Токио Олимпиадасына қатысып, Азия чемпионы атанды. 23 жастағы Әлішер құрлықтың басты додасында екі рет финалда күрессе, екі рет қолаға қол созды. Соңғы кездері екеуінің жолы бірнеше мәрте қиысып, барлығында Ерғали жеңіске жеткен еді. Бұл жолы да дәл солай болды. Тараздағы турнирде жергілікті спортшы Батырмұрзаевтан 7:1 есебімен басым түсті.

74 кило салмақта Нұрқожа Қайпановтың теңдессіз өнеріне тамсандық. Әлем чемпионатының қола жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы деген атағы бар қандасымыз финалда Мажарстанның атынан сынға түскен дағыстандық Мурад Курамагомедовті қапы қалдырды. 86 кило салмақтағы Азамат Дәулетбеков бұл жолы да өз жанкүйерлерін қуантты. Осыдан бірер ай бұрын ғана ол Белградта өткен әлем чемпионатында қазақстандық еркін күрес шеберлері арасынан жалғыз өзі жүлде алған еді. Семей өңірінің тума­сы осы жарыста алдына жан салмады. Азамат ақтық айқаста өзінің командалық әріптесі Бекзат Жұманәлиді жеңді. Сол секілді Мейрамбек Қартбай (57 кило) мен Дәулет Ергеш (79 кило) те қарсылас шыдатпай, бас жүлдені қанжығасына байлады.

Ал өзге салмақ дәрежелерінде мына балуандар жеңімпаз атанды: 61 кило – Тайырбек Жұмашбек (Қырғызстан), 65 кило – Тумур Очир-Тулга (Моңғолия), 70 кило – Ерназар Ақматалиев (Қырғызстан), 92 кило – Магомед Шарипов (Бахрейн) және 97 кило – Ахмед Тажудинов (Бахрейн).