Astana Hub халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі TikTok-пен бірлесіп, отандық стартаптар үшін TikTok Startup академиясының алғашқы білім беру бағдарламасын іске қосты. Академия аясында стартаптың 218 өкілі платформада жетістікке жетуді және қоғамдастықтың назарын өз өнімдеріне аударуды үйренеді. TikTok Startup академиясының ең үздік студенттері 10 мың долларға дейінгі гранттарға ие болады.
Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық IT-стартаптар технопаркі саналатын Astana Hub пен TikTok қысқа бейнероликтер жасауға арналған жетекші платформа Digital Bridge 2022 шеңберінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Іле олар TikTok Startup академиясы стартаптары үшін эксклюзивті білім беру бағдарламасын іске қосты. Платформа мен технопаркті инновацияға және бизнеске көмектесуге деген ұмтылыс біріктіріп отыр. Академияның міндеті – стартаптарға жаңа өсу нүктелерін табуға, сарапшылардан бірегей білім алуға және TikTok платформасының мүмкіндіктерін ашуға көмектесу.
Бағдарламаға қатысуға Fintech, E-com, Games&Apps, Foodtech, Edtech, Entertainment, Health&Wellness және басқа да салалардан технологиялық стартаптардың өкілдері шақырылды. Өтінімдерді қабылдау қазан айының соңында ашылды және іріктеу нәтижесінде 218 стартап білім беру курсына қол жеткізе алады. Вебинарлар 31 қазаннан бастап өтіп жатыр. Ал емтиханды сәтті тапсырған алғашқы жиырма қатысушы 9 және 10 қарашада Астанадағы офлайн-воркшоптарға барады.
– Білім бағдарламасы – Digital Bridge 2022 форумы аясында қол қойылған Astana Hub пен TikTok арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумның жемісі. Бағдарламаға қатысушылардың арасында Documentolog, Mitwork, Aviata, EasyTap, iDos Games сияқты командалар, сондай-ақ жаңа бастап жатқан және тәжірибелі бірқатар отандық стартап бар. Бұл орайда нарықтың TikTok платформасындағы маркетинг белсенділігін дамытуға ұмтылып жатқанын көруге болады. Astana Hub пен TikTok серіктестігі қазақстандық ІТ-экожүйені танытуға үлес қосып, елімізге ІТ-компанияларды тартуға жағдай жасайды деген үміттемін, – дейді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.
TikTok-тың Шығыс Еуропадағы бас директоры Анастасия Панина атап өткендей, TikTok StartUp академиясы аясында кәсіпкерлерге жаңа білім алуға және TikTok пен Astana Hub үздік сарапшыларының тәлімгерлігімен жаңа биіктерге жетуге жол ашылмақ. Ал үздік қатысушыларға арналған гранттар оларға өздерінің идеяларын іске асыруға мүмкіндік береді.
Академияның барлық стартап студенттері біршама игілікке қол жеткізе алады. Мәселен, артықшылықтың бірі – TikTok for Business командасының менторшипі. Онда науқанды нөлден бастап толық пысықтау кіреді. Бірегей білім беру мазмұны, жетекші бейне платформаның сараптамасы және тиімді науқандарды қалай бастау керегін үйрену мүмкіндігі ұсынылады. Сарапшылар чат арқылы қолдау көрсетіп отырады.
Оқыту қорытындысы бойынша үздік жобалар TikTok-та 10 мың долларға дейін танымал болу гранттарын алады. Олар бұл сыйлығын TikTok-тағы маркетингтік науқандарға жұмсай алады. Еске сала кетейік, TikTok дегеніміз – қысқа бейнелер жасауға арналған жетекші қосымша. Ал Astana Hub – қазақстандық және шетелдік ІТ-компаниялардың дамуына жағдай жасап отырған халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі.