Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы университеттің базасында әлемдегі жетекші зерттеу университеттерінің бірі Heriot-Watt оқу орнының филиалы ашылады. Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары білім беру жүйесін экономиканың сұраныстарына сай қайта форматтау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында, оның ішінде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жолымен іске аспақ.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Heriot-Watt университетінің басшыларымен кездесті. Кездесу аясында британдық жоғары оқу орнының Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетімен серіктестігі талқыланды. Бұл туралы аталған министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Келісім бойынша Heriot-Watt университеті Жұбанов университетінің базасында үш бакалавриат – «Мұнай-газ ісі», «Электронергетика», «Компьютерлік инженерия» деңгейіндегі білім беру бағдарламасын, сондай-ақ «Өнеркәсіп менеджменті» мамандығы бойынша магистратура бағдарламасын ашады. Бұл мамандықтар өңірдің сұранысына қарай таңдалып отыр.
«Жоғары оқу орындарының арасындағы серіктестік отандық техникалық және IT мамандарды бірлесе даярлауға бағытталған. Оқуды аяқтаған студенттерге Heriot-Watt университеті мен Жұбанов университетінің қос дипломы беріледі. Бұл мамандықтар ұлыбританиялық стандарт бойынша оқытылып, Heriot-Watt университеті бақылайды. Талапкерлерді қабылдау келесі оқу жылында басталады», деді С.Нұрбек.
Британдық университеттің өкілі Жұбанов университетімен ынтымақтастықты дамыту туралы жоспарларымен бөлісті. Екі оқу орны арасында академиялық ұтқырлық бағдарламалары белсенді дамымақ.
Heriot-Watt университеті – 1821 жылы негізі қаланған әлемдегі жетекші зерттеу университеттердің бірі. Математика, химия инженериясы, құрылыс, электр техникасы және мұнай-газ ісі пәндері бойынша әлемдік QS рейтингінде үздік 300 университеттің қатарына кіреді.